Денсаулық сақтау

Цифрландырудың кешенді бағдарламасы іске асады

Цифрландырудың кешенді бағдарламасы іске асады


Өңірдің медицина саласына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп отыр. Шығыс Қазақстанда жол картасы бар денсаулық сақтау саласын ц
ифрландырудың кешенді бағдарламасы әзірленген.
Ең бастысы, дәрігерлердің біліктілігін арттырудың үш жылдық жоспарына және медициналық ұйымдарды заманауи жабдықтармен қамтуға баса маңыз берілуде.

Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметовтің тұрғындар алдындағы есепті кездесуінде айтылды.

Естеріңізге салайық, былтыр облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарының 21 пайызы ғана медициналық-ақпараттық жүйелендіруге көшкен болатын.

– 2017 жылы денсаулық сақтау басқармасы саланы цифрландыру мәселесінде айтарлықтай жұмыс тындыра алмады. 21 пайыз дегеніміз республикадағы ең төмен көрсеткіштердің бірі. Өкінішке қарай, былтыр облыстық бюджеттен бір миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінгеніне қарамастан, өтпей қалған мемлекеттік сатып алулардың кесірінен біз ешқандай техниканы сатып ала алған жоқпыз, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындар алдындағы кезекті есеп беру жиынында.

Осыған байланысты аймақ басшысы өзінің орынбасары Әсем Нүсіпова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына жол картасы бар медицина саласын цифрландырудың кешенді бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Бұған қоса салаға қатысты үш жылдық жоспарды орындау жұмыстарын жалғастыру қажеттігін ескертіп, дәрігерлердің біліктілігін арттыру және медициналық ұйымдарды заманауи техникамен қамту жағына басымдық берілуі керектігін айтты.

2017 жылы 12 дәрігер Англияның үздік клиникаларында біліктілігін көтеріп келді. Олардың пікірінше, материалдық-техникалық база жеткілікті, ал біліктілік жағында айырмашылық жер мен көктей. Соған орай, қаржыландыру алдағы екі жылда да жалғасын табатын болады. Былтыр Семей қаласының медициналық университетімен бірлескен жұмыстың нәтижесінде аудандық ауруханалардың 1 922 маманы арнайы курстардан өтті. Отандық және шетелдік (Израиль, Жапония, Грузия, Ресей, Молдова, Украина, Беларусь) мамандардың қатысуымен 13 мастер-класс өтіп, оған 200 дәрігер қатысып, біліктіліктерін арттырып қайтқан. Тағы 51 маман Ұлыбританияға оқуға жіберілген.

– Үш жылда мультидисциплинарлық командалардың көмегімен 150 дәрігерімізді шетелдің айтулы клиникаларында оқытатын боламыз. Биыл да шетелдің айтулы клиникаларында дәрігерлеріміз оқиды, әлемдік деңгейдегі дәрігерлермен бірге күрделі оталарға қатысып, тәжірибелерін арттырады. Олардың ішінде бас дәрігерлер мен бөлім меңгерушілері де шетелде біліктілігін арттырады. Сондай-ақ шетелдің үздік дәрігерлері бізге келіп, оқытатын болады. Бұдан бөлек, өңірдегі мүгедек балалар үшін де кедергісіз келешек жасаймыз. Ол үшін «Ақ ниет» секілді арнайы мектеп интернаттар ашылуда. Мұның бәрі ең бастысы, өңірдегі адамдар денсаулығын жақсартуға, өмір сапасын арттыруға бағытталған шаруалар, – деді облыс әкімі есепті жиында.

Сонымен қатар, аймақтағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында түбегейлі жұмыс жүргізіліп, заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынып жатыр. Былтыр қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының бақылауымен 1 023 бірлік жоғары технологиялық құрал-жабдық сатып алынған. Бұл техника онкология, кардиология, кардиохирургия және ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында жұмыс істейтін медициналық ұйымдарға тапсырылды.

– Халықаралық медицина стандарттарына сай боламыз десек, онда міндетті түрде шетелдік әріптестермен, сала көшбасшыларымен байланысымызды нығайтуымыз қажет. Осы мақсатта заманауи технологиялармен жұмыс істейтін танымал медициналық орталықтармен келісімшарттар жасалатын болады. Бұл өз кезегінде бізде бар құрал-жабдықтардың тиімділігін арттырып қана қоймай, ауруларды емдеудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгеруімізге жол ашпақ, – деді облыс әкімі Даниал Ахметов халықпен кездесу барысында.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button