Қоғам

Күрделі оталарды да жасай береді

Күрделі оталарды да жасай береді


Семей мемлекеттік медициа университетінде жоғары технологиялық қызмет түрлерін енгізу сәтті іске асуда. Жоғары оқу орнының медицина орталығында еліміздің жетекші кардиохиругтарының қатысуымен шеберлік сағаты өткізілді.

Бірегей технология бойынша өткен шеберлік сағатты республиканың бас аритмологы Аян Абдрахманов жүргізді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі бүгінгі күні әлемде, оның ішінде Қазақстанда да жүрек аритмиясы дерті дендеп бара жатқанын айтады. Отандық дәрігерлер жүрек ырғағының бұзылуы инсультке әкеп соқтыратынын жасырмайды. Ал аритмияны емдеу арқылы көптеген жүрек-қантамыр ауруларын азайтуға болады, дейді білікті маман.

-Бұл операциялар осы өңірде бірінші рет жасалып отыр. Орталықтың жабдықталуы көңілден шығады. Әсіресе, фнгиограф аппараты күрделі оталарды жасауда таптырмас құрал. Жергілікті мамандардың да тәжірибесі мол. Міне, алғашқы қадам жасап, осындай операцияларды бастап отырмыз, – деген оймен бөлісті операция алдында Аян Сүлейменұлы.

Айта кету керек, медициналық орталықтағы рентгенэндоваскулярлық зертхана 2013 жылы ашылған болатын. Содан бері 6500 ота жасалыпты. Мұндағы заманауи ангиограф қондырғысы көптеген дерттерді емдеуге мүмкіндік береді. Мәселен, семейлік ақ халаттылар жүрек-қантамыр ауруларынан бөлек, бас, ми аневризм эмблолизациясы және бүйрек күретамырларын жүйкесіздендіру секілді ауруларға сәтті ота жүргізіп келеді екен.

-Жүрек аритмиясын емдеу үшін енді шығысқазақстандықтарға Қазқстанның орталық госпитальдеріне барудың қажеті жоқ. Бұл ауру түрлерін біздің қаламызда да емдеуге болады. Өкініштісі, аталмыш дерт жыл санап өсіп, жасарып келеді. Егерде бұрын онымен алпыстан асқан егде адамдар ауырса, қазіргі уақытта 40-50 жас шамасындағы адамдар да шалдығып жатады. Мұны адамдардың күйзеліске ұшырауы, гипертониялық сырқаттар мен аз қозғалысты өмір салтымен байланыстыруға болады. Жүрек фибриляциясымен науқастанған адамдар біздің орталыққа хабарласуларына болады. Осы ретте барлық жоғары технологиялық оталар медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тегін жасалатынын айта кетейік, – деді университеттің медициналық орталығының рентгенэндоваскулярлық зертхана меңгерушісі Ерсін Сәбитов.

Шеберлік сағаты барысында бес науқасқа тың әдіспен ота жасалды. Шет мемлекеттерде отаның мұндай түрі шамамен 2,5 млн. теңге тұрады. Орталықта дертіне дауа тапқан жандардың бірі – Мақаншы ауылының тұрғыны Көшкенбай Тұрдыбаев. Жүрегі нашарлаған қарияны семейлік дәрігерлер лезде қабылдап, оған электрокардиостимулятор қондырғысын дер кезінде қойып берген. «Қазір жағдайым жақсы», – дейді ем қабылдаған азамат. – Жүрегім нашар болды. Ауылдағы дәрігерлер кардиологиялық орталыққа бар деп кеңес берді. Мені қолма-қол қабылдады. Барлық талдауларды осы жерден өттім. Кардиостимуляторды қойып берді. Қазір міне, жақсы жұмыс істеп тұр. Емдеуші дәрігерім – Асия Масалимова. Шындығын айтқанда, ризамын. Жұмыстарына табыс тілеймін, – деген жылы лебізін білдірді Мақаншы ауылының тұрғыны.

Мамандар қандай сырқат түрі болса да алдын алу шараларына аса мән беру керектігін айтады. Сол себепті салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға көңіл бөлген артық етпес дейді дәрігерлер.

Жақсылық Мұратқали
Семей.

Осы айдарда

Back to top button