Қоғам

Халықаралық көрмеге төрт миллион адам келген

Халықаралық көрмеге  төрт миллион адам келген


Бүкіл әлем назарын өзіне аудартып, зымыраған заманның ең озық, ең заманауи технологиялық жетістіктерін Астанаға жинаған «Болашақтың энергиясы» атты «ASTANA EXPO-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі 10 қыркүйек күні ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты түрде жабылды. Салтанатты шараға мемлекет басшылары, сол күні Астанада өткен Ислам ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатысушы елдер делегациясының басшылары қатысты.

Халықаралық көрмеге  төрт миллион адам келген

Конгресс орталықта өткен көрменің жабылу салтанатында «Астана ЕХРО»-сын дүние жүзіне әйгілей түскен көрменің басты ерекшеліктері атап айтылды. Сонымен, мәресіне жеткен «ЕХРО-2017»-нің ең үлкен жетістігі көрмеге келген 4000000 адам! Көрмеге туристердің төрткүл дүниенің 178 елінен келіп кеткені, көрмеге 4 500 ерікті қызмет көрсетіп, 88 жұптың қосылғаны, желіге 100 млн. фото жүктелгені де баға жетпес тамаша жетістік.

«ЕХРО»-ның жабылу рәсімінің салтанатына жиналған жұрт сахна экранындағы театрландырылған көріністерді көріп, есейіп, ержеткен қазақ баласының ғалым болып, болашақтың қаласы Астана тұрғындарының біріне айналғанын сүйсіне тамашалап, тебірене тыңдады. Астананың, қазақ елінің абыройын асқақтатқан көрменің маңызын сөзбен жырлап, көзбен көргізген, көңілмен сезгізген қойылымдардан кейін халықаралық көрменің әнұраны ойнап, ақ туын «Астана ЕХРО-2017» ұлттық компаниясының төрағасы Ахметжан Есімов көрмелер бюросының президентіне тапсырды.

Халықаралық көрмеге  төрт миллион адам келген

Одан соң Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Лоссерталес қатысушыларға өзінің бейне сәлемін жолдап, бұл маңызды оқиғаның Қазақстан Президентінің, республика үкіметі басшыларының, еліміздің азаматтарының арқасында жүзеге асқанын атап айтты. Ол: «Көрмені ұйымдастырушылар, оған қатысушылар ойға алған мақсаттарына жетті, біз ғажайып саяхаттың соңына келіп жеттік» деп, ынтымақтастық пен жаңашылдықтың, жасампаздықтың мекені Қазақстанмен жұмыс істеу жайлы болғанын жеткізді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «ЕХРО»-ның астаналықтар мен ел тұрғындарының, ел аймақтарының күш-қуаты, бірлігі нәтижесінде өткеніне үлкен ризашылығын білдірді. Осыдан 90 күн бұрын осы мінберде тұрғанын еске алған Президент соңына жеткен халықаралық көрме мемлекетіміздің мәртебесін көтеріп, әлемге әйгілегенін айтты. Көрмені салуға 1400 шағын және орта кәсіпорын қатысып, 640 млрд. теңгенің тауары мен қызметін көрсетіп, жеткізген. Көрме құрылысы басталғаннан бері Астанада салық түсімі он есеге, шағын кәсіпорындар саны он пайызға ұлғайған. Президент «National Geografic» журналы нұсқасы бойынша Астананың болашақтың қаласы болып аталғанын, америкалық танымал «Нью-Йорк Таймс» басылымы Қазақстан астанасын барып көруге тұрарлық қалалар тізіміне қосқанын жеткізді.

Халықаралық көрмеге  төрт миллион адам келген

-ЭХРО бүкіл әлемнің интеллектуалдық және технологиялық әлеуеттерін көрсетуге тамаша мүмкіндік тудырды. Мұнда жаңартылған энергия саласындағы 140 тан астам ғылыми жаңалықтар қойылды,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Көрменің ресми түрдегі жабылу салтанатының соңында қатысушылар бір-бірінің қолынан ұстап, «Нұр Әлем» сферасының шамдарын жақты.

Шараны көруге жиналғандар одан соң Астана аспанынан мың сан жұлдыз жаудырған отшашуды тамашалады. Көрменің амфитеатрында «Музарт» тобының, қазақстандық өнерпаздардың ән-күйін тыңдап, Астанамен бірге шаттық құшағында тербелді.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button