Қоғам

Халал бренд пе, тренд пе?

Халал бренд пе, тренд пе?


«Ас-адамның арқауы» екендігін айтқан халқымыз, «аурудың-астан болатындығын» да ескерткен. Осы қанатты сөздер күн өткен сайын «халал» ұғымы арқылы жаңарып, жаңғыра түскен сияқты.

Бүгінде нарыққа дендеп енген «халал» сөзі ислам дінінде рұқсат етілген нәрсе деген ұғымды білдіреді екен. Айтпағымыз діни философия емес, халал индустриясы жайында болмақ. Өйткені оған деген сұраныс артқан сайын, «халал» сөзін маркетингтік қадам ретінде пайдаланушылар да көбейіп кетті.

Адал ас ұсынамыз дейді

Өскемен көшелерінің бірінде орналасқан сырт келбеті қарапайым бұл дүкеннің іші ерекше. Қабырғадағы Құран аяттары жазылған суреттер бейнебір діни мекеме табалдырығын аттағандай әсерге бөлейді екен. Тағы бір ерекшелігі – бұл дүкеннің барлық тауарлары халал.

Өзге сауда нүктелерінде «халал» деп сататын тауарлардан мұндағылардың қандай айырмашылығы бар деген сауалға өзін Бәкір деп таныстырған сатушының берген жауабы

– Біз тек шариғат талаптары бойынша, «бисмилля ар рахмани рахим» деп айтылып сойылған малдың етін саудаға шығарамыз. Дүкенге харам сойылған малдың еті кіргізілмейді. Оның адал сойылғандығына көзіміз әбден жетеді. Өйткені малды өзіміз сатып алып, сол жерде шариғатқа сай бауыздаймыз. Өзге саудагерлердің тауықтарын да алмаймыз. Ауылдардан үй тауықтарын сатып алып, бауыздап, етін саудаға шығарамыз. Мен өзім қасапшымын. Әрі осы дүкеннің иесімін. Өзім намазға жығыламын. Біз харамды халал деп халыққа тықпалаудан аулақпыз,- дейді Бәкір Лапаев.

Бәкірдің айтуынша, «Адал ет» дүкеніне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ЖШС «Халал» сертификаты берілген. Тауарларға басқарманың Алматы қаласында орналасқан сараптама орталығында сыныма жасалып, стандартқа сай екендігі расталды.

– Дінге берік жергілікті мұсылмандар ғана емес, астың тазалығын маңызды санайтын қарапайым тұрғындар да дүкеннен ет алып тұрады. Ашылғанымызға көп уақыт болмаса да, тұрақты тұтынушыларымыз бар,-дейді ол.

Сол дүкенге қарасты «халал» дөнер дайындайтын дәмхана бар. Мұндағы дөнер тек осы дүкеннің етінен даярланады. Тіпті тапсырыс берсеңіз, дөнерді үйіңізге дейін жеткізіп береді екен.

Дүкеннің ортасындағы шыныланған сөреде Бәкір Лапаевтың айтқандарын растайтын құжат тұр. Ол – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал Даму» ЖШС сертификаты және тауар сертификат талаптарына жауап беретіндігін растайтын құжаттар.

Облыс орталығында «халал» белгісімен қызмет көрсетіп отырған мекеменің тағы бірі – Медина дәмханасы. Оның иесі Милана Арсанукаеваның айтуынша, ас мәзіріне халал белгісін қоюға оларға «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығы рұқсат берген.

– Мәзірдегі тағамдар тек халал сойылған еттен жасалады. Оны осы талаптарға жауап беретін тауар ұсынушылардан сатып аламыз, – дейді Милана.
Негізінен шешен халқының асханасын ұсынатын «Медина» дәмханасында алкагольді ішімдік ішуге және шылым шегуге тыйым салынған. Ас мәзіріне де кіргізілмеген. 25 адамға арналған шағын зияпаттар да ішімдіксіз өтеді дейді дәмхана иесі.

Милана Арсанукаеваның бізге көрсеткен сертификаты 2015 жылдың қыркүйек айында, бір жыл мерзімге берілген екен. Бір сөзбен айтқанда, «халал» тағам ұсынатындығы жөнінде берілген сертификат мерзімі аяқталған. Алайда дәмхана иесі әлі күнге дейін тұтынушыларымызға адал тағам ұсынып келеміз деген уәж айтумен болды.

Еліміздің халал индустриясының бір пұшпағын илеп жүрген екі мекеменің жағдайы осындай. Алайда сол нарықтың қазанында кез келген өнімге, тіпті монша, фитнес-клуб, бассейн, емханалардың сыртына халал белгісін соғып, оны сәнге айналдырған кәсіпкерлер де бірге қайнасып жүр.

«Халалдың» өз шарттары бар

Біз «халал» деп тұтынып жүрген өнімдерді шығаратын кәсіпорындар мен зауыттарға және жоғарыдағыдай қызмет көрсету орындарына сертификатты елімізде «Қазақстан Республикасының халал индустриясы» қауымдастығы, сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Халал даму» ЖШС береді екен.

– «Халал даму» ЖШС еліміздің өндіріс кәсіпорын¬дары мен мекемелерін шариғат талаптарына сай сертификаттауға ғана емес, тағам өнімдерінің құрамы халал талап¬тарына сай болуына, құжаттары¬ның дұрыстығына, үнемі қада¬ғаланып, тексеріліп отыруына аса мән беріп отыр. Бүгінгі күні Өскемен өңірінде сараптамадан дұрыс нәтиже көрсетіп, серти¬фикат алған оншақты кәсіп¬орын бар. Өскемен өңірінде осы бағыттағы жұмыс жуықта ғана қолға алынды. Алдағы уақытта шұжық өнімдерін шығаратын кәсіпорындар, құс фабрикала-ры, кондитерлік, ұн, қамыр өнді¬ре¬тін кәсіпорындармен, ет өнімдерін шығаратын цехтармен «халал» стандартының талаптарын түсіндіру, халал өндіріске көшуге бағыттау жөнінде жұмыстар атқару жоспарда бар,-дейді ҚМДБ «Халал Даму» ЖШС Өскемен өңіріндегі өкілі Досжан Үмбет.

Халал сертификатын алу үшін арнайы қойылатын шарттары бар. Яғни, өндіріс орны доңыз малын пайдаланбауы, мал бауыздайтын қасапшылардың мұсылман болуы және сойылатын малдың ауру болмауы басты назарда ұсталады. Табиғи жолмен бауыздалып, «Бисмиллах» сөзінің айтылуы міндетті.
Ет комбинаттары осындай шарттарға сай болуы керек болса, сусындар, ұн өнімдері, кондитерлік тағамдар түрлері спирттік қоспасы болмауымен және доңыз майын пайдаланбауымен сараланады. «Халал Даму» ЖШС өкілінің айтуынша, дәл осы талаптар орындалған және орындалуы қамтамасыз етілген өндіріс орындары ғана халал сертификатын ала алады. Жоғарыда мысалға келтірілген «Адал ет» дүкені осы талаптарға сай болып, халыққа халал ет ұсынуға рұқсат алған.

Қасапханалар жұмысынан бастау қажет

Әлемдік «Халал» стандарты бойынша малды, сондай-ақ тауықты тоқпен өлтіріп бауыздауға рұқсат етілмейді. Алайда малды бауыздар алдында тыныштандыру мақсатында электр тогін пайдалануға болады және ол шариғатқа қайшы емес екен. Сондай-ақ, халал стандартына сәйкес харам болып саналатын малдың еті мен адал малдың еті бір ет тартқыштан өткізілмеуі және бір сөреде жатпауы да тиіс.

Досжан Үмбеттің айтуынша, әрбір кәсіпорынмен екіжақты келісімшарт жасалғаннан кейін, сараптама жұмыстары, зерт-ха¬налық тексеріс және оқу-семинарлары, тренинг¬тер өткізіліп отырады. Бұл кәсіп¬орындардың қызметкерлеріне халал мәселесінен толық хабары болуы міндеттеледі. Тағы бір маңызды мәселенің бірі – қасапшылардың білімін көтеру бағдарламасы.

– Ол үшін ең алдымен мал соятын комбинаттар қасапхана-ларының жұмысын шариғат талабына сай жолға қою қажет. Көпшіліктің біле бермеуі мүмкін, бұған дейін ет комбинаттарында мал токпен немесе ауыр балғамен басынан ұрып қинап өлтірілетін. Бірқатар жерлерде әлі де солай етеді. «Бісмілләні» айтып, қолмен бауыздалмай, осылай қинап өлті¬рілген малдың қаны етте қалып қояды. Қан – бүкіл аурудың көзі. Қанды жеу, Құранда айтылғандай, өлексені жегенмен бірдей емес пе?!-дейді ол.

«Халал Даму» ЖШС Өскемен өңіріндегі өкілінің сөзіне сүйенсек, «Халал» стандарты азық-түлік өндіретін кәсіпорындарға, ет өндірісіне, қоғамдық тамақтану орындарына беріледі. Самса, бәліш, тоқаш сататын, сондай-ақ аяқ киім жөндейтін дүңгіршектерге, көлік жуу, жуғыш заттар сататын дүкендерге сертификат берілмейді.

Халал бренд пе, тренд пе?

Халалды бақылайтын заң жоқ

Елімізде адал өнім шығарып, адал қызмет көрсетуге ниетті кәсіпорындар өте көп. Бүгінде «Халал Даму» ЖШС 200-ге тарта өндірушіге және қызмет көрсету орындарына «халал» сертификатын берген. Мәселе-олардың алдағы уақытта сол стандартқа жауап беруін қадағалауда болып тұр. Сертификат берген ұйым оны арагідік тексергенімен, елімізде жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кеткен халал өнімдер мен қызмет көрсету орындарын бақылап, олардың жұмыстарын заң жүзінде реттеп отырған ешкім жоқ. Реттелген жағдайда, мерзімі өткен сертификатты арқа тұтып отырған жоғарыдағы дәмхана сынды орындарға халал арқылы өздерін жарнамалауға жол берілмейтін еді. Өнімдерін жасырын цехта өндіріп, сыртына «халал» белгісін соғып халыққа күмәнді тағам ұсынып жүрген кәсіпорындар да мұндай қадамға бармайтын еді.

Жалпы елімізде барлық «халал» өнімдерді кезең-кезеңімен сынамадан өткізетін, оның сапасы мен «халал» стандартына және нормативтiк-техникалық құжаттама талаптарына қаншалықты сәйкес келетіндігін тексеретін уәкілетті орган жоқ. Ал шетелден келетін халал тағамдар еліміздегі халал өнімдерден де көп. Мәселен, АҚШ-та, Малайзия, тіпті көршілес Өзбекстан елінде де халал тағамдарды бақылайтын агенттік пен арнайы заң бар екен.

Соңғы уақытта қоғамда діни басқарма өкілдері ғана емес, билік басындағы азаматтар да халал индустриясын тезге салатын халал агенттігін құру және оның мемлекеттік орган болуы керектігі жөнінде мәселе қозғап жүр. Сең қашан қозғалары белгісіз. Ал оған дейін «басқа амандық, асқа адалдық» тілейтін халықтың кәсіпкерлердің ар адалдығына сенуден басқа амалы жоқ.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button