Экономика

Кәсіпкерлер қаржыдан кенделік көрмейді

Биылдан бастап «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің лизингке алған құрал-жабдықтары да субсидияланып, инновациялық жобалар жасап шығарған тұлғаларға үш миллион теңге көлемінде мемлекеттік грант беріледі. Президенттің тапсырмасына орай Үкімет шағын шаһарлардағы кәсіпкерлердің банктерден алған несиелерін субсидиялауды қазіргі 7 пайыздық мөлшерден 10 пайызға дейін көтеруді де жоспарлап отыр.

Кәсіпкерлер қаржыдан кенделік көрмейдіКеше Өскеменде Экономикалық даму және сауда министрлігі кәсіпкерлікті өркендету жөніндегі комитетінің төрағасы Қайрат Айтекеновтің, облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың, облыс кәсіпорындары басшылары мен өңірдегі бизнес қауымдастықтары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына толықтырулар енгізіліп, жетілдірілетіні айтылды.

Облыс Әкімінің орынбасары Ермек Көшербаевтың атап көрсеткеніндей, біздің облыс «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының экспорттық бағыттағы өнім өндіруші кәсіпкерлерін субсидияландыру бағыты бойынша бірінші орында келеді. Аймақ кәсіпорындарын бағдарламамен қамту деңгейі бойынша төртінші орында. Елімізде бір жарым жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл бағдарлама аясында Шығыс Қазақстандағы бірнеше ондаған өнеркәсіптік кәсіпорындар қайтадан өз қуатында жұмыс істеп, өндіріс қарқынын арттыруға, айналым қорын көбейтіп, жағдайларын жақсартуға мүмкіндік алды.

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Игорь Стексовтың айтуынша, осы уақыт ішінде облыс көлемінде бағдарламаға барлық төрт бағыт бойынша 1147 жоба қатыстырылып, соның 85-і тікелей өнім өндірумен айналысып жатқан өндірістерді қаржылай қолдауға бағытталған.

Кәсіпкерлердің алған несиелерін субсидиялау бойынша өткен жылы бір миллиардтан астам қаржы игеріліп, бірнеше кәсіпкер Германия, АҚШ елдерінің кәсіпорындарында болып, тәжірибе жинақтап қайтқан. Өскемен, Семей қалалары мен Зырян, Глубокое аудандарының кәсіпорындары «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына белсене қатысып келеді. Ал, екінші деңгейдегі «БТА», «Халықтық банк», «Центр кредит» банктері өзгелерге қарағанда кәсіпкерлік субъектілеріне несие беруге ынталы болып, олармен тығыз байланыста жұмыс істеп жатқан көрінеді.

Кеңесте облыс кәсіпорындары басшылары мен өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға жауап берген Экономикалық даму және сауда министрлігі кәсіпкерлікті өркендету комитетінің төрағасы Қайрат Айтекенов Үкіметтің арнайы қаулысы бойынша енді 20 миллион теңгеге дейін несие алатын кәсіпкерге мемлекет тарапынан қажетті кепілдіктің 70 пайызы мөлшерінде мемлекеттік кепілдеме қойылатынын жеткізіп, елімізде кәсіпкерлер үшін, соның ішінде шағын қалалардың кәсіпкерлері үшін аса қолайлы жағдай туғызылып, қаржылай көмек көрсетілетінін баяндады.

– Елбасының алға қойып отырған тапсырмасы да бизнеске қолайлы жағдай туғызып, ел экономикасының басты буыны болып саналатын кәсіпкерлікті өркендету. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамытуға орай туғызылып отырған мүмкіндіктерді жіберіп алмай, оған белсене қатысу қажет. Бағдарламаларға қатысқан жобалардың 49 пайызын қайта өңдеу кәсіпорындары құраса, 20 пайызын әлеуметтік сала алып отыр. Алдағы уақытта бағдарламаға осы соңғы саланың өкілдерін көбірек тартуды көздеп отырмыз, – деді кеңесті қорытындылаған комитет төрағасы.

Бүгін комитет төрағасы Зырян қаласының кәсіпкерлерімен де кездеседі.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button