Спорт

Каратэде жеңіс маңызды емес

Киокушинкай-кан каратэ республикалық ұлттық федерациясының Шығыс Қазақстан филиалының кезектен тыс съезі өтті. Күн тәртібінде Шығыс Қазақстандағы киокушинкай-кан каратэні дамыту, жаттықтырушылар мен нұсқаушылардың біліктілігін арттыру мәселелері қаралды. Сондай-ақ филиалға жаңа президент тағайындалды.

Айта кету керек, республикалық ұлттық федерация даму бағытында айтарлықтай қадамдарға барып жатыр. Бүгінгі таңда федерация құрамына 11 облыс пен республикалық маңызы бар үш қала кіреді. Жалпы алғанда, каратенің осы түрімен айналысатын жеті мыңға жуық адам бар.

– Киокушинкай-кан каратэ барған сайын танымал бола түсуде, сондықтан оны жазғы спартакиада бағдарламасына қосу кездейсоқ емес, – деді киокушинкай-кан каратэ республикалық ұлттық федерациясының президенті, Қазақстанның мемлекет және саясат қайраткері Омархан Өксікбаев. – Өткен жылдардың өзінде ғана федерация бірқатар әлем, Азия және Еуропа чемпиондарын, сондай-ақ халықаралық жарыстардың жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарды. Қазан айында Қазақстан чемпионатын өткізу жоспарланып отыр.

Жиын барысында Федерацияның Шығыс Қазақстан филиалының жаңа президенті болып Ерік Тұрсынғалиев тағайындалды.

– Менің ойымша, каратэ философиясында ең бастысы – жеңу емес, мінезді жақсарту! Ата-анаңды, айналаңыздағыларды құрметтегенде, табиғатқа ұқыпты қарағанда сіз нағыз жетілген адам болып есептелесіз. Бұқаралық спорт – бұл Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдаулары мен «2050» Стратегиясында бірнеше рет айтқан ұлт денсаулығын дамытудың негізгі аспектілерінің бірі. Мүмкіндігінше көп адамды салауатты өмір салтына тарту жалпы ұлттың өркендеуіне ықпал етеді. Сондықтан мен өз тарапымнан киокушинкай спортын балалар мен жастардың сүйікті спорты болуына жұмыс істеймін, – деді Ерік Тұрсынғалиев.

Жиында облыстық жекпе-жектің кәсіби түрлері қауымдастығының төрағасы, кикбоксингтен бес дүркін Әлем чемпионы Асқар Можанов сөз сөйледі.

– Олимпиадалық емес спорт түрлеріне де тиісті назар аудару қажет.  Кикбоксинг, ушу, муай-тай, ММА, қоян-қолтық күрес, каратэ, белбеу күресі, панкратион, грепплинг және басқа да спорт түрлерін дамыту керек. Олимпиадалық емес спорт түрлері, соның ішінде көптеген қолдаушылары мен ізбасарлары бар киокушинкай-кан каратэ жаңа  деңгейге шығатынына сенімдімін, – деді Асқар Можанов.

Асқар Можановтың айтуынша, бұл жаңа қоғамдық жүктеме болғанына қарамастан, қауымдастық алдында бұқаралық спортты дамыту және жалпы салауатты өмір салтын насихаттау бойынша жоғары міндеттер тұр.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button