Қоғам

Енді жолдаған өтінішіңіз жол ортада қалмайды

Енді жолдаған өтінішіңіз жол ортада қалмайды


Енді ел тұрғындары ағымдағы жылдың 1 қарашасынан бастап кез келген мемлекеттік органға электронды түрдегі өтінішті, ұсыныстар мен шағымдарды тікелей жолдай алатын болды. Атап өтерлігі, жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен талап-тілектерін қабылдауға арналған қанатқақты жоба республика бойынша еліміздің Шығысынан бастау алып отыр.

Бұл жаңа өзгерістің бастамашысы еліміздің Бас Прокуратурасы екенін айтқан жөн. Аталмыш рәсімді жүргізу үшін «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының кез келген филиалына (бұрынғы халыққа қызмет көрсету орталықтары) барып, ондағы қызметкерден тапсырысты рәсімдеуді сұрау қажет. Егер сізде электронды сандық қолтаңба болса, тіптен жақсы, өтінішті рәсімдеу жылдам орындалады. Ал болмаған жағдайда оны сол жерде орталық қызметкерлері бірнеше минуттың ішінде дайындап береді. Ол үшін жаныңызда жеке куәлігіңіздің болуы жеткілікті. Мұның бәрі ақысыз негізде орындалады.

– Бұл жаңашылдық әсіресе алыстағы ауылдарда тұратын азаматтар үшін өте қолайлы, – дейді Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ШҚО бойынша басқармасының бастығы Мұрат Құсайынов. – Көптеген тұрғындарға облыс орталығына, Астанаға бару қиынға соғары анық. Ал «Қазпошта» арқылы хатпен жіберілетін шағымдар конвертті, марканы және хатты жіберу үшін қосымша қызметті талап етеді. Сондықтан азаматтарға электрондық сандық қолтаңбаны қолдану арқылы тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік корпорацияның жергілікті филиалына жүгінген және қажетті құжаттарды электронды түрде тапсырған әлдеқайда тиімді. Филиал қызметкерлері осындай өтінішпен келген барлық тұрғындарға құжаттарды рәсімдеу кезінде көмектесуге, артынан тапсырысты тиісті мемлекеттік органға онлайн режимінде жіберуге міндетті.

Егер жіберілетін шағымға ілеспе құжаттар, мәселен, қосымша анықтамалар, фотолар, сараптама актілері қажет болса, бұл құжаттар да электронды форматқа айналдырылып, негізгі өтінішпен қоса жіберіледі. Өз кезегінде шағымданушы жауапты өзінің қалауы бойынша пошта арқылы немесе электронды мекенжайы бойынша ала алады.

Жобаны дайындаушылардың айтуынша, жаңа жүйенің дау тудырмайтын басты артықшылығы, ол тұрғындар өтінішінің жіберілген органға жетіп, міндетті түрде қаралатындығы. Жасыратыны жоқ, бұрын қағаз арқылы жіберілген арыз-шағымдардың көбісі орта жолда жоғалып кететін, не болмаса жауап берілмей қалатын фактілер жиі кездескен.

– Өтініш электрондық іс өндірісі жүйесіне автоматты түрде түсіп, бірден тіркеледі және бірегей нөмір алады. Бұдан бөлек азаматтарға үш таңбалы нөмір беріледі. Сол арқылы олар сайттан өз өтініштерінің орындалу барысын, орындаушысының кім екенін, істің қай деңгейде келе жатқанын толық бақылай алады. Сондай-ақ ақыр соңында өз өтінішіне мемлекеттік органнан сауатты түрде берілген жауапты ала алатын болады. Мұның бәрі де тегін жүргізіледі. Сондықтан барша шығысқазақстандықтарды жаңа жобаға белсенді қатысып, мемлекеттік қызметтерді тиімді пайдалануға шақырамыз – дейді Мұрат Құсайынов.

Мұрат Көбегенұлы сонымен бірге арнайы жүргізілген сараптамалардың нәтижесінде жыл сайын мемлекеттік органдарға жолданатын азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштері артып бара жатқаны байқалған соң, оларды беруді және қарауды барынша жеңілдету жағы қолға алынғанын айтады.
Жаңа қызмет тұрғындардың уақыты мен қаражатын ғана үнемдеп қоймай, жүйке жүйелерін де айтарлықтай жеңілдетпек. Егер берілген жауапқа қанағаттанбаған жағдайда, онда қайталап жіберуге де болады.

Қосымша ақпарат ретінде айтарымыз, жеке және заңды тұлғалар өздерін толғандырған мәселелерін жолдау бойынша 8 (7232) 78 42 90, 22 48 03 телефондары арқылы хабарласа алады. Бас Прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті ШҚО бойынша басқармасының телефоны – 8 (7232) 61 40 57.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button