Қоғам

Кенішті кенттердіңекінші тынысы ашылмақ

Кенішті кенттердіңекінші тынысы ашылмақ


Ұлан ауданындағы Асубұлақ пен Огневка кенттері қайта жаңғыру мүмкіндігіне ие болып отыр. Екі жыл бұрын осы кенттерге инвесторлар келген-ді, олар Огневка байыту фабрикасын қайта құруға және тау-кен өндірісін түлетуге ниетті.

Кезінде дүркіреп тұрғаносы елді мекендер 90-шы жылдардағы жаппай тоқырау кезеңінде бір сәтте бұрынғы экономикалық қуатынан айырылып қалған болатын. Қала типіндегі алпауыт кент болғанАсубұлақта бүгінде шамамен 3 мың тұрғын қалған, ал Огневкада одан да аз, шамамен 500 адам тұрып жатыр. Жұмыс болмаған соң, халық та жоқ. Ал бұл – өмір сүру үшін қолайлы өңір, маңайдағы көркем таулар мен өзендердің өзі қаншалық?! Инвесторлар өнеркәсіпті жандандырып қана қоймай, осында халықты да оралтпақ ниетте.

Атап өтерлік жайт, Огневка байыту фабрикасын қалпына келтіру көзделуде.Мұнда «Огневкатау-кен байыту комбинаты» ЖШС Маролусов қалдық қоймасындағы шығарындыларды қайта өндеуді жоспарлап отыр. Өндіріске 8 миллион тонна техногенді минералды түзінділер дайын тұр. Олардың құрамында тантал, литий, қалайы, ниобий сияқты сирек металдар, жалпы саны 36 түрлі элементтер бар. Бұл жерде жылына 300 мың тоннаға шекті шикізатты өңдеу көзделіп отыр, ал кәсіпорынның түпкі өнімі ұжымдық концентрат болмақ. Жобаның тиімділігі айдан анық, өйткені,жақын маңдағы дәл осындай келесі кәсіпорын Ресейдің солтүстігінде орналасқан, ал сирек металдар тек қана қорғаныс саласында ғана емес, сонымен қатар заманауи сандық құрылғыларды жасауда да кеңінен қолданылады.

Іске әзірше тек 80 миллион теңге қаржы құйылған. Кәсіпкерлер мемлекеттік қолдау шаралары аясында екі миллиард теңге сомасындағы несиені күтіп отыр.
–Қазір біз Ресейдің Иркутск қаласындағы әріптестермен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың міндеті – заманауи тиімді технологияны әзірлеп шығу. Кезінде сол институт осындағы кәсіпорынға жетекшілік жасаған болатын, – дейді «Огневкатау-кен байыту комбинаты» ЖШС директорының орынбасары Серік Нұрғалиев.

Әзірге кәсіпорын инфрақұрылымын қалпына келтіру және қалдық қоймасы орнын геологиялық барлау жүріп жатыр. Бұл жұмыстардан өзге кәсіпорын теміржол стансасын, депоны, рельс бойындағы цехтарды қалпына келтірген. Серіктестіктің басқа мамандары Огневкадан 18 шақырым жердегі Асубұлақта орналасқан кішігірім тәжірибелік фабрикада мырыш өндірісінен қалған өзге минералды түзінділерді өңдеу үстінде. Себебі, ескі өндірістің нақ осы қалдықтары қоймадағы сирек металдардың үстіне көмілген.

Қазір кәсіпорында 70 адам еңбек етуде, фабрика іске қосылған соң оның өзіне ғана 200 маман қажет болады, оларды сырттан тартуға тура келеді. Қазірдің өзінде жергілікті әкімдікпен Асубұлақтағы бес қабатты үйлердің бірін жөндеп, оған фабрика жұмысшыларының отбасыларын орналастыру жөнінде келісім жасалып отыр.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button