Қоғам

Күршімнен «сәлемдеме» келді

Күршімнен «сәлемдеме» келді


Өткен сенбі күні Өскемендегі «Fresh Market» дүкенінің аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерінің кезекті жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы облыс орталығының тұрғындары мен қонақтары Ертісті жүзіп өтіп келген күршімдіктердің ырысына кенелді.

Қыр астында қыстың ызғары сезілгендіктен бе, әлде ала жаздай шаруалар қалаға ат басын бұрмағандықтан сусап қалғаны ма, білмедік, әйтеуір, шаһар жұрты күзбен бірге қайта оралған жәрмеңкенің бірін де құр жібермеуге тырысып-ақ жатыр. Ауылдан жеткен «сәлемдемені» құлқын сәріден ханталапайға салып, бесін уақыты кірмей тып-типыл қылатын алармандар күршімдік шаруалардың да қоржынын жылдам босатты. Өскеменге бұл ауданнан жалпы салмағы 10 тонна ет, оның ішінде 4,5 тонна қойдың, екі тонна жылқының, 3,5 тонна Зеңгі баба түлігінің етін әкеліпті. Одан бөлек 3,5 тонна балығы бар.

Сонымен қоса, құрт, май, ірімшік, кілегей, сүт, бал жеткізілді. Жәрмеңкеге ауданның барлық 12 округінен шаруалар қатысып, өз өнімдерін саудалады. Мұндағы өнімдердің бағасы базардағыдан 15 пайызға арзан, сондықтан да сатып алушылардың қарасы көп болды, деген Күршім аудандық ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандар сөз арасында атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етті.

Мамандардың айтуынша, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулардың арқасында қазіргі күні ауданда 38 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, оған 893 адам мүше болып тіркелген. Бұл кооперативтерге мемлекеттен 60 млн.-нан астам теңге жеңілдетілген несие беріліпті. Сондай-ақ 190 млн. теңге көлемінде субсидия берілген.

Өскемендіктерді арзан әрі құнарлы азық-түлікпен қамтамасыз еткен жәрмеңке соңы Күршім ауданы көркемөнерпаздарының тамаша концертіне ұласты.

Қуан Сейіт

Осы айдарда

Back to top button