Аймақтар аухалы

Қалпына келтіру жұмыстары қарқынды

Азамат Темірбеков

Риддер қаласының жылу-электр орталығында болған апатты айтпағанда өңірде жылумен қамту маусымы қалыпты жағдайда өтіп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, Риддер жылу-электр орталығында болған апаттық жағдай салдарынан қаладағы тұрғын үйлер мен мекемелерде температура төмендеп, жергілікті жылу жүйелерінде техногенді төтенше жағдай режимі жарияланған-ды.

Облыс әкімінің тікелей басшылығымен құрылған жедел штаб қазандықтарды апаттық-қалпына келтіруге бағытталған жоспар құрып, жылумен қамтамасыз ету жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары шұғыл қолға алынған.

Қазіргі күні жылу электр орталығында жұмыс істеп тұрған үш қазандық 60 градус температура режимін көрсетіп тұр. Соның нәтижесінде шаһардағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер едәуір жылынды. Жөндеу жұмыстарын 13 мердігер ұйым атқарып жатыр. Олардағы адам саны – 130. Бұған қосымша тағы 32 жұмысшы көмекке бөлінді. Жылу орталығының ғимараттары шынымен жабылып, өндірістік желдету құрылғылары орнатылып жатыр.

Халық электр энергиясын көп тұтынған жағдайда қала жарықсыз қалмауы үшін энергетикалық компаниямен бірлесіп жұмыс істеу алгоритмі жасалды. Апаттық қалпына келтіру және энергияны қайта қосу жұмыстарын жүргізу үшін «БЭСК» акционерлік қоғамы 36 адамнан тұратын 12 бригаданы электр қуатымен қамтамасыз ететін жүйелер мен подстанцияларға тәуліктік кезекшілікке тағайындады.

Магистральды және кварталішілік жылу желілерінде қажетті айналым қамтамасыз етілді. Жылу желілерінен суды рұқсатсыз ағызуға жол бермеу мақсатында төрт бригада құрылып, олар аулалар мен кварталдарды жіті бақылауға алған.

Бүгінгі таңда багерлі сорғы станциясы мен мазут қоймасы толық қалпына келтіріліп, жылу-электр орталығы қажетті отынмен қамтамасыз етілді.

Қажетті жабдықтардың тізімі жасалды және олардың дені станцияға жеткізілді. Жақын арада арнайы зертхана қазандық агрегаттарындағы металдың химиялық құрамына талдау жүргізеді.

Бүгінгі күні №6 жоғары қысымды қазандықта жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Сынақтардан кейін ол жылу жүйесіне қосылады. Осыған дейін күрделі жөндеуден өткен №4 қазандық агрегаты іске қосылды. Ал №5 қазандықты жөндеуге біраз уақыт кетпек. Қазір онда электр кабель желілері қалпына келтіріліп жатыр, барлық қажетті жабдықтар таяуда жеткізіледі. Бұл қазандықты қарашаның соңына дейін қалпына келтірмек.

Айта кетсек, жедел штаб жұмыс істеген 6 қарашадан бастап қазандықтар жеті рет жүйеден ажыратылған. «Риддер ЖЭО» АҚ-ның есебі бойынша бұған дейін қазандық агрегаттарында жөндеу жұмыстары толық жүргізіліп, «KEGOC» акционерлік қоғамы жүйелік операторының күнделікті мониторингіне сәйкес қазандықтар «резервте» болған. Осы факт бойынша Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті жедел тәртіпті бұзғаны үшін «Риддер ЖЭО» кәсіпорнының жауапкершілігін қарамақ.

Сондай-ақ жедел штабтың тапсырмасымен бақылау-қадағалау органдары «Риддер ЖЭО» АҚ-ның өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік, санитарлық жағдайлар және еңбек заңнамасы бойынша талаптардың сақталуына қатысты талдау жүргізіп жатыр.

Осы айдарда

Back to top button