Денсаулық сақтау

Күніне он бес науқасты қабылдайды

Күніне он бес науқасты қабылдайды


Балалық арманы болашақ мамандығына жол салып, бұл күнде бір өзі он адамның жұмысын атқарып жүрген абзал жандар да бар.

Соның бірі – терапевт Гүлназ Нұрмадиева. Бүгінгі білікті маман алғашқы дәрігерлік білімінің негізін Алматы қаласындағы медициналық училищеде қалайды.

– Бала кезімде әкемнің жүрегі жиі ауыратын еді. Сол кісінің қиналғанын көріп, мектеп қабырғасында жүргенде-ақ дәрігер болуға бекіндім. Көкейімде «әкемді өзім емдеп, жазамын» деген риясыз бала арман әрдайым сайрап тұрды, – дейді Гүлназ.

Медучилищені үздік тәмамдап, туған топыраққа оралған жас түлектің Зайсан аудандық орталық ауруханасында «науқастармен бірге жылап, бірге күлген» алғашқы жұмыс күндері басталады.

– Бір күні ауыр жағдайда қарт ана оңаша палатаға түсті. Мен үшін алғашқы үлкен сынақ еді. Апталап қасынан шықпадым. Бірге жылап, бірге түнедім. Ай өткенде науқасым аяғынан тұрды. Туған-туысы мені іздеп келіп, алғысын білдірді. Мамандығымның бар қызығы мен қуанышы осында екенін сол сәтте түсіндім, деп сыр шертеді сол кездегі ауылдың жас маманы.

Аз уақытта тәжірибе жинақтаған жас мейірбике ауылдық әкімдіктен берілген жолдамамен жоғары оқу орнында білімін шыңдауға мүмкіндік алады. Ендігі сәтте Гүлназ реаниматология бөлімінде бағын сынап көреді. «Ауыр халдегі науқастарға ота жасау барысында күн-түнімен екі аяғымыздан тік тұрған кезіміз болды», – деп еске алады ол.

Гүлназ Нұрмадиева 2009 жылдан бастап Өскемен қалалық №2 емхананың қызметкері. Ғұмыр бойы жинаған білік-білімін осы жерде сарп етуде. Күндізгі стационардың дәрігер-терапевті қазіргі сәтте күніне 15 науқасты қабылдайды. Бұл – тәулік бойғы стационарлар көрсеткішінен асып жығылады.

– Алғаш жұмыс жылдарында айына 75 адамды емдеп шығаратын едік. Уақыт өте әріптестердің қажырлы еңбегінің жемісімен емхана тынысы кеңейді, – дейді дәрігер.

Гүлназ – осы жылғы екінші емхананың үздік дәрігері. Осындай жүлделерден кенде емес.

– Біздің мамандық мүлт кетуді кешірмейді. Қатарымызға қосылып жатқан әр жас маманды шыңдау – міндетіміз. Бойымда қуат барда сүйікті ісімнен қол үзіп қалмаймын, – дейді елудің белесін әлдеқашан еңсеріп үлгерген еңбекқор емші.

Оразай Жеңісұлы
Өскемен

Осы айдарда

Back to top button