Қоғам

Күршімге көпір салуға үнділер ниет білдірді

Күршімге көпір салуға үнділер ниет білдірді


Бұқтырма су қоймасының үстінен салынатын көпірдің құрылысына қатысуға үнділер де мүдделі. Бұл жөнінде облыс әкімі Даниал Ахметов пен «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясының басшылығы арасында өткен кездесу барысында белгілі болды.

Үндістандық компанияның директоры Гоудхама Будхар Рамамуртидің айтуынша, олар мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында Шығыс Қазақстандағы бірнеше нысанның құрылыс жұмысын жүргізуге қызығушылық танытып отыр. Оның ішінде атап айтқанда, Өскемен қаласындағы Ертіс өзені арқылы өтетін (Виноградов көшесі мен Өскемен-Таврия тасжолын жалғайтын) көпір, облыс орталығындағы 300 орындық көпсалалы аурухана мен Семей қаласындағы 200 орынға шақталған аурухананың және де жоғарыда айтылған Бұқтырма көпірінің құрылыстары да бар. Бұл мақсатқа Үндістанның «Exim Bank» атты қаржы ұйымының қаражаты жұмсалмақ.

– Жалпы, «Shapoorji Pallonji» (Шапурджи Паллонджи) компаниясының 150 жылдық тарихы бар және осы уақыт ішінде біздің компанияға қатысты бірде-бір дау-дамай болмаған. Бүгінге дейін біздің құрылысшылар әлемнің 60-тан астам еліндегі ауқымды жобаларды жүзеге асыруға қатысқан. Енді сіздердің мемлекеттеріңізбен, Шығыс Қазақстан облысымен әріптес болуға мүдделіміз, – деген шетелдік алпауыт компанияның еліміздегі ресми өкілі Гоудхама Будхар Рамамурти «Шапурджи Паллонджидің» жылдық айналымы 4,5 миллиард АҚШ долларын құрайтынын да айтып өтті.

Күршімге көпір салуға үнділер ниет білдірді

Кездесу барысында Гоудхама Будхар Рамамурти мырза облыс әкімі Даниал Ахметовті Үндістан, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Шри-Ланка сияқты елдердегі сәтті жүзеге асқан жобалармен кеңірек таныстырды.

– Бүгінде кейбір жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалық-сметалық құжаттамасы әзір. Яғни, құрылыс жүргізуге еш кедергі жоқ. Егер компанияларыңыз бұл жобаларға қатысуға шын мәнінде дайын болса, онда сіздерге өз тарапымыздан қолдан келген көмекті көрсететін боламыз. Дегенмен, алдымен ұсынылған жобалармен тағы бір мәрте мұқият танысып шығыңыздар. Жалпы, компанияларыңыз беделді екенін байқадым. Ең бастысы, сіздер денсаулық сақтау саласына қатысты көптеген ірі жобаны жүзеге асыруға қатысыпсыздар. Бізге осы жағы да қызықты. Себебі, алдағы уақытта облысымызда дәл осындай екі жоба қолға алынуы тиіс. Шарттары қанағаттандырса, оларға да қатыса аласыздар, – деген аймақ басшысы өзінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа бұл бағыттағы жұмысты пысықтау жөнінде тиісті міндет жүктеді.

Кездесуде белгілі болғандай, үндістандық компания өзге мемлекеттер аумағындағы құрылыс жұмыстарына тек қана жергілікті жердің мамандарын тартып, сол елде өндірілген құрылыс материалдарын қолданады екен.

Келіссөздер соңынан облыс әкімдігі мен «Shapoorji Pallonji Kazakhstan» компаниясы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button