Қоғам

«Дарын дауысы» анықталды

«Дарын дауысы» анықталды


Кең сайға тігілген шатырдың сахнасында «Дарын дауысы» ән жобасының ақтық кеші басталды. Бұл сайысқа Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығының оқыту-сауықтыру лагеріне келуші оқушылар мен олардың тәрбиешілері қатысты.

Қатысушылар жасына қарай кіші, орта, үлкен болып үш деңгейге жіктелген. Ережеге сәйкес, алғашқы үш күнде сұрыптау сайыстары өтеді де, төрт тәлімгер өз тобын жасақтайды. Соңғы күні талқыдан шыққан жүйріктер жүлдеге ұмтылысады.

Орталықтың директоры Жанат Жеңісбекқызы бізді ертерек лагерь аумағымен таныстырған еді. Бұған сайыстан бұрын тоқталғанды жөн санадық. Кішігірім қалашықта бәрі бар. Спорт алаңы, қатар-қатар бой түзеген үйлер. Бұл үйлерде инженерлікке, робот техникасына, химия және физикаға, бейнелеу өнеріне, ән-биге, актерлік шеберлік пен спортқа арналған, үйірме жұмыс істейді. Балалардың босқа өткен уақыты жоқ, пайдалы дүние үйреніп жатқан көрінеді.

– Лагеріміз жыл бойы жұмыс істей береді. Мұнда оқу озаттары мен қоғамдық шараларға белсенді оқушылар тегін демалады, – деді ол.

Жанат Жеңісбекқызы жағалай таныстыра жүріп, бізді алқалай құрған шарбаққа ертіп барды. Шеңбер жасап отырған бір топ бала басқа тілде есендесті. Жолбасшымыз «Қазақша амандаспайсыңдар ма?» деп қалды тәлімгерлерге.

– Бұл жерде балалар от жағып, тілек тілесіп, көңіл көтереді. Көбісінің тілегі осында қайта келу шығар, – деп қалжыңдады ол.

Сосдан соң қалашық шетінде тегістеліп жатқан жерді нұсқап, келер жылы саябақ салуды жоспарлап отырғандарын айтты.

Кең шатырдың ішін жаңғыртып жанкүйерлер ұран салғанда, сайыскерлердің жүзінен алаңдаушылық білінді. Кезегі таяғанының өңі бозарып, «Қазақстан дауысына» қатысып жатқандай байыз таппайды.

Әуелі кіші буынның үздігі анықталды. Бас жүлдені «Баунти» тобының РR-менеджері Евгения Бруктың шәкірті Александр Гричухин қанжығалады. Қалған орындарды Нұрасыл Бақытбеков, Анастасия Гумечук, Айша Ауданбекова үшеуі бөлісті. Орта буында бас жүлдеге «Жас қанат» байқауының лауреаты Медет Әлімғазинның шәкірті Айым Наурызбаева қол жеткізсе, келесі орындарға Катерина Салий, Кәмила Жүнісова, Анна Завьяловалар тұрақтады.

– Мен Семей қаласы Шәкәрім атындағы дарынды балаларға арналған көпбейінді гимназияның оқушысымын. Осы лагерьде олимпиада жеңімпазы ретінде ақысыз демалып жатырмын. Ал ән сайысына бұрын-соңды қатысып көрмеппін. Жоба аясында әншілік қырымды көре білген тәлімгеріме көп-көп рақмет айтамын, – деді жеңімпаз Айым Наурызбаева.

Ал үлкен буынның, яғни, тәрбиешілердің ішінен «Баунти» тобының әншісі Алиса Хаустованың шәкірті Ксения Минкевич суырылып шықты. Қалған орындарды Ақан Қадырбеков, Евгений Рыбалов, Динара Үмітжанова сынды сайыскерлер сарапқа салды.

Кеш соңы көңілді аяқталды. Осылайша, қызыққа толы демалушылардың тағы бір күні өтті.

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button