Қоғам

Кенді Алтай металлургтерін марапаттады

Кенді Алтай металлургтерін марапаттады


Кенді Алтай жұрты шілденің үшінші жексенбісіне дөп келетін Металлургтер күнін тойлауды бастап кетті. Кеше «ҮМЗ» АҚ шымылдығын түрген мерекенің бірінші күнін «Восток» стадионында «Қазцинк» ЖШС ұйымдастырған думанды кеш түйіндеді. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ осынау абыройлы кәсіп иелерін төл мерекелерімен құттықтап, ел атынан еселі еңбектері үшін алғыс білдірді.

Мерекелік әуенге елтіген жұрт орталық стадионға лек-легімен ағылды. Металлург әкесінің жетегіне масаттана ерген жеткіншектер кіреберісте тегін таратылған балмұздаққа қарқ болды. Осындай ерекше көңіл күймен басталған салтанатты шара аймақ басшысының құттықтау сөзіне ұласты.
-Ел экономикасының дамуында металлургия саласының орны ерекше. Оның ішінде «Кенді Алтай» атанған Шығыс Қазақстан металлургтерінің еңбегі зор. Өңір дамуының тарихи бастауында да осы металлургия саласы тұр. Бұл мереке барлық шығысқазақстандықтарға ортақ деуге де болады. Өйткені, облыстың экономикалық әлеуетінің жартысынан астамы осы салаға тиесілі.

Металлург мамандығын рухы мықты, қайратты да жігерлі жандар таңдайды. Бұл сөзімізге Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы НАЗАРБАЕВТЫҢ еңбек жолы дәлел. Әрбір шығысқазастандық Елбасының үдемелі индустриялық даму бағдарламасының Өскеменде бастау алуына пәрмен бергенін мақтан етеді. Өткен айда облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Шығыс Қазақстанның даму динамикасын оң бағалап кетті. Ал «Қазцинк», «ҮМЗ», «KAZminerals», «ТМК» сияқты компанияларды елдің жетекші кәсіпорындары деп атады. Инвестициялық жобалар арқылы тыңнан түрен салып жүрген «Қазцинктің» өңір экономикасына қосқан үлесін бұл кеште де атап өтпей болмайды. Сіздер енгізген технологиялар, сіздер өндірген өнім, сіздер қолға алған әлеуметтік жобалар облыстың ғана емес, тұтастай Қазақстанның дамуына оң ықпалын тигізуде, – деген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ компанияның басқарма төрағасы Никола Поповичке «Өскемен қаласының құрметті азаматы» атағын табыстады. Ал кәсіпорынның металлургия және әкімшілік мәселелер жөніндегі директорлары Тұрарбек Азекенов пен Андрей Лазерев облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бұдан кейін «Қазцинк» сапында жүріп таудай табыстарды еңсерген қарапайым металлургтер құрметке бөленді. Өз ісінің шебері атанып, өндірістің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз еткен жөндеу бөлімшелері, техникамен жабдықтаушы ұжымдар, мыс балқытып, қорғасын қорытқан металлург жасақтары, инновацияны өндіріспен селбестірген технологтар бұл күні марапатпен бірге стадионға лық толған халықтың қошеметіне ие болды.

«Қазцинк» кеш қонақтарына арнап ерекше мерекелік концерт әзірлепті. Өскемендік өнерпаздармен бірге Астана, Семей, Зырян қалаларынан арнайы шақыртылған өнер ұжымдары шараның көрігін қыздырып, стадион толы халықтың көңілін жадыратты. Думанды кештің соңын ала белгілі ресейлік әнші Александр Буйнов өнер көрсетті. Осылайша жыл бойы жанын жалдап еңбек еткен металлургтер бір күнгі мерекенің арқасында бір серпіліп қалды. Ал шараға жиналған қала тұрғындары мен қонақтары сәні мен салтанаты жарасқан думанға куә болды.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button