Білім

Колледж қожалықтарды кадрлармен қамтып отыр

Колледж қожалықтарды кадрлармен қамтып отыр


Үржар колледжі коммуналдық мемлекеттік лицейі – аудандағы 1960 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан техникалық базасы ең мықты үлкен оқу орны.

– Лицейді былтыр 101-ге жуық оқушы бітірді, – дейді оның директоры Қанағат Шарахметов. – Мұнда кәсіптік-техникалық мамандықтар бойынша кадрлар әзірленеді. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Қазір 166 оқушы бірнеше мамандық бойынша білім алуда. Біздің шәкірттерімізге сұраныс мол. «Ауыл шаруашылық шебері» тобында оқушылар көп. Сонымен қатар, аспаздар, дәнекерлеушілер, даяшылар, тракторшы-машинистер және «В», «С» санаттағы автомобиль жүргізушілерін даярлаймыз.

Колледжді бітірушілерге көбіне қожалықтар өтінім түсіреді екен. Шәкірттер келісім-шарт бойынша көктем, жаз айларында сол шаруашылықтарға жіберіліп, өндірістік тәжірибеден өтіп келеді.

Лицейдің 302 гектар суармалы алқабы және 670 гектар егістік жері бар. Оларға бидай, күнбағыс, картоп егілетін көрінеді. 11 гектар жерді алып жатқан бағы тағы бар. Жиналған жеміс-жидектер күзде сатылып, әжептеуір пайда қаратылады, одан түскен қаражат оқуға қажетті құрал-жабдықтарға жаратылады. Асхананы азық-түлікпен қамтамасыз етуге жұмсалады.

Оқу орынында шәкірттердің техниканы жақсы меңгеріп, үйренуіне мүмкіндік туғызу үшін біраз автомашина, трактор, Камаз, жеңіл көлік, комбайн, К-700 тракторлары пайдаланылады. Кейінгі жылдары үш МТЗ-82 тракторы және бір комбайн, ауыл шаруашылығына қажетті басқа да техника, құрал-жабдықтар сатып алынған. Оқушылардың тұрмысына жете көңіл бөлінеді. Жуықта жатақхананың төсек-орындары түгелдей жаңартылды.

– Колледжді әр жылдары бітіріп шыққан түлектер ауданның көптеген шаруашылықтарында жұмыс істеп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мақтаныш, – дейді Қанағат Маратұлы сөз арасында.

Оқуға балалар жинау бұрындары мектептермен келісім-шарт жасасу арқылы жүргізілетін. Ол дәстүр сақталған. Дегенмен, қазір жастардың көпшілігі тоғыз жылдықты бітірген соң өздері келетін болыпты. Өйткені, мұнда белгілі бір мамандықты меңгерумен бірге, орта білім туралы аттестат та алып шығады. Лицейде облыстың көптеген аудандарынан, тіпті, басқа аймақтардан да келіп, оқып жатқандар баршылық.

– Өкінішке қарай, елімізде біздің жұмысымызға қажетті техникалық оқулықтар өте аз шығарылады. Бізді қинап отырған мәселе осы. Спорт тауарлары да жеткіліксіз, – деп біраз мәселенің бетін ашты лицей басшысы, – шәкірттеріміз көбейіп келе жатқан соң, заман талабына сай компьютерлеріміз де жеткілікті болса дейміз. Үш интерактивті тақтамыз бар. Қазір солармен жұмыс істеудеміз.

Білім ұясында әскери даярлық сабағы тыңғылықты жүргізіледі екен. Түрлі апталықтар, кештер, шаралар жиі өткізіліп тұрады. Яғни, оқушыларға рухани тәрбие жүйелі түрде берілуде.

Облыс орталығынан шалғайда шама-шарқына қарай шаруа тындырып, білікті кадрлар даярлап келе жатқан оқу орнының өрісі жыл сайын кеңейе түсуде.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button