Қоғам

Грек жаңғағы Шыңғыстайда өседі

Грек жаңғағы Шыңғыстайда өседі


Сонау Индия, Қырғызыстан, Қытайдың оңтүстігінде өсетін кәдімгі грек жаңғағы Шыңғыстай ауылында жайқалып тұр.

Ауыл тұрғыны Земфира Темірғалиеваның ауласында өсіп тұрған ағаштың биіктігі мөлшермен он-он бес метр. Олар бұл үйді сатып алғанда-ақ ағаш жеміс беріп тұрған екен.

— Былтыр жарты қаптай жинап алып, қаладағы туыстарға қоя бердік. Бірақ ауа райының салқындығына байланысты толық пісіп үлгірмеді, — дейді ауыл тұрғыны Земфира Темірғалиева.

Үй иесінің айтуынша, қара күзде жаңғақ саудырап жерге түсіп қалады. Содан кейін жинап алу да қиын емес. Тау басында ала жаздай қар жататын өлкеде ыстық жердің жемісі өсетіні расымен таңғалдырды. Сөйтсек, бұл ағашты ерте кезде осы үйдің бұрынғы қожайыны Жаңылған Пішенова пошта арқылы Қытайдың сонау Маньчжуриясынан алғызыпты. Жаңылған апай ғана емес, көршілері де жеміс ағаштарының бірнеше түрін алғызған екен. Бірақ жаңғақ ағашының біреуі жерге үйренісе алмағандықтан ба, өспей қалды. Екіншісін бүгінгі иелері күтіп-баптап, жылда жемісін көріп отыр. Көктем шыға түбін тазартып, діңін ағартып қояды.

Түгін тартсаң, майы шығатын Шыңғыстай ауылында грек жаңғағынан басқа алма-алмұрттың да түр-түрі өседі.

Мерей Қайнарұлы
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button