Қоғам

Есентай мен Елизавета ерледі

Есентай мен Елизавета ерледі


Саха республикасының астанасы Якутскіде (Ресей) өткен VI халықаралық «Азия балалары-2016» турнирінде еліміздің құрамасы сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз бірнеше медальді олжалады.

Жарыстың алғашқы күнінде жеңіл атлет Елизавета Матвеева топ жарды. Қыздар бәсекесінде сынға түскен ол биіктікке секіруде 165 см бағындырып, чемпион атанды.

Дәл осы турнирдің алтын медалін семейлік балуан Есентай Имаханов иеленді. Самбо күресінен 46 келі салмақта бақ сынаған шығысқазақстандық спортшы финалдық белдесуде Ресейдің Сібір Федералды округінен шыққан балуанды жеңді.

Сондай-ақ, облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың тәрбиеленушісі Шыңғыс Мұхаметқалиев күміс жүлдегер атанды бұл турнирде. 69 келі салмақта белдескен біздің жігіт ресейлік қарсыласына бар-жоғы екі ұпай ғана ұтылды.

Мәдидің күмісі

Венгрияның Пакс қаласында өткен «Еуропаның ашық кубогі» халықаралық турнирінде Мәди Сембаев күміс медальға қол жеткізді.
Жалпы бұл жарысқа біздің облыстан жаттықтырушы Асқар Арқабаевтан тәлім алатын бірнеше спортшы қатысқан болатын. Солардың ішінде 73 келі салмақта татамиге шыққан Мәди Сембаев екінші орынға табан тіреді. Ол бірінші орын алған Ресей өкілінен бір ұпай қалып қойды.

Алтынға бір ұпайы жетпей қалды

Тайпейде мәреге жеткен еркін күрестен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында талантты жерлесіміз Диас Асқаров күміспен күптелді.
69 келіде күрескен Диас бірінші орын иеленген үндістандық балуанға бір ғана ұпай жетпей қалды.
Айта кетейік, спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта оқитын Азияның күміс жүлдегерін білікті бапкер Асқар Мұқашев жаттықтырады.

Осы айдарда

Back to top button