Мәдениет

Елібаев «емтиханын» сәтті тапсырды

Елібаев «емтиханын» сәтті тапсырды


«Егер халық әншіні сүйіп тыңдаса, демек оның бойында құдай берген талант бар» деген екен өзінің бір сұхбатында Рамазан Елібаев. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор жерлесіміздің шығармашылық концертіне келген қалың елге қарап тұрып, осы сөзін есімізге алдық. Дарын иесінің «Әнім саған, туған ел!» атты ән-кеші Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында өтті.

Әнші Рамазан десе, әуелі еске «Тұмарым, ай-ай, тұмарым…» деген жолдардың орала кететіні рас. 1987 жылы шлягер болып танылған бұл әннің өзіндік тарихы бар. Целиноград қаласынан пойызбен келе жатқан сазгер көршілес қыздың ән дәптерінен «Тұмарым» деген әнді көзі шалып қалады. Оқып шығып, ерекше толғанысқа бөленген ағамыз табан астында көшіріп алып, Алматыға жеткен соң, өңдеп шығарады. Әнді Әлібек Абракимов атты әншімен дуэт құрып орындаған. Арада бір жұма өтпей әуезді ән эфирден, радиодан шырқала бастайды.

Рамазан Елібаевтың өзге де көптеген әндері өз бағасын алған. Сазгер әндерін орындап, облыстық, республикалық ән додаларында топ жарған жас әншілер кеш иесіне ән-шашуларын ала келген екен. Ағамыздың соңынан ерген жас әнші-сазгер, республикалық «Жас қанат» байқауының жеңімпазы Қаршыға Елтанов Абай елінен арнайы келіп құттықтап, кеш көрігін қыздырды.

Сонау соғыс жылдарынан салқын сыр шертетін «Военное танго» әнін автор өзі орындады. Сол жылдары үздіккен үміт, баянсыз ғұмыр мен бақытсыз елді көргендер ерекше ықыласпен тыңдады бұл әнді.

Елібаев «емтиханын» сәтті тапсырды

Елібаевтың ел арасына кең тараған тағы бір ерекше тарихи әні – «Көздер-ай». Ішкі істер ансамблімен Орал қаласында гастрольдік сапарда жүрген Рамазан, концерт залының алдыңғы қатарынан көзі тұздай сары қызды байқап қалған. Қайтуға бір күн қалғанда көгілдір көзді қыз келіп, ағамызға бір жапырақ хат ұстатып, «Қош болыңыз» деп қана шығып кеткен. Хатта «Концертіңізге тек сіз үшін келуші едім, егер мақұл көрсеңіз, мына номерге қоңырау шалыңыз…» деген жолдар болған көрінеді. Алайда әнші номерге қоңырау шалғанымен, сол бір дауысты таба алмаған. Бірде Машеков атты ақынның кітапшасынан «Көздер-ай» деген өлеңге көзі түсіп, сол қызға ән етіп арнауды жөн көреді.

Кеш соңында әнші халқының сый-тартуы мен қошемет-құрметіне бөленді. Ағамыз бірде, 2004 жылы «Егемен Қазақстан» басылымына берген сұхбатында «Менің сахнада тұрғандағы басты мақсатым – халықтың алдында «емтиханды» сәтті тапсыру» деген екен. Ендеше, осы күні Рамазан Елібаевтың өмір мен өнердің үлкен сахнасында тұрып, ел алдындағы «емтиханын» жоғары балмен тапсырғанын әнсүйер қауымның марқайған көңілінен байқадық. Биыл ардагер әнші 70 жасқа толғанын оқырманға айта кеткен ләзім.

Оразай Жеңісұлы

Осы айдарда

Back to top button