«Дидардың» қонағы

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ: – Шәмшінің сирек айтылатын әндері орындалмай жүр

Алтайды әнге бөлеген Шәмші Қалдаяқов әндерінің «Менің Қазақстаным» атты халықаралық байқауына көп өнер майталмандарымен бірге Қазақстанның халық әртісі, белгілі композитор, әнші Ескендір Хасанғалиев те келіп, ел көңілін көктем етіп кеткен еді. Сол байқау барысында дарынды сазгермен сұхбаттасудың сәті түскен болатын.

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ: – Шәмшінің сирек айтылатын әндері орындалмай жүр

Лениннің орнына Абайды қою – үлкен ерлік


– Аға, Алтайға жиі келіп тұрасыз ба?

– Солай десе де болады. Құдайға шүкір, шақыру көп түсіп жатады. Жуықта ғана келіп, осындағы бір ініміздің қуанышына ортақтасып кеткенбіз. Міне, бүгін Шәмшінің әнін шырқауға келдік.

– Бұл байқаудың басы-қасында жүрген адам ретінде оның биыл Шығыста ұйымдастырылып отырғаны жайында не айтар едіңіз?

– Басы-қасында жүрмін деу артықтау болар. Осыдан бір жыл бұрын Шәмші әндерінің Астанада өткен байқауында қазылық еткен едім. Енді биыл Өскеменге келіп отырмыз. Бар болғаны сол. Ал оның Шығыста өткізілуі – нағыз құптарлық іс. Жалпы, биліктің бұл байқауға ерекше көңіл бөлуі жаңа леп, жаңа әсер сыйлады деп айтуға болады. Бұл байқау осыған дейін Шымкентте 19 рет өткізілген екен. Ондағы деңгей бөлек, бүгінгі деңгей мүлде басқаша. Байқау республикалық деңгейге көтерілген үш жылдың ішінде жастардың Шәмші әндеріне деген құштарлығы өскенін айтқым келеді. Бір әттеген-айы, байқауларда Шәмші ағаның сирек айтылып жүрген әндері орындалмай жүр. Жас үміткерлер алдағы байқауларда осыны ескерсе екен деймін.

– Өзіңіз туралы әңгімеге көшсек. «Менің әндерім орта және алдыңғы буын тыңдармандары үшін ғана керек болып қалар ма екен?» деген қауіп немесе күдік жоқ па көкейіңізде?

– Шығармашылығымның насихатталуы жайында айтар болсақ, ол жағына көңілім алаңдамайды. Батыс Қазақстан облысында екі жылда бір рет менің әндерімнен халықаралық байқау өткізіліп келеді. Бұл да болса композиторды танымал етудің, оның әндерін халық бойына сіңірудің бір тәсілі ғой. Сонда байқағаным және бүгін де көзім жетіп отыр: Шәмші ағаның болсын, менің болсын әндеріме қызығушылық бар. Тек бізде ғана емес, жақын шетелде де солай. Ең маңыздысы да осы.

– Астана мен Алматыда өткен жетінші Қысқы Азия ойындарының Әнұранын жазып, байқауда шаппай, бәйге алғаныңызды естіп, қуанғанбыз. Алайда, сол шығармаңыз оның жабылуында айтылмай қалды. Кейін халық оған сіздің атыңыздан өкпе-наз білдіріп жатты. Осы даулы әңгіменің түйінін өзіңіздің аузыңыздан естісек…

– Шаппай бәйге алғанымыз рас еді. Үлкен конкурс болып, көп әннің ішінен халық менің әнімді таңдады. Ел-жұрт болып, ғаламтор арқылы дауыс берген еді ғой. Ең көп дауысты менің әнұраным жинады. Ал оның салтанатты шара кезінде орындалмауы бізге де, тыңдаушы халыққа да байланысты емес, басшылардың ар-ұяты мен талғамына тікелей қатысты. Солардың шешімімен болған нәрсе. Ең бастысы, жетінші Қысқы Азия ойындарының әнұраны ретінде тарихта мен жазған ән қалады. Оның іле-шала әуе толқындарында орындалып, баспасөз бетінде жариялануы көңіліме үлкен медет болған-ды. Еліміз аман болса, әлі талай спорт сайыстарын өткізерміз. Бұл ән – Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы бірінші ойындардың бірінші әнұраны. Сонысымен де құнды.

– Шығысқа жиі келіп тұратыныңызды айттыңыз. Мұндағы рухани серпіліске қандай баға берер едіңіз?

– Келген сайын қуанып қалатын болдық. Биыл мешіт ашылыпты. Өзі үш мың орындық екен. Бұл ғажап дүние ғой! Ал Лениннің ескерткішінің орнына Абайдың ескерткіші орнауы – үлкен ерлік. Бұл үшін өнер адамы ретінде облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВҚА үлкен ризашылығымды білдірер едім.

Елдің мұңын әнмен жеткізіп жүрмін


– Аға, біраз жасты еңсердіңіз. Ораза ұстап, намаз оқу жайында ойланған жоқсыз ба?

– Ораза бүкілхалықтық мейрамға айналып келеді. Бүгінде жасөспірімдерден бастап, еңкейген кәріге дейін оразаның қадір-қасиетін ұғынып, бойларына сіңіре бастады. Бұл да Алланың қазақ халқына берген зор нығметі деп ойлаймын. Біз соған шүкіршілік етуіміз керек. Әрине, кейбір адамдар денсаулығына, басқа да жағдайларына байланысты дер кезінде ауыз бекіте алмауы мүмкін. Соның бірі – мен өзіммін, денсаулығым мүмкіндік бермегендіктен, ұстай алмаймын. Шынын айтқанда, Рамазан айында ауыз бекітіп жататын жастарға қарап қызығамыз, біз де ұстасақ қой деп армандаймыз. Дегенмен, ниетіміз түзу, Аллаға деген көзқарасымыз оң. Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі мені айт, мәуліт мерекелері кезінде ұйымдастырылатын жиындарға үнемі шақырып тұрады. Естіген шығарсыздар, менің Кеңес өкіметі құлағаннан кейін асыл дініміздің қайта оралуына байланысты шығарған «О, Алла» атты әнім бар. Сөзін Тұманбай Молдағалиев пен Әбдірахман Асылбеков жазған. Бас мүфтиіміз осы әнді ерекше жақсы көреді. Өз басым аталмыш діни мерекелер кезінде осы әнімді орындап тұрамын.

– Сіз үшін «халық сөзі» деген ұғым нені білдіреді?

– «Халық сөзі» деген ұғым, меніңше, белгілі адамдардың аузымен айтылатын, ел үшін пайдасы зор, ұтымды сөз бен ойдың жиынтығына саяды. Әсіресе, ақын-жазушылардың айтқаны өтімдірек болады. Себебі, олардың көзқарасы мен ойы нағыз халықтық дүниетанымнан, ұлттың қайнар-бұлағынан бастау алады. Және олар қазақтың әдебиетін, философиясын, дәстүр-салтын, шешендік сөздерін басқаларға қарағанда жетіктеу біледі. Сондықтан халықтың ойын дөп басып айтуға олар жақындау келеді. Бұл орайда қолына қалам ұстаған зиялының бәрі үлкен жүк пен жауапкершілік арқалайды.

– Халық көңілін әнмен көтеру бір бөлек те, оның сөзін сөйлеу бір бөлек. Өзіңіз елдің сөзін айтып жүрсіз бе?

– Мен халықтың ойын әнмен жеткіземін. Ой-арманын, аңсар-тілегін ән арқылы сипаттаймын. Ол сөз бола ма, ән бола ма, әйтеуір халықтың қазынасынан алынып, сол қазына толықтырылып, қайта құйылады ғой. Ешкім де жаңалық ашпайды, халықтың мұрасы жаңарып, түрленіп, сол халыққа қайта барады. Оларды өзімізше жаңа талапқа сай қайта өңдейміз, әрлейміз. Бірақ, жаңа шапан кигізіп, жасартқанмен, ол бәрібір халықтың өзінің төл мұрасы.

– Жалпы, халық сөзін айтып жүрген кімдерді атар едіңіз?

– Адалдығын да, адамдығын да танытып, халыққа шын қызмет еткен ер деп Бауыржан Момышұлын айтар едім. Оның қазаққа сүйіспеншілігі айырықша болды. Бүгінгі зиялылардан халық сөзін үлкен мінберлерден Бекболат Тілеухан айтып жүр. Үні өзгелерден өршіл, өктем естіледі. Халық сөзін айтатындар көп қой, жөпелдемеде есіме түспей жатыр. Сипай қамшылап қана айтатындар да бар, оны да білеміз…

– Соңғы уақыттарда «патриоттық әндер жоқтың қасы» деген әңгіме саябырлай бастады. Соған тікелей түрткі болған әндердің бірі «Көк тудың желбірегені» атты тамаша ән деп жүр халық. Патриоттық әндердің авторы ретінде, жалпы осы бағыттағы кәсіби маман ретінде осы әнге қандай баға берер едіңіз?

– «Көк тудың желбірегені» әні менің көңіліме өте қонатын ән. Өйткені, оның дыбыс ырғағы мен мәтінінде қазақы леп, үлкен рух бар. Қазақы болмысты, Отанның ұлылығын, даланың кеңдігін көрсететін бір қасиет бар осы әнде. Жақсы жазылған ән. Орындап жүрген жас жігіт те лайықты айтады. Дауысында бір ерекшелік бар. Әні мен сөзі де өте табысты, орындалуы да сәтті үйлескен. Мұндай гармониялық туынды түбінде үлкен шығармаға айналады. Қысқасы, бұл әнді мен қатты ұнатамын. Ту – бүтін бір мемлекеттің, бүтін бір ұлттың символы. Ол аспанға көтерілгенде өзімен бірге миллиондаған халқының қадір-құндылығын, үміт-арманын, атақ-абыройын, ар-намысын биікке ала шығады. Олай болса, қазақтың бүгіні мен болашағын аспандатқан туымыз ешқашан төмендемесін! Биікте асқақтаған көк туымызды мәңгілік өшпес ән-жырдың қуатымен ұлықтаған «Көк тудың желбірегені» сынды теңдессіз әндер де, осындай туындыны жарыққа әкелген текті ұлдар да көбейе берсін!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы
Керек дерек

Ескендір Өтегенұлы ХАСАНҒАЛИЕВ 1940 жылы Орал облысында туған. Әнші (лирикалық баритон), композитор, 1984 жылы Қазақстанның халық әртісі атағына ие болған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының хор-вокал факультетін (Е.Виноградов пен Н.Шарипованың класы бойынша), Әл-Фараби атындағы Шымкент мәдениет институтын бітірген. 1970 жылдан бастап Қазақ радиосы мен теледидарының әншісі. Е.Хасанғалиевтің ән орындау мәнері жоғарғы кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. «Құрмет» орденінің иегері. Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», «Асыл арман», «Атамекен» әндері тек Қазақстанның тыңдармандарына ғана емес, шетел жұртына да жақсы танымал. Е.Хасанғалиев шығармашылығына тақырыптың әмбебаптығы мен материалды берудің көп салалығы тән. Ол қазақ, орыс, ұйғыр, татар, неміс ақындарының сөздеріне ән жазды. Сондай-ақ, қазіргі қазақ композиторларының ән-романстарын нақышына келтіре, шебер орындайтын әнші әндерінің тақырыбы сан алуан болып келеді. Сазгердің бірнеше ән жинағы жарық көрген.

Осы айдарда

Back to top button