Білім

Глубокоеда жаңа мектеп есігін айқара ашты

Глубокоеда жаңа мектеп есігін айқара ашты

Кеше Глубокое кентінің тұрғындары үшін ерекше қуанышты күн болды. Көпшілік көптен күткен Оралхан Бөкей атындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, салтанатты түрде лентасы қиылды.
Менмұндалап тұрған жаңа білім ордасының ашылу салтанатына алыс-жақын аудандардан құрметті қонақтар келіп, глубокоелықтарды қуаныштарымен құттықтады. Меймандар мектеп ауласында шырша ағаштарын егіп, күтіп баптауын оқушыларға аманат етті. 600 орындық жаңа білім ордасының ашылу шарасында ұстаздар, оқушылар бөріктерін аспанға атып қуанды. Қуанбай қайтсін?! Осыған дейінгі мектеп-интернат ғимараты оқушылар үшін таршылық етіп отырған. Нақтырақ айтар болсақ, 240 оқушыға арналған мектепте 500 ден астам бала екі ауысыммен оқып келген еді. Енді міне, көп тілегі орындалды.
Мектеп ауласында облыстық филармонияның «Байжігіт» қазақ ұлттық аспаптар оркестірі күмбірлете күй төгіп, жезтаңдай әншілер әннен шашу шашты. Оралхан Бөкейдің шығармашылығынан шағын сахналанған қойылым көрсетілді. Ал шақырылған қонақтар ортаға шығып, ақ тілектерін ақтарды.
– Жаңадан ашылған білім шаңырағы құтты болсын! Жерлес жазушымыз Оралхан Бөкей атындағы мектептің қабырғасынан талантты, білімді, білікті оқушылар түлеп ұшсын, – деп тілегін айтқан Катонқарағай аудандық мәслихатының хатшысы Дүйсен Бралинов аудан атынан мектепке арнайы алып келген кәдесыйларын табыс етті.
Катонқарағай ауданынан сонымен қатар, жазушының досы Аманжан Нұқсарин, О. Бөкей атындағы қордың төрағасы Оралғазы Қажаев, «Атамекен» шаруа қожалығының жетекшісі Тоқтасын Бәкімбаев келді. Сонымен қатар құрметті қонақ ретінде Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы №44 мектептің директоры Таңатқан Түменбаев қатысты.
Жаңа мектептің лентасы қиылғаннан кейін қонақтар ішке кіріп, Оралхан Бөкейдің бұрышын, жазушыға арналған мұражайды тамашалады.Сондай-ақ, «Мәңгілік ел», «Қазақ хандығының 550 жылдығына» арналған бұрыштарды да аралап көрді. Алыстан ат арытып келген қонақтар ақ дастарханнан дәм татысты. Глубокое кентінде қазақ орта мектебін ашуға бастамашы болған халыққа, басшыларға, тілеулес болып келіп отырған қонақтарға аудан әкімі Арман Бекбосынов алғысын білдірді.
– Көпшіліктің көптен күткен арманы орындалды. Белгіленген уақыт ішінде «Элхон» ЖШС-нің құрылысшылары мектеп ғимаратын сапалы, әрі сәнді етіп салып шықты. Кең сарайдай білім ордасынан білімді азаматтар шығады деген сенімдеміз. Кент тұрғындарының қуаныштары құтты болсын! Алыс-жақыннан келген қонақтарға ризашылығымызды білдіреміз, – деді аудан әкімі Арман Бекбосынов.
Мектеп құрылысын 2013 жылы Лұқбек Тумашинов басқаратын «Элхон» ЖШС қолға алып, уақытылы ел игілігіне тапсырды. Құрылысқа бюджеттен 923 млн. 244 мың теңге қаржы жұмсалды.

Мерей Қайнарұлы

Глубокое ауданы

Осы айдарда

Back to top button