Денсаулық сақтау

Дәрігерлер біліктілігі әлемдік стандартқа сай ма?

Дәрігерлер біліктілігі әлемдік стандартқа сай ма?


Облыс басшылығы денсаулық сақтау саласына әрдайым көңіл бөліп келеді. Мәселен, алдыңғы жылы 12 млрд. теңгеге облыстағы медициналық мекемелер жоғары технологиялық қондырғылармен қамтылды. Биыл бұл мақсатқа тағы 4,6 млрд. теңге қаржы бөлінеді деп көзделуде. Сөйтіп, 2019 жылға дейін медициналық нысандарды техникалық құрал-жабдықпен қамтудың негізгі кезеңі аяқталмақ. Бұл туралы семейлік дәрігерлермен кездесу барысында облыс әкімі Даниал Ахметов мәлім етті.

Семейге іссапары аясында аймақ басшысы перинаталды орталық пен медициналық жедел жәрдем ауруханасына барған болатын. Айта кету керек, аталмыш мекемелер облыс басшысының тапсырмасы бойынша заманауи қондырғылармен жарақталған еді. Мәселен, перинаталды орталықта құны 1 млрд. сомадан асатын жоғары технологиялық аппарат орнатылған-ды. Ол сапалы диагностикалық қызмет түрлерін көрсетуге сеп болмақ. Дей тұрғанымен, сапалы қызмет білікті кадрға да байланысты. Осы ретте былтыр Шығыс Қазақстанның 50-ден астам дәрігері Еуропаның үздік клиникаларына оқуға жіберіліпті.

– Біліктілікті арттыру негізгі үш бағыт бойынша қолға алынды. Олар ана мен баланың денсаулығын сақтау, қан айналымы және онкологиялық ауру түрлері. Тұтастай алып қарасақ, мамандардың білімін жетілдіру, сондай-ақ медициналық ұйымдардың инфрақұрылымын жаңарту жұмысы Шығыс Қазақстандағы денсаулық сақтау саласын жаңа сапалы деңгейге көтеруге кепіл болары даусыз. Бұған қоса, ағымдағы жылы медициналық жедел жәрдем ауруханасының негізінде травматология және ортопедия орталығын құруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жарақталған ота бөлмелері қарастырылған. Бұл өз кезегінде еліміздің жетекші мамандарымен буындарды эндопротездеу бойынша озық технологиялық емдеу түрлерін енгізуге жол ашады. Сондықтан бұл аурухананың маңызы ерекше. Олай дейтініміз, осы мекеме аймақтағы тоғыз ауданға қызмет етіп келеді, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов.

Дәл осы аурухананың тоғыз дәрігері 2017 жылы Лондонның клиникаларында өз шеберліктерін шыңдаған екен. Бұл облыс әкімінің арнайы бағдарламасы аясында жүзеге асты. Семейлік дәрігерлер аймақ басшысына шет елде жиған тәжірибелерімен бөлісті. Әйтсе де, Даниал Ахметов кәсіби білімді қатардағы қызметкерден бөлек, бас дәрігер де міндетті түрде арттыру қажет екендігіне баса тоқталды. Оқу курсына дәрігерлерді толық құраммен жіберудің маңыздылығы да осында деді аймақ басшысы..

– Егерде кез келген бас дәрігер оқудан бас тартса, ол өз орнын босатуы тиіс. Бізге өзінің кәсіби шеберлігін үнемі жетілдіріп отыруды мақсат ететін мамандар қажет. Неге? Өйткені, осы оқыту курсын тағайындауда біз ұжымдық немесе бригадалық принципті ұстандық. Бұл орайда бас дәрігердің орны бөлек. Мысалы, бас дәрігер барлық жаңалықтарды өз көзімен көрмесе, мұндай маманнан қандай сапалы қызметті күтуге болады? Сондықтан тізімді әзірлегенде міндетті жағдайда бас дәрігер де болуы міндет. Бұл бағыттағы жұмысты әрмен қарай жалғастыра береміз. Десек те барлығы сіздердің ниеттеріңізге байланысты, – деп өз сөзін түйді Даниал Ахметов.

Кездесуде облыс әкімі медицина өкілдеріне ағылшын тілін үйренуге кеңес берді. Себебі, бүгінгі нарықтық экононмиканың талабы да осы. Заман көшінен қалмау үшін Даниал Ахметов, өзі де шет тілін меңгеріп жатқанын атады.

– Біздің үйренеріміз әлі де көп. Мұны мойындауымыз қажет. Араларыңызда қабілеті жоғары адамдар бар шығар, бірақ та тұтастай медицинаның деңгейі төмен. Ал оны ілгерілету үшін үздіксіз оқу әрі әлемдік медициналық талаптарды қатаң сақтау қажет, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов.

Жақсылық Сүлейменов
Семей.

Осы айдарда

Back to top button