Руханият

Елдің есінде қалар ерекше кеш

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Зайсан ауданы, Қаратал ауылының клубында «Ұлттық Рухани жаңғыру» аясында «Ұлы тұлғаны ұлықтау – ұрпақтар ісі» атты әдеби-мәдени шара өтті.

Алқалы жиын барысында қазақ поэзиясының қаракері, өлең өлкесінде өзінің өшпес қолтаңбасын қалдырған аяулы ақынымыз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдаулетовтің шығармашылығы дәріптелді. Сонымен қатар бұл күні он саусағынан өнер тамған суретшілеріміз, зейнеткер ұстаз Болат Көңілбаев пен ұстаз Жанна Құрманбаева өздерінің қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсынып, мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан ел қатарлы еңбек етіп, темірден түйін түйген Руслан Қайрақовтың жасаған бұйымдары насихатталды.

Көрмені қонақтарға «Асыл аналар» тобының жетекшісі Гүлшира Смекенова таныстырды. Ал жиналған жұртшылық «өнерімен өріс ашқан» қолөнер шеберіне алғыстарын жаударып, ақ тілегін арнады.

Кітапханашы Руза Бурашева Ұлықбек Есдәулетовтің өмірбаянымен таныстырса, ұстаз Серік Қалиолда мен Қазақстан мектебінің оқушысы Нұрбол Есболат ақын өлеңдерін жатқа оқыды. Ауданда өткен Ұлықбек Есдаулетов оқуларының бірінші орын жүлдегері, қазіргі уақытта Өскемендегі Білім-инновация лицейінің 7-сыныбында оқып жүрген Дінмұхаммед Сайранов ақын өлеңін видео арқылы жолдады. Мектеп ұстаздары Шолпан Құмарбекова мен Карима Ихабатова, сондай-ақ осы жиынға арнайы келіп қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсенбаева мен А.Талғарбекова көпшілік алдында сөз сөйлеп, ақын шығармашылығы туралы ойларын ортаға салды.

Мектеп  психологі Мадина Тымақбаева психологиялық треннинг өткізді. Семинар барысында Ұлықбек Есдәулетов өзінің жерлестеріне деген видео арқылы алғысын білдіріп, өлеңін жолдаса, әншілер Камшат Құрманғалиева ақынның сөзіне жазылған «Беу балалық» әнін, Айман Сырғабаева мен Айнұр Қалиева «Заман-ай» әнін орындады.

Өмірін өлеңмен өрнектеген, жан жадыратар лирикалық жырларымен оқырманын баурап алған, ел-жұртының аңсар-арманын, мұрат-мақсатын жырға қосқан шыншыл да сыршыл ақынның шығармашылығын дәріптеген ел есінде қалар ерекше кеш осылай өтті.

Руза Бурашева,

Қаратал ауылдық округінің кітапханашысы

 Зайсан ауданы.

 

Осы айдарда

Back to top button