«Дидардың» қонағы

Дәлел УӘШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Жұлдыз деген сөзді түбірімен алып тастау керек

Әр нәрсенің орайы келетін кез болады. Белгілі әнші Дәлел Уәшевпен біздің әңгімеміздің орайы оның Өскеменге келген сапары кезінде, атап айтқанда, әншінің Шығыстағы жерлестері алдында «Аяулы менің мекенім» атты концерт берген кезде келген еді.

Дәлел УӘШЕВ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: – Жұлдыз деген сөзді түбірімен алып тастау керек

Туған жерге тағзым жасағанға
не жетсін!

– Әңгімеміздің басын өткеннен емес, қазіргі тірлігіңізден бастасақ. Біздің білуімізше, соңғы жылдары кафедра меңгерушісі болып қызмет істеп жүр екенсіз…

– Менің кафедрамда қазақтың небір майталмандары қызмет істейді. Мысалға, олар: Нұрғали Нүсіпжанов, ерекше баритон дауысты Құрманбек Байқуатов, Мақсұтораз Жүнісов, Гүлдана Сапарғалиева. Бұл әншілермен қызметтес болу әркімнің маңдайына жазыла бермейтін өнер бағы дей аламын. Өз басым көп жерде жүремін, көп концерттерге қатысамын. Бірақ, туған ортаға жиі келуге қол тимей жатады. Биыл міне, сәті түсіп, білім берген Өскеменге, туған мекенім Зайсанға келіп қалдық. Несіне жасырайын, елді сағынған жайым бар.

– Сіз өткен жылы Елбасының марапатына ие болған едіңіз. Бұл сапар соның бір өтеуі сияқты емес пе?

– Рас, былтыр Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алғанмын. Бұл дәреже мәртебемді өсірді және мені туған ортама тағзым етуге жетелегендей болды. Содан міне, өскен ортада өмірдің мәнін үйреткен туыстарға, сәнін үйреткен достарымызға және әнін үйреткен ұстаздарға бір мәрте бас иіп, есеп беріп қайтуды мақсұт етіп, келіп қалдық. Тегі, біле білгенге туған жер алтын бесік қой!

– Бүгінгі концертіңіздің тегін болуы да содан болар?

– Жалпы, аттағаныңның бәрі ақша болып кеткен мынау қым-қуыт заманда бірнеше концертті тегін беруіміз ерсілеу көрініп тұрған сияқты деген көмекей сұрағыңызды түсіндім. Туған ортаға келгенде ағайын-туғанға тиын санатпай-ақ қоюға әбден болады ғой. Одан соң бұл – менің сүйікті Шығысыма жасаған тағзымым. Ал тағзым сатылмақ емес!..

– Өзіңіз өмірге әкелген «Сазген сазы» туралы да білгіміз келіп отыр.

– «Сазген сазы» – дүниежүзінің төрт бұрышын аралап жүрген, қаншама республикалық, халықаралық байқаулардың лауреаты атанған фольклорлық-этнографиялық ансамбль. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Телегенов деген ерекше дарынды азамат жетекшілік етеді. Осы жерде Шығыста бір жақсы оркестр пайда болғанын көріп, қуанып қалғанымды да айта кеткім келеді. Оның дирижері Мұқан Төлебаев атындағы дирижерлер конкурсының лауреаты Нұрлан Досов екен. Мен осы оркестрдің өңдеуіне өткенде ғана он әннің партитурасын тастап кеткен едім. Айналдырған он-он бес күннің ішінде оларды әжептәуір жүйеге келтіріп қойыпты. Осындай үлкен ұмтылысты оркестрмен біз үнемі шығармашылық қарым-қатынаста болуымыз керек. Шынайылағанда ол ұжымға біз келуіміз керек. Ол елді аралауы керек, өнердің қайнаған ортасы – Алматыға баруы керек деп ойлаймын. Қанатын кеңге жайып, нағыз өсіп-өркендейтін оркестр екен.

– Бұл жолғы сапарға кімнің демеу-көмегімен келіп отырсыздар?

– Бұл – ешкімнің шақыруымен емес, өзімнің бастамаммен шыққан сапарымыз. Одан соң біраз ағаларымыз, оның ішінде ел азаматы, сіздердің Әкімдеріңіз Бердібек САПАРБАЕВ ерекше қолдау көрсетті.

Қазақ жастарының классикалық ән орындаудағы
беталысы қуантады

– Сіз негізінен әншілер тәрбиелейсіз. Сол жастардың қазақы әнге деген байламды көзқарасы қандай?

– Біз классикалық тұрғыдағы әншілерді, атап айтқанда, академиялық мәнерде ән салатындарды дайындаймыз. Қазіргі таңда қазақ операсының, қазақ жастарының классикалық тұрғыдағы беталысы, дайындығы, өресі өте жоғары. Небір жастарымыз, мәселен, біздің алдымызда ғана осы өңірге келіп, өнер көрсетіп қайтқан Медет Шотабаев, Дина Хамзина, Жұпар Ғабдуллина, Дархан Жолдыбаев, Мейір Байнияшевтің деңгейлері өте мықты. Мақтанып, Қазақстан ғана емес, тіпті, ТМД елдерінің де емес, әлемнің кез келген сахнасына еш ұялмай шығаратын жастар баршылық.

– Жарайды, жастарымыз профессионалдық тұрғыда мықты делік. Енді сол өнердегілердің қазірде екі аяғын тең баса алмай келе жатқан мемлекеттік тілді меңгеруі қалай? Осы тұрғыда оларға көңіліңіз тола ма?

– Менің ортамда, менің алдымдағыларда да, тіпті, бертінгілерде де ондай ана тілге тоңмінез танытатындар жоқ десем әбден шындық. Өйткені, біздің қазақтың азаматтары ана тілінде, әдеби тілде майын тамызып сөйлейді. Ешқандай мәселе жоқ бұл тұрғыда. Олардың көбі ауылдан шыққандар, қазақы тәрбиеден тәлім алғандар, атаның, әженің ұлағатын көріп өскендер.

– Осынау тұста өз-өзінен бір сауал туындап отыр. Сіздің ойыңызша, бәсекелестік пен бақталастық ағайындас емес пе?

– Бәсеке – биікке апаратын жол. Мысалы, бәйгеге қатар қосқан жүйріктің біреуі шабандау болса, екіншісінің де алысқа бармайтыны бар ғой. Бәсеке болмай жетілу, озу, тіпті, жарқын болашақ құру мүмкін емес. Ал бақталастық – бықсып барып, сөнетін шала. Оның түп төркіні – күншілдік. Күншіл адамды тегінде, оза алмайтын, озғандарды көре алмайтын лас пиғыл билеп алатындықтан, өзім білемдік буып алады. Өнердің қас жауы да осы – бақталастық. Десек те, мен жүрген орта ондай пиғылдылардан ада сияқты. Кім білсін…

– Сіз әншілік білім алған кезде негізінен қазақша айттыңыз. Ал қазіргі буын ағылшынша әндерді көбірек орындайтыны белгілі. Сонда олардың сол тілді жетік меңгергені ме?

– Дұрыс айтып отырсыз. Біз оқыған кезде ағылшын тіліне дәл қазіргідей сұраныс болған жоқ. Қазіргі классикалық ән шырқайтын жастар ағылшынша да, французша да, неміс және итальянша да еркін айтады. Міне, ізденіс, міне, биікке құлаш сермеу! Бірақ, бұл олардың бәрі сол тілдерде сайрап тұр деген ұғым бермейді. Әрине, нешеме тілді білетіндер де кездеседі. Тегінде, біздің клавирдегі ән қай тілде тұрса да, астында не орысша, не қазақша аудармасы болады. Ол – әншінің әннің мағынасын ұғып, түсініп айтуына бірден-бір көмекші.

– Сіздер әншілік білім беретін жастар негізінен қай жерлерде жұмыс істейді, олардың өздері өскен ортаға, яғни, елге кететіні бола ма? Ауылдың халқы да классиканы тыңдағысы келеді ғой.

– Шынын айту керек, елге кететіндер өте аз. Өйткені, біз әлі де ондағыларға тиісті жағдай жасай алмай жатырмыз. Ауыл, ауданды былай қойып, облыс орталықтарындағы кейбір сарайлар жекеменшіктің қолына өтіп кеткенін байқап жүрміз. Өскемендегі ең үлкен сарайдың бірі – Металлургтердің мәдениет сарайы мемлекет қарамағына өткелі де бірер ай ғана болыпты. Меншік дүние болып кеткен жерде сенің өнерің мен дарының әдірем қалатынын жасырудың жөні жоқ. Бес жыл білім алған қай әнші мұндай жерге үйірсектесін? Содан барып, Астана мен Алматыны айналсоқтап жүре береді. Ал көңілі саф алтындай өнерге ауып тұратын көрермен қай жерден де табылады.

Әншінің аспабы – көмекейінде


– Әнші боламын дедіңіз, болдыңыз, атағыңыз да баршылық. Дегенмен сіз арман биігіңізге көтерілдім деп ойлайсыз ба? Әлде…

– Биікке өрлеу деген өнердегі адамның өмір бойғы жол серігі болуы керек. Армансыз адам бола ма? Өзіңнің де, оқытып, білім беріп жатқан шәкірттеріңнің де жетістікте жетуін қалайсың. Жалпы, мен биікке жете алдым деп айта алмаймын. Менің бір досымның «Бір арманға жетсең, екінші белестен тағы бір арман қол бұлғап тұрады» деген сөзі бар. Арман біткен күні өмір тоқтайды деген сөз ғой. Қазақтың нөмір бірінші опералық классикалық әншісі Ермек Серкебаев өзінің 70 жасқа толған мерейтойында: «Мен вокалды енді-енді ғана түсіне бастадым» дегені бар. Бұл вокалды түсіну және оның шыңына жету мүмкін емес. Өйткені, әншінің аспабы – көмекейінде. Мәселен, кез келген адам менің концертімнің алдында маған жаман бір сөз айтса, әнім көңілімдегідей болып, шықпауы мүмкін. Себебі, көмекейдегі аспап арқылы ол жүйке жүйесімен бірден адамға әсер етеді. Вокал сондықтан да өнердің ішіндегі өте қиыны болып саналады. Жалпы, оның шыңына жеттім, болдым-толдым деу ақылы толыспаған адамның аузынан шығатын шығар деп ойлаймын.

– Сіз үлкен өнер ордасының кафедра меңгерушісісіз, жұмысыңыз жеңіл емес. Содан ба екен, әсіресе, теледидардан көп көрінбейсіз. Ал өзіңізді жақсы білетін ел, әніңізді сүйіп тыңдайтын ел жоғалтып алды…

– Көрінбей жүргенде… (күліп алды). Кейбір әншілер болады, орайы болсын-болмасын, жылт етіп, көрініп қалуға тырысатын. Біз де, нағыз классикада жүргендер де шығатын жерге шығып жатырмыз, жұмысымыз жүріп жатыр. Дегенмен, ел алдына шығуымыз сәл азырақ болса керек. Оның үстіне Қазақстандағы теледидарлар мен радиолар, жасырары жоқ, сол эстрададағы, тіпті, жеңіл әуендегі әншілерді көбірек айналдырады. Сөз жоқ, олар да шығуы керек шығар. Бірақ, өнердің салмақты саласындағылар, жанды дауыспен, оркестрмен айтатын әншілер шетқақпай көрмесе де, ескерусіз қала беретіні бар.

– Гастрольға жиі шығасыз ба?

– Әрине. Дәл бүгінгі күнге дейін мен Жапония мен Австралияға ғана бармаппын. Қалған елдің бәрінде, бүкіл Еуропа, Америка, Қытай, Моңғолия, ТМД елдерінде гастрольдық сапарда болған екенмін.

– Қазір екі ән айтып, оның бірін клипке түсіріп, жұлдыз болып жүргендер көп. Олар, әрине, эстрадада жүргендер. Осы орайда Сіздің жұлдыздар дегенге пікір-көзқарасыңызды білгім келіп отырғаны.

– Жұлдыз деген сөзді түбірімен алып тастау керек. Тегінде, кім айтқаны есімде жоқ, «Мемлекет пен мемлекеттің арасын саясаткерлер мен журналистер бұзады» деген сөз бар. Журналистер айтса, айта берсін, тек әнші сол журналиспен сөйлесіп отырғанда «Мені жұлдыз деп жазбаңыз» деп айтуы керек. Сонда қаптап кеткен, күндіз-ақ жұлдыз болып жүргендер саны жағынан да, сапасы жағынан да азаяр еді. Бәрі өз қалыбымен болғаны жөн ғой. Мен қазақтың жұлдызы деп Роза Бағланованы, Ермек Серкебаевты, Дінмұхамед Қонаевты, қазақтың тұңғыш ғарышкері Талғат Мұсабаев сынды біртуар жандарды айтар едім. Ал кеше ғана ел алдына шыққан өнерпазды бүгін жұлдыз деу еш қисынға келмейді.

– Сіз тойларда бірер ән шырқап беруге шақырса, барар ма едіңіз?

– Барамын. Туыс, дос бар дегендей, ондайлар болып тұрады. Былайғы ел шақырса да, ақы-пұлын төлейді ғой… Шынын айту керек, әншілердің көбі бір қызығын құр жібермейтін қазақтың тойының арқасында бала-шағасын асырап жатыр. Біріншіден, тойларда ән салып бергеннен бағам түсіп қалады деп ойламаймын, екіншіден, одан арланбаймын. Өйткені, тойдағы ел де көрермен.

Өнерпаздық нағашыларымнан дарыған


– Оқырман қауым отбасыңыз туралы да білгісі келетінін айтқымыз келіп отыр.

– Зайыбым Зүлфия Жұмабайқызы – өзіміздің Күршімнің қызы. Аружан деген қызымыз алтыншы сыныпқа көшті. Одан кейін Әлихан атты ұл өсіп келеді және Әлішер деген кенжеміз бар. Құдайға шүкір.

– Көппен бірге көпқабатты үйде тұрасыз ба?

– Расын айтайыншы, көп қазақтың біріндей менің отбасым да Алматыда оннан аса пәтердің табалдырығын тоздырды. Кейін, 2000-шы – Өнерді қолдау жылында екі бөлмелі пәтер алдық. Ал қазір біраз азаматтардың көмегімен жер үй салып алып, сонда тұрып жатырмыз. «Өз үйім – өлең төсегім», тіпті, өзімнің аулам деп, рахаттанып, күн кешіп жатқан жай бар.

– Елде туыстарыңыздан кімдер бар, әке-шешеңіз дегендей…

– Әке-шешем Зайсандағы «Қарабұлақ» қой кеңшарында өмір бойы мал баққан. Ол кісілердің екеуі де өмірден қайтты. Ауылда әкеміз жағынан, шешеміз жағынан туысқандар, құда-жекжат, достар, сыныптастар баршылық.

– Біздің аймақта «Туған жерге – тағзым» атты акция бар. Әсіресе, кәсіп басындағылар өз мекендеріне қол ұшын беріп, көмектесіп жатады. Сіздің өз ауылыңызға келгенде сондай игілік жасап, тағзым ететін кездеріңіз бола ма?

– Елдегілер үнемі «Облысымызға Бердібек САПАРБАЕВ Әкім болып келгелі ауыл жаңғырып жатыр. Керемет акцияға бастау-жол ашты» деп, әлгі сіз айтқан акция туралы көп айтады. Мен де шама-шарқымша көмек етіп жүремін. Мысалы, былтыр Қарабұлаққа арнайы келіп, өмірден озған сыныптастарымның отбасыларын жинап, солардың рухтарына бағыштап, құран оқыттым, ас бердім. Онан соң мені осы өнерге баулыған Бақан Тұрғанбаев деген ұстазым бар. Келген сайын ол кісіге шекпенін жауып, тағзым етіп тұрамын. Елдегі концертімде ол ағамды міндетті түрде сахнаға шақырып, алғысымды айтамын.

– Өнер жолыңызды қуып жүрген іні-қарындастарыңыз бар болар?

– Менің туған ағайымның қызы Алматы облыстық оркестрінде прима-қобызда ойнап жүр, концертмейстер. Ал екінші ағайымның қызы Темірбек Жүргенов атындағы академияны кино саласы бойынша бітіріп жатыр. Нағашы жағымыздың бәрі әнші. Кезінде әке-шешеміз тойдың гүлі болып отыратын. Жалпы, дәл өз басыма өнер нағашы жұртымнан дарыды-ау деймін.

– Дәлел Уәшев қандай адам? Өзіңізге баға бере кетіңізші.

– Қарапайым адаммын. Менің өмірлік ұстанымым – қолыңнан келсе, адамға жақсылық жаса, келмей бара жатса, жылы сөз айт.

– Репертуарыңызда қанша ән бар?

– Кем дегенде 300-дей ән бар деп толық айта аламын. Оның ішінде халық әні де, романс та, классика да, эстрада да баршылық. Мақтанғаным емес, мен кез келген тақырыпқа ән айта аламын. Өз тұжырымымша, әнші солай болуы керек те.

– Әдемі әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button