Қоғам

«Елдар» қысы-жазы қымыз өндірмек

«Елдар» қысы-жазы қымыз өндірмек


Көкпекті ауданында Индустрияландыру картасы аясында төрт инвестициялық жоба жүзеге асады. Соның бірі – қымыз өндірісі. Оған «Елдар» шаруа қожалығының басшысы Ербол Шәкеров жетекшілік етеді.

Бүгінде ұлттық сусынды өндіріп, күнкөріс көзіне айналдырып отырған ол – тек кәсіпкер ғана емес, сары қымыз бен салқын саумалдың арғы-бергі тарихын жете білетін жан. Дертіне шипа, деніне саулық іздеген адамдар әрбір сауын мезгілінде осы ауылдан қымыз алдырады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, үйінен қысы-жазы қымыз үзілмейтін Ербол мүмкіндігі шектеулі жандар мен тұрмысы төмен отбасыларға қымызды тегін таратып тұрады.

Осыдан тоғыз жыл бұрын мүлдем қараусыз қалған жерде кәсіпкер жұмысшыларына арналған жаңа үйлер тұрғызып, қымыз өндіретін шағын цехқа қажетті қондырғыларды орнатып жатыр. «Аграрлық кредит корпорациясы» мен «Алтын асық», «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары арқылы несие алып, шаруасын дөңгелетіп отырған Ербол бүгінде елу шақты адамды жұмыспен қамтып отыр.

Бастапқыда мемлекет тарапынан бөлінген 86 млн. теңгеге 40 бас биеге арналған сауын орны мен екі тонна сүтті сақтайтын тоңазытқыш камераларын алыпты. Кейін 150 бас ірі қара малды бордақылайтын алаң салып, мемлекеттік бағдарлама арқылы 72 бие мен 13 асыл тұқымды құлын сатып алған екен. Он шақты жыл бұрын 49 жылға жерді жалға алған Ербол егістік алқабына арпа, сұлы, жоңышқа, картоп егіп, мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге бөлінетін субсидияны алып отыр.

Өткен жылы аталмыш шаруа қожалығы алты айдың ішінде 21,5 мың литр қымыз өндіріп, жеті млн. теңгеге жуық қаражат жинапты. Жеке кәсіпкердің айтуынша, қымыздан түскен ақшаны ол шаруашылықтың қажетті заттарын алуға жұмсаған. Енді Ербол Шәкеров 2019 жылға дейін ірі қара малдың басын көбейтіп, қымыз көлемін 87 пайызға арттыруды жоспарлап отыр.

Жыл сайын бұл шаруа қожалығының жұмысшылары қысқы малдың азығы үшін 100 тонна сұлы мен жемшөп, 1000 тоннадан астам пішен әзірлейді. «Елдар» шаруа қожалығының жұмысшылары көктем шыға салысымен К-700, МТЗ-82 тракторларын техникалық тексерістен өткізіп, жазға салым қызу жұмысқа кірісіп кетеді.

Қазір жеке кәсіпкер елу шақты адамды жұмыспен қамтып отыр. Шаруа қожалығы ашылған күннен бастап жылқышы болып жұмыс істейтін Михаил Козенков бұл жерге отбасымен бірге көшіп келмек.

– Асхана, жатар орын дайын. Жалақы ай сайын тұрақты беріліп тұрады. Жылқы шаруашылығының жан-жақты өрістеуіне барлық жағдай жасалған, – дейді Михаил Козенков.

Жобаны жүзеге асырушылар жергілікті өнімнің сапасы барлық талапқа сай боларына сенімді. Шағын ғана ауылда өңделетін ұлттық өнім жыл он екі ай бойы үзіліссіз өндірілетін болады деп жоспарланып отыр.

Палатцы аумағында аталмыш шаруашылыққа тиесілі 15 мың гектар жер бар. Оның басым бөлігі – мың жылқының тұяғы тиетін жайылымдық жер. Ербол Шәкеровтің айтуынша, бие басынан күніне орта есеппен 10-12 литр сүт сауылады. Тіпті, кейбірі 15-17 литрге дейін береді.

– Жеті-сегіз ай сауып, әрбір бие басынан 1500-2000 литрге дейін сүт алуға болады. «Сауын саусаң бие сау, боз қырау түспей суалмас» деп тегін айтылмаған. Жылқының күтімі келіссе, бие сауудың биеге де, құлынға да зияны болмайды, – дейді Ербол Шәкеров.

Жыл сайын шаруашылық басшысы алғашқы қымызды дәстүр бойынша ауылдың үлкендерін шақырып, ауыз тигізіп, батасын алып, «қымызмұрындық» өткізіп тұрады.

– Қымыз ашытылатын ыдыстың ішіне қойдың сүрі құйрығын немесе жылқының сүрі қазысы мен семіз жаясын салып жіберсе, қымыз майлы әрі жұмсақ болады. Әдетте, қымыздың өзінен де май шығады. Ол май қаралтқымданып, қымыздың бетінде қалқып жүреді. Қымызды дайындаудың әдіс-тәсілдері әр өңірде әртүрлі. Адамдардың шеберлігіне, жердің шөбіне, уақыт мезгіліне қарай бірнеше түрге бөлінеді, – дейді Ербол Шәкеров.

Ербол Шәкеров қымыз арқылы науқас адамдарды ғана емдеп қоймай, балапан мен тауықтың ащы ішегінде қабыну белгілері байқалғанда, бұзау мен құлындар гастроэнтеритке шалдыққанда, ірі қара малдың асқазаны әлсірегенде, торайлардың іш ауруларында, сиыр, бие мен қойда кездесетін іріңді вагинит және эндометрит, іріңді желінсау ауруына қарсы қолдануға болатынын айтты.

– Біле білсеңіз, орыс жазушылары Л.Толстой Самара даласында, ал А.Чехов Андреевск санаторийінде қымызбен емделген. Бұл біздің халықтық емнің жоғары деңгейде дамығанын білдіреді. Бие сүтінің ерекшелігі, ол қайнатуға келмейді. Оған стери¬лизация, пастеризация жасауға болмайды. Ал басқа жануарлардың сүттерін, мысалы, сиыр, ешкі, қой сүттерін міндетті түрде қайнату, пасте¬ризациялау қажет. Бұл сүттер сте¬рилизация барысында өзі¬нің та¬биғи қасиеттерін жоғал¬тады, дейді Ербол Шәкеров
Ербол Шәкеров қымыздың ұлттық бренд ретінде ЭКСПО 2017 ха¬лық¬аралық көрмесінде лайықты орын алатынына сеніледі.

Ажар Сағатбекова

Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button