РУХАНИ ЖАҢҒЫРУМәдениетРуханиятТағдыр

Асыл әжем, ғасыр әжем, аңсаған

…Сағынышым сары ормандай самсаған,

Әке болып жүргенімді ұмытып

Әлі күнге еркелеймін мен саған.

Осы бір тамаша өлең жолдары дәл осы Күлсара әжемізге арналып жазылғандай. Бүгін тоқсанның төріне шығып отырған қарияның ғасырға жуық өмірінде жоқтық пен тоқтық та, қуаныш пен қайғы да қатар жүрді. Тек ертеңгі күнге деген үміт пен ұрпағының амандығына, ел-жұртының тыныштығына деген ақжарма тілегі мен ақ батасының арқасында ақ жаулықты анамыз мойымай,  бүгінгі торқалы тойына жеткені анық.

Күлсара  әжеміз 1931 жылы он бесінші мамырда Ұлан ауданы Жоғары Тайынты ауылында дүниеге келіпті. Бір қарағанда, казақтың қарапайым ғана ақ кимешекті анасы. Атақ-дәрежесі, асқан дәулеті жоқ.  Ақсақалы Тұрсынбек Кожбанов ата  екеуінің бар даңқы да, тапқан байлықтары да – ұрпақтары. Күлсара апа бүгінде он немере мен он шөберенің  ардақты әжесі. «Алтын алқа», «Ана даңқы» орденінің, «Ана даңқы» медалінің иегері, тыл ардагері, Жеңістің 50, 60, 65, 70,75 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған.

 Қария әлі де тың екен, бізге майда қоңыр дауысымен ғұмырнамасынан сыр шертіп отыр. «Өткен күнде белгі жоқ» десек те, соғыс жылдарына тұспа-тұс келген балалық шағында көрген қиыншылығы, он құрсақ көтергенімен, үшеуінен сәби кезінде айырылып қалған қайғысы, елу жыл отасқан ақсақалы Тұрсынбек атаның осыдан жиырма жыл бұрын бақилық болып кеткені, бәрі-бәрі жүрегінде әлі де қатпар-қатпар мұң болып жатыр.

-Соғыс басталғанда мен он жастағы баламын, әкем майданнан оралмады. «Харьков деген жерде тұрмыз, жаңбыр жауып тұр, ертең шайқасқа кіреміз» деген соңғы хатын да жоғалтып алдық. Сүйегінің қай жерде қалғанын да білмейміз, – деп күрсінді әжеміз.

Есінде, шешесі мен үлкен ағатайы күні-түні жұмыста, «Барлығы майдан үшін!» деген жалынды ұранмен еңбектенеді. Ауылда алтыншы сыныпқа дейін мектеп бар еді, сабағын да оқиды, үй шаруасын да тап-тұйнақтай етеді. Бұғанағы әлі қатпаған жасөспірім қыз соғыс кезінде кой сауып, үлкендермен брынза да жасапты. Шамасы жетпегендіктен, сүтті жарты шелектеп таситын.  Күні бойы үйде  бауыры екеуі қалады. Тағы бір бауырын нағашысы алып кетіпті. Қыс кезінде ауылға ит-құс әуес. Бірде құтырған бір қасқыр фермаға түсіп, малды жайратып кетіп жүреді. Сонда жұмыстан жай келетін шешесі «далаға шықсаң, майқарағайды тіліп, от жағып, алып шық» деп үйретеді. Бірде түнде ит абалаған соң, дәл солай  от алып шығады. Көз алдында итін жайратып салған арландар отты көргенде, тұра қашады.  Ертеңінде барып қараса, қан да жоқ, сүйек те жоқ, қасқырлар жылан жалағандай жалмап кеткен, тек итінің жерге шаншылған құйрығын ғана көреді.

  • Қиын кез еді. Ер-азаматтар соғыста. Ауылда кәрі-құртаң мен әйелдер ғана. Кейде шешем «Мына шұлықты кешке дейін тоқып қой, ертең майданға посылка кетеді» деп тапсырма беріп кетеді. Шұлық, биялай, сұқ саусағы бөлек қолғап тоқимыз. Қолдағы бар жылы киімді, жылы-жұмсақты жаумен күресіп жатқан майдангерлерге жолдаймыз. Одан кейін екі жыл көрші Еңбек ауылына жаяу-жалпы қатынап оқыдым. Ол жерде нағашым тұратын, майданнан екі аяғынан айырылып келген.  Сосын  тоғызыншы сыныпқа Жамбыл мектебіне бардым, – деп тағы да өткен күндеріне оралды әжеміз. – Интернатта бір бөлмеде сегіз қыз тұрдық, темір төсекке екі-екі қыздан жатып, ұйықтаймыз.  Қарнымыз ашады. Бір шақпақ қант қолымызға тисе, қарық болып қаламыз. Ол кезде от жағады, қарнымыз ашқанда терезеге қатқан қырауды тырнап, аузымызға саламыз, сол мұз да бізге нәр болатын.

Содан тоғызыншы сыныптың жартысын оқығаннан кейін, каникулға ауылына қайтады. Ол кезде бүгінгідей зулап жатқан көлік жоқ,  балаларды ат, сиырға мінгестіріп, алып қайтады. Күлсара одан кейін қайтіп оқуға бармай, үйде шешесіне қолқабыс болып қалады. Содан бір жылдан соң, 1949 жылы өз ауылының жігіті Тұрсынбекке тұрмысқа шығады.

-Қазір ойлаймын. Сонда оқуымды бітіріп шықсам да болады ғой тұрмысқа?! Математика пәнін керемет жақсы көретінмін, математик болар едім, – деп әжеміз ойындағы орындалмаған арманын да айтып жатыр.

Адам ұрпағымен мың жасайды

        Соғыстың кесірінен жоғары білім алмаған Тұрсынбек ата мен Күлсара әжеміздің армандары бүгінде ұрпақтары арқылы жүзеге асып жатыр. Әсіресе анамыздың білімге деген құштарлығы балалары мен немерелеріне, шөберелеріне айнымай дарыған сияқты.

  Алтын құрсақты әжеміз бен Тұрсынбек ақсақалдан тараған жеті баланың барлығы жоғары білім алған, өнегелі болып өсті. Үздік оқыған ұлдарының біріне кеңес кезіндегі тек озат оқушыларға арналған Артек лагеріне жолдама беріліпті. Бұл шынында да облыс орталығынан 120 шақырым жерде орналасқан Ақтау сияқты шағын рудниктен шыққан оқушы үшін үлкен жетістік болатын. Қыздары Ботагөз  «Білім саласының үздігі», «Білім саласына еңбегі сіңген қызметкер» атақтарын иемденген ұлағатты ұстаз. Ботагөз Тұрсынбекқызы алғашқылардың бірі болып Лондонда тағылымдамадан өтіп, Лондондағы жоғары экономика  мектебінде оқу-білім беру үдерісін ұйымдастыру мәселелері бойынша өз тәжірибесімен бөліскен білікті маман. Қалған ұл-қыздары да әр салада жемісті қызмет атқарып жүр.

Ақсақалы өмір бойы рудникте жұмыста жүргенде жеті баланың тәрбиесі мен үй шаруасының барлық ауыртпалығы  Күлсара әжеміздің иығына түсіпті.

      -Анамыз бар өмірін отбасы мен бізге, балаларына арнады. Басқа отбасыларына қарағанда, шаруашылығымыз үлкен еді. Мал ұстадық, бақша салдық. Осының бәрін анамыз біз қолқанат болуға жарағанша жалғыз өзі атқарып келді. Рудникте істейтін әкеміздің  ауысым арасында малға жем-шөп әзірлеп, отын дайындауға ғана мұршасы келетін. Анам болса сонымен қатар келімді-кетімді қонағын күтетін, алаша тоқып, сырмақ басатын. Ісмер кісі, барлығымызға мерекелік костюмдер тігіп беретін. Қыстың ұзақ кештерінде ұршықпен жіп иіріп отырғаны көз алдымда. Көбінде майшаммен отырамыз. Ешқашан  анамыздың қабақ шытқанын, не дауысын көтергенін естігеніміз жоқ, – деп сөзге араласты қызы Айгүл.

Әжеміз жоғары білім алмаса да, ұлттық педагогикамыздың қыр-сырын ішкі түйсігімен жете меңгерген, соны бала тәрбиесінде ұтымды қолдана білген, туа біткен ұстаз десек, артық емес. Содан болар, немерелері мен шөберелері де бірінші кезекте әжелеріне келіп, ақылдасады. Тіпті жан баласына айтпаған құпияларымен де алдымен әжелерімен бөліседі. Әжесі мен атасының білімге деген талаптары жоғары екенін жастайынан түсінген немерелер мектепті «Алтын белгіге», университетті қызыл дипломға бітірген екен. Шетелдің үздік жоғары оқу орындарын аяқтағандары да, қос-қос диплом алғандары да  бар. Немерелері отбасылық құндылықтарды дәріптеп, халқымыздың мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарайды, әже-атасының атына кір келтірмеуге тырысады. Үлкен немересі Анар көптеген жылдар бойы әлемдік деңгейдегі топ-менеджер. Қазір отбасымен Сеулде жұмыс істейді, оған дейін үш жыл Малавиде (Африка) жұмыс істеген. Тағы бір немересі Берік орта  мектепті «Алтын белгіге» және  IT- университетін үздік бітірген, «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та магистратураны тәмамдаған. Қазір Форбс журналының қазақстандық нұсқасы бойынша еліміздің ең жас отыз кәсіпкерінің ішіне кіреді. Немересі Аян да мектепті Алтынмен бітірген. Жандос есімді немересі облыс орталығында отандық өнім шығарады, ал Тілеуі – әскери қызметші, экономиканың түрлі салаларын меңгерген немерелері де бар. Хасені энергетик әрі қолынан келмейтіні жоқ, қолы алтын шебер. Айман есімді немересі HR-generalist, халықаралық компанияда жұмыс істейді. Тағы екі кенже немерелері магистратураны тәмамдамақ биыл. Әсем Чехияда білім алған,  сол жақта халықаралық компанияда жұмыс істейді.  Мадинасы магистратурада оқи жүріп, университетте сабақ беруде. Ең кенже немересі Бауыржан бүгінде халықаралық IT университетінің бірінші курс студенті. Аталары рухани азыққа көбірек мән беріп, басқалар «бай бол, дәулетті бол» деп жатқанда, ұрпағына  үнемі «білімді болыңдар, қарақтарым, академик бол» деп батасын берген екен.

 

Күлсара әжеміз жылда Жеңіс мерекесі күні ұрпақтарымен ақсақалының басына барып, рухына тағзым етіп, мауқын басып қайтады. Биыл да сол дәстүрден жаңылмай, Тайынтыға барып, елу жылдан астам уақыт  отасқан қосағымен іштей сырласып,  туған жерінің саф ауасымен тыныстап, күш-қуат жинап қайтыпты.

       – Бұрынғы кезім болса, шетелдегі немерелеріме де барар едім, аяғы құрғыр келмей қалады. Тұңғыш немеремнен көрген тұңғыш шөберемнен шөпшек сүйсем, ендігі арманым – сол, – дейді қария.

«Арманыңыз орындалсын» дейміз біз де. Тағылымы мен парасаты мол, айналасына мейірім шуғын шашып, жан-жағына жылылық  сыйлап жүрген әжемізге «ғасыр тойыңызда жолығайық» деген тілек айтқымыз келеді.

Айна Ескенқызы

 

Осы айдарда

Back to top button