Аймақтар аухалы

Көшелер жарықтандырылып жатыр

Азамат Темірбеков

Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылын көркейтуге бағытталған жұмыстар қызу жүргізілуде.

Аудан болып қайта құрылған Тарбағатай ауданының орталығы Ақжар ауылында елді мекенді абаттандыруға, инфрақұрылымын жаңартып, жергілікті халыққа жайлы етуге бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бұл жұмыстар әсіресе, соңғы бірнеше айдың ішінде, яғни, Ақжар ауылының аудан орталығы мәртебесін қайта алған соң қыза түскені белгілі.

Мұнда ауыл көшелерін қалпына келтірумен қатар, оларды жарықтандыруға бағытталған жұмыстар да қолға алынған. Аудан әкімдігінің хабарлауынша, дәл қазіргі уақытта Ақжар ауылының жарықтандырылмаған 17 көшесінде жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сонымен қатар, осы жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігерге қосымша жоспардан тыс Ақжар ауылындағы негізгі әрі ең ұзын көше саналатын Байжігіт көшесінің орта тұсы мен Тұрар Рысқұлов көшесінің аяқталар тұсына энергия үнемдегіш жарық шамдар орнату жайында тапсырма беріліп, жұмыстар орындалуда.

Жалпы, жарық шамдарын орнату жұмыстары аудан орталығында мұнымен аяқталып қалмайтын сыңайлы. Сонымен қатар, алдағы уақытта ауыл ішіндегі Жамбыл, Сансызбай, Дәулетбай көшелерінде орналасқан бағаналардағы жарық шамдары ауыстыру жоспарланған. Оған қоса, аталған көшелердегі жарық бағандарына сырлау жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілмек.

Осы айдарда

Back to top button