Экономика

Инвестициялық жобаларды іске асыруға көмектесеміз

Нарықтық экономика тұсында мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестіктің алатын орны үлкен. Осы орайда өткен жылы облысымызда «Шығыс Қазақстан облысының өңірлік мемлекеттік жекеменшік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оның мақсаттары мен міндеттері, атқаратын қызметі туралы оқырмандарды таныстыру мақсатында басқарма төрайымы Әлия Масақовадан сұраған едік.

Инвестициялық жобаларды іске асыруға көмектесеміз– Қазір мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің бірыңғай анықтамасы жоқ. Оған әртүрлі анықтама беріледі. Сіз мемлекеттік-жекеменшік әріптестігіне барлық оқырманға ұғынықты болатындай қандай анықтама берер едіңіз?

– Барлығына түсінікті мағынада айтар болсақ, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік – бұл өзара тиімді негізде және қоғам мүддесіне орай инвестициялық жобаларды іске асыру мақсатындағы мемлекет пен жекеменшік секторлар арасындағы ынтымақтастық. Ресурстарды және мемлекет пен бизнестің тәжірибелерін біріктіру жолымен инфрақұрылымды дамыту, жоғары сапалы қызмет көрсетіп, төмен мөлшердегі шығын мен тәуекел арқылы қоғамдық маңызды жобаларды іске асыру, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығының басты мақсаты болып табылады.

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінен мемлекет пен жеке меншік секторлар үшін қандай тиімділіктер бар?

– Мемлекеттің жауапкершілік саласына дәстүрлі түрде жататын жобаларды іске асыруда жекеменшік сектордың интеллектуалдық уәкілеттілігін және ресурсын қолдану мемлекет үшін тиімді. Сонымен бірге жеке бизнес дамиды, ал бұл бизнестен салық төлемі ретінде мемлекет мүддесін көтереді. Жекеменшік сектор үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі – бизнес аясын кеңейту үшін тиімді. Бизнес сектор жобаларды іске асыруда, мемлекеттің әкімшілік және саясаттық қатысуына ие болады, сонымен бірге тәуекелді мемлекетпен бөлісе алады. Бұл формада кәсіпкерге тұрақты түрде пайда түсімі кепілдік етіледі.

– Біздің елде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің даму қарқыны қалай?

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бүкіл әлемде дамып келеді, Қазақстанда да көлеңкеде қалған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бастап Қазақстан мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің қолдану аясын кеңейте отырып, оны сатылай енгізіп келеді. Осы салада құқықтық қатынастарды реттейтін бірқатар нормативті актілердің қабылдануы соңғы жылдардағы басты айта кетерлік жайт. Бүгінгі күні концессия мәселесі бойынша заңнамалық база әзірленді, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің үш орталығы жұмыс атқаруда, олар: қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталықтары.

– Осыдан келіп тағы бір сұрақ туындайды: Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін құрудың басты мақсаты қандай және орталықтың негізгі қызмет бағыттары жайлы айта кетсеңіз?

– Біздің орталық 2011 жылы 20-қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің бастамасымен құрылды. Орталықтың құрылуының негізгі мақсаты – мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің ұстанымдары мен тегершіктерін қолдану арқылы инфрақұрылым нысандарын құру бойынша аймақтық жобаларға жекеменшік инвестицияларды тарту саласында жұмыстар атқаруда.

Екінші сұраққа келер болсақ, қазір бюджеттік инвестициялық жобаларға экономикалық сараптама жасау, инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру мәселелері бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу, жобаларды іске асыру үшін инвесторлар базасын қалыптастыру біздің басты міндеттеріміз болып табылады.

– Дәстүрлі түрде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тегершігі қандай салаларда қолданылады?

– Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тегершігі көліктік инфрақұрылым, электр энергиясымен қамту, тұрғын үй құрылысы, қалалық инфрақұрылым және тағы да басқа салаларда қолданылады.

– Қазіргі уақытта орталық қандай инвестициялық жобалармен жұмыс істеуде?

– Қазір екі концессиялық жобаға техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде, бұл: «Өскемен қаласында балабақшалар кешенін салу және пайдалану» және «Семей қаласында балабақшалар кешенін салу және пайдалану». Аталған қалалардың әрбіреуінде алты-алтыдан балабақшалар құрылысы жоспарлануда.

«Шығыс Қазақстан облысының көліктік-логистикалық жүйесі» жобасы бойынша зерттеу жұмыстары жүргізілді, «Зырян–Майқапшағай теміржолының құрылысы» жобасына концессиялық ұсыным әзірленді. Сонымен бірге «Семей қаласында ТЭЦ-3 құрылысы», «Кіші ГЭС құрылысы», «Өскемен қаласында гемодиализ орталығын ашу» және «Өскемен қаласында қатты тұрмыстық қалдықтар зауытының құрылысы» жобаларына қазір зерттеу жұмыстары жүргізілуде.

– Шығыс Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы жуықта ашылды. Осыған орай, облыс аумағында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту үшін сіздер қандай шаралар атқарып жатырсыздар?

– Орталық өз жұмысын даму жоспары негізінде жүргізеді. Облыс әкімдігінің қолдауымен біз инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында мемлекеттік органдармен тығыз байланыс жасаймыз, қазақстандық және шетелдік әлеуетті инвесторлармен облыс аумағындағы жобаларды іске асыру мәселелерін талқылау үшін кеңестер, кездесулер ұйымдастырып өткіземіз, әртүрлі компаниялармен және ұйымдармен ынтымақтастық қатынастар орнатудамыз.

Орталықтың веб-сайты құрылды, сайт беттерінен кез келген адам мемлекеттік-жекеменшік әріптестік мәселелеріне қатысты қажетті маңызды ақпарат ала алады (www.ppp-vko.kz).

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button