Денсаулық сақтау

Өкпе дертіне шалдыққандар саны азайды

Өкпе дертіне шалдыққандар саны азайды


Туберкулез. Өкпе дерті. Тек медициналық қана емес, сонымен қатар әлеуметтік себебі бар осы ауруды жою бағытында не істеліп жатыр? Облыстық әкімдіктің жиынында осы мәселе жеке қаралды.

Саннан сапаға көше бастадық

Өткен жылы облыстағы туберкулезге қарсы қызмет саласында вертикальды ынтымақтастандыру шарасы жүрген болатын. Оның нәтижесінде қуаты төмен әрі инфекциялық бақылау талаптарына сай келмейтін екі туберкулезге қарсы аурухана жабылған-ды. Сонымен бірге, 215 жұмыс істемейтін төсек-орын оңтайландырылған. Үнемделген қаражат науқастардың тамағын жақсартуға, дәрі-дәрмек алуға, туберкулезге қарсы кабинеттер ашуға жұмсалыпты. Бастапқы медициналық-санитарлық жәрдем көрсету саласында да өзгерістер орын алып, олардағы 24 кабинет аудандық және ауданаралық ауруханаларға көшірілген. Ал биыл сот шешімімен санитарлық нормаларға сәйкес емес деген себеппен Риддер қаласындағы туберкулезге қарсы аурухана жабылды. Мұның бәрі саннан сапаға көшу мақсатында жасалды. Нәтижесінде соңғы бес жылда өкпе дерті 50,9 пайызға төмендеп отыр. Яғни 100 мың тұрғынға шаққанда бұрын 101 дерек тіркелсе, қазір 49 дерек тіркеледі. Бұл республикалық көрсеткіштен 6,7 пайызға төмен.

– Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан Ұлттық стратегияда жоспарланған межеге жетті. Осы жылдың алғашқы жартысында туберкулезбен ауру көрсеткіші тағы үш пайызға кеми түскен. Ақырғы бес жыл көлеміндегі туберкулез дертінен көз жұмғандар саны 69 пайызға төмендеді, десек те ол еліміздегі көрсеткіштен 14 пайызға жоғары болып отыр. Осы жылдың алғашқы алты айында өкпе дертінен қайтыс болғандар саны 17,6 пайызға өскен, бұл темір тордың арғы жағындағы өлім-жітімге байланысты. Түзеу мекемелерінде осы көрсеткіш биыл 2,1 пайызға күрт көтерілген болатын, – деп түсіндірді жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Еліміз өкпе дертімен ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Осы бағытта жұмсалатын қаржы да аз емес. Нәтиже де бар. Десек те, ауруды толық жою мүмкін болмай отыр.

Егер облыс аудан-қалаларын алып қарасақ, Кох таяқшасын жұқтырғандардың қарасы облыстық деңгейден Өскемен, Семей қалалары мен Зырян, Жарма және Глубокое аудандарында көп. Өкпе дертінен болған өлім Өскемен қаласында, Зырян, Глубокое, Бородулиха, Көкпекті, Тарбағатай және Шемонайха аудандарында жиі тіркелеген. 17 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің арасында аталмыш дерт 16,3 пайызға қысқарса да, Тарбағатай мен Жарма аудандарында ауру деректері көп тіркеледі екен.

Науқастардың 80 пайызына әлеуметтік көмек көрсетілді

– Туберкулезді жоюдың ең басты жолы – оның алдын алу, ауруды алғашқы кезеңінде емдеу. Осы орайда биыл облыста 356 041 адам флюрографиялық әдіспен тексеруден өткен. Өткен жылдың алғашқы кезеңімен салыстырғанда бұл 16 мың адамға көп. Осының арқасында туберкулезді ерте анықтау көрсеткіші өсіп отыр, – дейді сала мамандары. Әсіресе, түзеу мекемелерінде, медициналық-әлеуметтік мекемелерде флюрографиялық тексеру барынша ауқымды жүргізілген. Контингенттің 99,6 пайызы қамтылыпты.

Қазіргі кезде күштеп емдеуден жалтарып жүрген адамдарды іздестіру шаралары жүргізілуде. Ондай санаттағы азаматтар саны – 37.

Науқас жандарға әлеуметтік көмек көрсету де ауруды болдырмауға, оның таралмауына сеп. Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдар тарапынан 625 ауру адамға жалпы сомасы 27 миллион 406 мың теңгенің жәрдемі көрсетілген. Бұл көмекке зәру науқастардың – 80 пайызы.

Ведомство басшысы есебінде бірқатар проблемалық мәселелерді алға тартты. Оның бастысы – облыстық туберкулезге қарсы диспансердің әлсіз материалдық-техникалық базасы. Аталмыш мекеме жаңа ғимаратты қажет етеді. Оның құрылысы алғашында 350 орынға жобаланған болатын. Бірақ мамандар облыстағы жағдайды саралай келе 350 орынның көп екенін анықтаған. Осыған байланысты қазір төсек санын 200-ге дейін қысқарту жөнінде шешім қабылданып отыр. Мамандар бұл осы санаттағы науқастарға сапалы қызмет көрсету үшін жеткілікті дейді.

Аурухананы алғашқыда Глубокое ауданында салу көзделген, бірақ қазір оны Ұлан ауданының Акимовка ауылына салған тиімді деп айтылып отыр. Мәселе қаралған жиынға төрелік еткен облыс әкімі тиісті қаржыны бөлу туралы тапсырма берді.

Ержан Әбіш

Осы айдарда

Back to top button