Денсаулық сақтау

Көкпектіде хоспис қоршалып жатыр

Қалай десек те құрт ауруы құрымай тұр. Жаман аурумен қанша алыссақ та жақсы нәтиженің ауылы әлі алыстау секілді. Рас, өткен жылдармен салыстырғанда Көкпекті ауданы бойынша құрт ауруының төмендегені байқалады. Бірақ тұрғындарды алаңдатып отырған тағы бір мәселе бар. Ол – туберкулездің асқынған түрімен ауыратындар ауруханасының дәл аудан орталығында орналасуы.

Көкпектіде хоспис қоршалып жатырБұл аурухана негізінде аудандағы туберкулезбен ауыратын сырқаттарды емдеу үшін 2002 жылы ашылған екен. Бірақ 2010 жылы облыстың денсаулық саласының басында отырған басшылар басқадай шешім қабылдапты. Сөйтіп, сол жылдан бастап бұл жер хосписке айналған. Өскемен, Семей қалалары мен өңірдің өзге де аудандарындағы жағдайы ауыр жандар осында ауыстырылады. Қазіргі күні мұнда облыстың әр өңірінен құрт ауруының асқынған түрімен ауыратын 26 адам жатқан көрінеді. Оларға небәрі үш дәрігер қызмет көрсетіп келеді.

Әрине, құрт ауруын жұқтырғандарды емдейтін аурухананың дәл аудан орталығында орналасуына тұрғындар әуел бастан-ақ қарсы болады. Оның үстіне сыртында қоршауы жоқ ауруханадағы сырқаттардың аудан орталығында тайраңдап, емін-еркін жүруі де жұртшылықтың наразылығын тудырады. Тұрғындардың сақтануы әбден орынды. Өйткені, бұл хосписте жатқандар құрт ауруының ашық түрімен ауыратынын әсте естен шығармау қажет. Көкпектіліктер олардың өз аяқтарымен орталықтағы асханаға, дүкенге барып жүргендерін әлденеше рет көріп, куә болыпты. Бұл жағдайға облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ өзі жақсы қанық. Медицина қызметкерлерімен өткен жиынның бірінде өңір басшысы жауапты адамдарға Көкпектідегі туберкулезге қарсы аурухананы тездетіп қоршауды қатаң тапсырған болатын. Осы жолы Көкпектіге барған сапарымызда біз осы ауруханаға арнайы соқтық.

– Қазіргі күні аурулар емін-еркін жүре алмайды. Бізде арнайы күзет қызметі бар. Екі күзетші сырқаттарды бақылауда ұстайды. Міне, аурухананың сыртын қоршау жұмыстары да басталып жатыр. Осы айдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз, – дейді бас дәрігердің міндетін атқарушы Бақытжан Ізғұттинов.

Хоспис болғандықтан, аурулар мұнда өмірінің соңғы күніне дейін болады. Бас дәрігердің міндетін атқарушы Бақытжан Ізғұттиновтың айтуынша, мұндағы аурулардың ең жасы 1988 жылғы болса, ең үлкені енді ғана алпысты алқымдаған жандар екен.

– Әдетте туберкулез әлеуметтік аурулардың санатынан саналады ғой. Десе де қазіргі күні халықтың әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Бір атап айтарым, біздің ауруларымыздың басым көпшілігі негізінде бұл сырқатты сонау тоқсаныншы жылдары жұқтырып алғандар. Ол кезде халықтың тұрмысы өте ауыр болды ғой. Ауруларымыздың арасында сол бір қиын жылдары түрмеде отырған адамдар да бар, – дейді ол.

Жалпы, ауруханада шешімін таппаған мәселелер де баршылық екен. Солардың бірі – көлік мәселесі. Аурухананың өзінің көлігі жоқ емес, бар. Бірақ өте ескі болғандықтан, оның жүргенінен тұрғаны көп. Сырқаттарды бір жерге апарып, алып келу бүгінгі күні дәрігерлерге айтарлықтай қиындық тудырып отырған көрінеді. «Осы көлік мәселесі шешілсе, жұмыс та жеңілдер еді» дейді Бақытжан Ізғұттинов. Сонымен қатар аурухананың Самар ауылында құрт ауруына қарсы кабинеті бар. Міне, осы кабинетке дәрігер маман қажет.

Хоспистің қоршалып жатқаны көкпектіліктерді сәл тыныштандырғанмен, көңілде әлі сейілмеген күмән көп. Жалпы тұрғындар биліктегілердің аты жаман аурудың ошағын басқа жаққа көшіргенін қалайды. Бірақ әзірге тұрғындардың осынау тілегіне құлақ асып жатқан ешкім жоқ. «Қайтеміз, сақтанамыз» дейді олар. Алла тағала да өз пендесіне «сақтансаң, сақтаймын» дейтін көрінеді ғой. Қазақтың небір асылдарын жалмаған көкірек ауруын жұқтырып, сан соғып қалмау үшін көкпектіліктердің сақтанғаннан басқа амалы да болмай отыр.

Мейрамтай Иманғали

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button