Мәдениет

Фестивальдің ең жас қатысушысы 7 жаста

Беларусьтар неге сөмке асынып жүрген? Өйткені олардың киімінде қалта болмаған. Ал олардың əйелдері асыл тастан жасалған əшекей бұйымдарын дорбаға салып жүреді екен. Беларусь халқының осы жəне басқа да ерекшеліктері туралы Өскемендегі Достық үйінде өткен фестивальде айтылды.

Өскеменде «Ад мінулага да сучастнага» атты беларусь мәдениетінің республикалық фестивалі өтті. Аталмыш шараның өтуіне Қазақстан халқы Ассамблеясы мен облыс әкімдігі мұрындық болған. Шығармашылық пен достықты мақсат еткен шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Достық үйінің этномәдени бірлестіктері ұйымдастырып отыр. Облыстың аудандары мен қалаларынан, сонымен қатар еліміздің өзге өңірлерінен осынау фестивальға арнайы келген қонақтар шаһар жұртшылығына өз өнерлерін көрсетті.

– Көріп тұрғандарыңыздай бүгінгі шараға республика бойынша жан-жақтан қонақтар келді. Барлығының ортақ мақсаты бар, ол – беларусь мәдениетін, қолөнерін, салт-дәстүрін насихаттау, өзге ұлт өкілдеріне көрсету. Осындай үлкен сахнада республикалық фестивальді өткізу, біз үшін үлкен қуаныш, – деді Достық үйі директорының орынбасары Равиль Юнусов.
Меркелік концерт басталмай тұрып, шараға келушілер үшін фойеде аймақтағы үздік шеберлердің беларусь мәдениетін паш ететін қолөнер бұйымдары мен балалардың қолынан шыққан әдемі суреттерден көрме ұйымдастырылды.

– Фестиваль жыл сайын өтсе де, бұл менің алғаш рет қатысуым. Беларусь халқының қуыршақтарын жасамас бұрын, алдымен беларусьтардың мәдениетімен жəне салт-дәстүрімен жете таныстым. Олардың киім кию үлгісін жан-жақты зерттедім десем де болады. Қуыршақтарға зер салып қарасаңыз олардың киімдері ашық түсті, өйткені беларусь халқы көбінде ақ киім киген. Бәлкім сол себепті де, беларусь атанып кеткен шығар, кім білсін?

Беларуьстардың киімдерінің көбі қалтасыз тігілген. Сондықтан да олар үнемі сөмке асынып жүрген. Ал, әйел адамдар барлық бағалы тастары мен заттарын дорбаға салып жүрген екен. Сол себепті, қуршақтарға арнайы дорба тіктім. Айтпақшы, беларусьтардың таным-түсінігінде қуыршақтарға көз, мұрын, ерін салмаған. Олардың діни сенімі бойынша қуыршақтардың бетінде ауыз, мұрын немесе көз болса оларға жан бітеді деп сенген, – дейді шебер Галина Руфина.
Көздің жауын алатын туындыларға тамсанған жұрт әрмен қарай концерттік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік кештің шымылдығы ашылмай тұрып, қауымға нан мен тұз ұсынылды. «Арабеск» би тобы, «Крыничка», «Рамонки» топтары, Владимир Манько, Еркебұлан Жанат, Александр Калабухов сынды өнерпаздар мен «Полесье» және Павлодардан келген «Надзея» вокалдық ансамблі ән мен биден шашу шашты. Кештің көрігін Бродулиха ауданынан келген 7 жастағы Дарья Клюшина ашты. Кештің ең жас қатысушысы халықтың ерекше ықыласына ие болды.

– Мен төрт жасымнан бастап ән айтамын. Маған көпшіліктің алдына шыққан өте ұнайды. Менің ата-апам беларусь. Сол себепті осындай шараға қалмай қатысқым келді. Бүгін мен «Няма такой другой» әнін шырқадым. Жиылған қауымға өнерім ұнады деп ойлаймын, – дейді әнші болуды армандайтын Дарья Клюшина.
Кеш соңында облыстық Достық үйі барлық қатысушыға дипломдар мен гүл шоқтарын табыстады.

Балауса ҚОЖАЕВА

Осы айдарда

Back to top button