Денсаулық сақтау

Есірткіге тәуелділікті емдеу көп сатылы

Есірткіге тәуелділікті емдеу көп сатылы


Қай қоғамда болмасын, ұлттың негізгі генофондын құрайтын әйелдер мен балалардың амандығына, солардың денсаулығына басты назар аударылады. Өңірде соңғы кездері есірткі заттары мен ащы судың жетегінде кеткен нәзік жандылар мен жасөспірімдердің, 14 жасқа дейінгі балалардың саны азаймай тұр. Облыстық наркологиялық диспансердің дәрігер-наркологы Сайра Букатованың берген мәліметтері дабыл қақтырғандай.

11 әйел арақтан уланып қайтыс болған

Статистикалық деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың бес айында облыстық наркологиялық диспансерде психикалық белсенді заттарды қолданатын 3668 әйел есепке алынған, өткен жылғы көрсеткіш – 3655. Ішкілікке салынған әйелдердің саны – 3392. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында әртүрлі спиртті сусындардан 560 адам уланып қалса, олардың арасында 177 қыз-келіншек бар. Осы уақыт аралығында 47 адам, оның ішінде 11 әйел арақтан уланып қайтыс болған. Басқа психобелсенді заттардан уланып көз жұмған тағы 4 адамның біреуі – әйел. Абырой болғанда, бұлардың арасында жеткіншектер мен балалар жоқ.

Есірткі заттарымен 245 әйел әуестенеді, ал 31 әйел токсикоман, яғни желім, жылтыр бояу, сыр сияқты әртүрлі тұрмыстық заттарды иіскейді. Жағдайдың мұншама ушығуын маман былайша түсіндіреді.

-Басты проблема – өңірде қыз-келіншектерді мәжбүрлеп емдеуге жатқызатын төсек саны өте аз, – дейді Сайра Төлегенқызы. – Жаңа Қанай ауылындағы сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу орнында әйелдерге бар болғаны он-ақ орын бөлінген. Оның үстіне, біздің диспансерге науқастар көбінде өте ауыр күйде түседі. Олардың көпшілігі әлеуметтік маңызы бар, қоғамға кауіпті жұқпалы АИТВ (ВиЧ), С, В гепатиті, туберкулез дерттерін жұқтырған. Ал диспансерде тіпті, жансақтау бөлімі де жоқ.

49 жасқа дейінгі әйелдер әлі бала көтеруге қауқарлы болғандықтан, осы жасқа жетпегендерді міндетті түрде гинеколог мамандар қарайды. Маскүнем әйелдердің арасында жүктілер де кездеседі екен. Бұл жерде нарколог дәрігерлер әлі дүниеге келмеген баланың тағдырына да алаңдайды. Дәрігердің кезекті қабылдауына келмей, қашып жүргендерді полиция немесе жергілікті өзін-өзі басқару комитеттері арқылы іздестіреді. Бала көтеріп қалғандардың отбасы мүшелерімен әңгімелеседі, болашақ ананың өз пікіріне құлақ салады. Әлеуметтік тұрмысы төмен жандарды әлеуметтік қорғау орындарына жолдайды.

-Қазір жүргізуші кәулігін алу үшін азаматтар бізге келіп, міндетті түрде тексерілулері қажет. Бұл заң талабы өте орынды дер едім. Соның нәтижесінде тұрғындармен байланысымыз нығайды. Көлік басқарғысы келгендердің барлығы міндетті түрде тест тапсырып, тексеруден өтеді. Нәтижесінде заңсыз заттармен әуестенушілер дер кезінде анықталып жатыр. Осылайша, олардың рульге отырып, қылмыс жасауына тосқауыл қойылуда, – деп жалғастырды сөзін нарколог-дәрігер.

Адам кейпінен айырылғандар

Жасөспірімдерге келсек, нарколог мамандар ішкілікке салыну бойынша есепте тұрғандардың көрсеткіші 3,1 пайызға, токсикоманиялық заттармен әуестенушілердің саны 32 пайызға, психобелсенді заттарды тұтынушылардың көрсеткіші өткен жылғы 233-тен биыл 256-ға өскенін айтады. Психобелсенді заттарды тұтынатын 14 жасқа дейінгі балалардың саны өткен жылы 51 болса, биыл 71-ге жеткен, 16 бала ішімдікке салынған. Тұрмыстық улы заттарды қолданушы балалардың саны 136 пайызға өсуіне байланысты жалпы диспансерлік есепте тұрған балалардың саны 39,2 пайызға артып отыр.

1996 жылғы Дима есімді бозбала 14 жасынан шөп шегіп, 15 жасынан көктамырына героин салған. Жеткіншек кәмелет жасына толғанда, облыстың наркобизнеспен күрес басқармасының мамандары қатты қуаныпты. Өйткені, ол туралы тіпті, республикалық басылымдар жазып, «Шығыста кәмелет жасына толмаған нашақор бар» деген ақпарат бүкіл Қазақстанды шулатқаны біздің де есімізде. Сол ескі танысымыз толық емес, жайсыз отбасынан шыққан. Шешесі ащы суды тәуір көреді. Жасөспірім әжесінің тәрбиесінде болған.

-Алғаш жасөспірімдер кабинетіне түскен ғой. Ауыр есірткі қолдана бастағасын, біз есепке алдық. Сүп-сүйкімді бала болатын, бәріміз жақсы көрдік, – деп есіне алады Сайра Букатова. – Теріс жолға түсуін үлкендер жағынан қатаң бақылаудың болмауынан деп түсіндіретін. Анасы байғұс арағымен әуре, қарт әжесін тыңдамай, ауладағы «достарының» теріс ықпалында кеткен. Солардың ұсынысымен алғаш рет шөп шегіп көреді. Бірінші жолы ұнамайды. Екінші жолы тағы көреді. Осылайша, біртіндеп ауыр есірткіні пайдаланып, кәнігі нашақорға айналып шыға келген. Ішімдікке де әуес, сыраның дәмін алғаш рет 12 жасында татып көріпті. Бізге жеті рет жатып, емделді. Өткен жылы маусым айынан бастап үш рет түсті. Бірақ қоя алмайды. Өзінің ерік-жігері, мақсаты болмағандықтан, Павлодар қаласындағы республикалық оңалту орталығына барудан бас тартты. Шүлбідегі мәжбүрлеп емдеу орнына алты айға жатқызу туралы тағы сот шешімі шыққан.

Кезекті бір жолы диспансерге түскенде, дәрігерлер жеткіншектің өңінен өзгеріс байқайды. Сөйтсе, ұрлық жасағаны үшін сотталып, түрмеден шыққан беті екен. Есірткіге ақша табу үшін үйіндегі дүние-мүлікті сыртқа тасып бітірген жасөспірім енді кәдімгідей қылмыстық әрекеттерге барады. 21 жасқа жаңа толған жігіт ұрлық-қарлық жасағаны үшін екі рет бас бостандығынан айырылып үлгерген. Анасына үнемі қол жұмсайды. Сайра Букатова әңгімесін аяқтамай жатып, сөзімізді полициядан түскен телефон қоңырауы үзіп жіберді.

-Міне, тағы да Дима. Кезекті қылмысы үшін қолға түсіпті, – деп түсіндірді дәрігер сөз арасында.

Бір кездегі сүп-сүйкімді жеткіншек қазір қоғамға аса қауіпті қылмыскерге айналып отыр. Кім кінәлі?

-Кеше кезекшілікте отырғанымда маған тексеріп, кәуландыру үшін бір күдіктіні әкелді. Полиция қызметкерлерінің айтысына қарағанда, төрт адам көңіл көтеріп, арақ ішіп отырған. Содан жанжал шығып, әлгі күдікті қасындағы 1986 жылғы екі адамды пышақтап тастапты. Жуықта Самарда болған қанды оқиғаны да естіген шығарсыздар. Екі ай бойы тоқтаусыз араққа салынған маскүнем бір адамды пышақтап кеткен. Әбден қинап өлтірген деседі полицейлер. Осының барлығы адам кейпінен айырған ащы судың кесірі.

Есірткіге тәуелділікті емдеу көп сатылы

Мидағы тәуелділікті жою керек

Сайра Букатова нашақор болсын, ішкілікке салынған маскүнем болсын, емдеудің алғашқы сатысында олардың қанын улы заттардан толық тазарту керектігін айтады. Облыстық наркологиялық диспансерде емделушілер жиырма бір күн жатып шығады.

-Бізде есірткіге тәуелділікті емдеу – көпсатылы процесс. Өз тәжірибеме келсем, сананы улайтын заттардан тек бірлі-жарым адам ғана құтылады. Өйткені, ұзақ емделуді қажет етеді, 6-7 айға созылуы мүмкін. Ал бізде емдеу уақыты шектеулі, бар болғаны 21 күн. Емделсем дейтіндер көп, бірақ шыдамдары аяғына дейін жетпейді де, ем-дом үзіліп қалады. Республика көлемінде Павлодарда ғана осындай жандарға арналған жалғыз оңалту орталығы бар. Ғылыми-тәжірибелік орталық болғандықтан, ол жерде жоғары кәсіби мамандар істейді, бүкіл республикадан қабылдайды. Біз ниет білдіргендерді сол орталыққа жолдаймыз. Ешқандай ем қабылдағысы келмегендерді сот шешімімен облыс орталығында, Шүлбі, Жаңа Қанай елді мекендерінде орналасқан мәжбүрлеп емдеу мекемелеріне жолдаймыз.

Сайра Төлегенқызы көрші облыстағы оңалту орталығында төрт ай оқып келгендіктен, қалай емдейтінін жақсы біледі. Халық арасындағы «ол жерде ешкім бақылау жасамайды, науқастар қалаға еркін шығып, кейбіреулері қаңғыбас болып кетіпті» деген алыпқашпа әңгімелердің барлығы бос сөз екенін айтады. Оңалту орталығында ем-дом үш кезеңмен жүргізіледі. Негізгі мақсат – есірткі мен араққа деген мидағы тәуелділікті жою. Сол себепті психолог пен психотерапевт мамандардың қызметіне аса мән беріледі. Орталыққа жолдамамен түскен науқастардың алдымен ағзасы улы заттардың әсерінен тазартылады. Бұған бір айдай уақыт кетеді. Науқастың жүйкесі, жүрек-қан тамырларының жұмысы, ішкі құрылысы толық тексеріледі, жанама дерттері анықталады. Біздің диспансерде мұндай жан-жақты ем жасауға уақыт тығыз. Одан кейін екінші кезеңде психотерапевтің қызметі қосылады. Аурулармен күнделікті, бірнеше сағат бойы жұмыс жүргізіледі. Барлық жерде – бейнебақылау, қатаң тәртіп. Бұл кезең ең жауапты, оның мерзімі шектелмеген. Науқастар психотерапевтің қызметін бірнеше айға дейін пайдалана алады. Науқастың санасы зиянды заттарға тәуелділіктен құтылды деген кезде, емдеу немесе оңалту терапиясы басталады. Емделушілер Павлодардан 20 шақырым қашықтықта орналасқан шаруашылықта жұмыс істейді. Бұл жерде де олар мамандардың қырағы назарында. Еңбек терапиясы арнайы бағдарламамен ұйымдастырылады. Жарты жылдан кейін науқас бұл орталықтан мүлде басқа азамат болып шығады. Ем-домның әсері бірнеше жылға жетуі тиіс. Егер науқас есірткі мен ішімдікке тәуелділікті қайта сезіне бастаса, өз дәрігеріне барып, тағы жолдама алуына болады.

Дәрігердің тәжірибесінде бір азамат бар. Үш жыл сайын өз еркімен келіп, аталмыш орталыққа сұранады.

-Маған қатты ұнайды дейді. Бізге күнделік дәптерін көрсетті. Орталықта психотерапевтердің айтқан кеңестерінің барлығын жазып алып жүрген. Қиналған кезде соларды оқиды. Сонымен қатар, ол жердің мамандарына өздеріне қаралған науқастар кез келген мезгілде телефон шалып, проблемаларын бөлісе алады, – деп түсіндірді маман.

Қазіргі таңда орталыққа емге жолдаудың реті жеңілдетілген. Бұрынғыдай квота алудың қажеті жоқ. Егер науқас барып емделемін десе, облыстық наркологиялық дипансердің басшысы Павлодардағы орталықтың бас дәрігеріне хабарласып, бос орын болса, жібере береді. Орталық емделушілерді күндіз-түні қабылдайды. Оның үстіне, науқастардың жолы да, орталықта емделуі, тамағы, барлығы тегін.

– Ол жақтағылар бізге бір ғана өтініш жасайды, «уақытты босқа өткізбес үшін, науқастар мүмкіндігінше қандарын тазартып келсе» деп. Сол себепті жолдама берердің алдында науқастарды өзіміздегі курстан өткіземіз, – деді нарколог-дәрігер. – Ал емделіп болғаннан кейін оны тек туыстарының қолына тапсырады. Орталықтан бірде-бір науқас өз бетімен шыға алмайды. Ол жағынан өте қатал тәртіп орнатылған.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button