Білім

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

Тегінде бала жүрегіне ізгілік пен білімнің нәрін егіп, мамандығын мақтанышқа айналдыра білген ұстазда арман жоқ. Көзі тірісінде-ақ «Хан апа», «Қазақтың Қанипасы» атанған Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева сондай ұстаздардың санатынан болатын. Міне, үлкен жүректі ұстаздың арамыздан кеткеніне де екі жылдың жүзі болыпты. Бірақ ұлағатты ұстаздың екінші ғұмыры енді ғана басталғандай. Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатында Бітібаеваның өңіраралық педагогикалық оқулары болып өтті.

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

Облыстық білім басқармасы мен «Шығыс» өңірлік орталығының ұйытқы болуымен «Заманауи білім беруде Қанипа Бітібаеваның инновациялық технологиясы мен педагогикалық тағылымы» атты тақырыпта алғаш рет өтіп отырған Бітібаеваның педагогикалық оқуларына Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарынан арнайы келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, облыстық білім басқармаларының мамандары, облыстың барлық білім беру ұйымдарының гуманитарлық пәндер мұғалімдері, Өскемен қаласы гуманитарлық колледжі мен Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледж оқытушылары қатысты. Келген қонақтар ең алдымен Қ.Бітібаева атындағы облыстық оқу-әдістемелік мұражаймен танысып, аталған мектептің 6 «а», 6 «б» сыныптарындағы «Тұлғасы биік, тағылымы мәңгі ұлы ұстаз», «Шабытыма қанат бердің шарқ ұрған…» атты сынып сабақтары мен Бітібаева зертханасында жүргізілген «Оғыз қаған жыры» бойынша онлайн жүйесінде өткен Бітібаева сабақтарына қатысты.
Сондай-ақ, Бітібаеваның өңіраралық педагогикалық оқуларына қатысушылар халықаралық, республикалық, мектепішілік ғылыми жобалар, олимпиада жүлдегерлерінің жұмыстары қойылған арнайы көрмені де тамашалап, ұлағатты ұстаз еңбек еткен мектептің жетістіктеріне қанықты. Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының оқушылары әзірлеген «Аңыз ұстаз» атты сахналық көрініс те қонақтардың көңілдерінен шықты.

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

Шараға қатысушыларды облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Қанипа Омарғалиқызы саналы ғұмырын ұстаздықтың ұлағатты жолына арнады. Туған халқының асыл сөзін, мұраларын шәкірттерінің санасына ұялатып, ұлы Абай мен Мұхтардың ұлылығын дәріптеді. Қанипа Бітібаева – қазақ педагогикасындағы теңдесі жоқ ерекше құбылыс. Ол қазақ әдебиетін оқыту әдістемесін, технологиясын дамытуға айрықша үлес қосты. Белгілі ғалымдар Ә.Қоңыратбаев, Көшімбаевтардан кейін «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі» атты жоғары оқу орындарына арналған оқулық жазды. Республикамызда тұңғыш рет Абай, Мұхтар шығармаларын мектепте оқытуға арналған іргелі еңбектер еліміздің түкпір-түкпіріндегі ұстаздардың сұранысына ие болды, – деген Айнұр Оралқызы бүгінде облыста Қанипа Бітібаева зертханасының саны артып отырғанын, Тарбағатай, Абай, Шемонайха, Зырян, Жарма аудандарында да жаңадан зертхана бөлімшелері ашылғанын жеткізді. Ұлы ұстаздың еңбек еткен қара шаңырағында Қанипа Бітібаева атындағы оқу-әдістемелік мұражайы ашылып, облыс ұстаздары мен мектеп оқушылары үшін қызмет етуде. Жылма-жыл Қанипа Бітібаева атындағы олимпиада дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта Қанипа Бітібаева атындағы зертханалар бір-бірімен онлайн жүйесінде сабақтар өткізіп, шеберлік сыныптар көрсетіп, тәжірибе алмасатын болады.

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

Қанипа Бітібаева – ұлы Абай, Мұхтардың шығармаларын мектепте оқыту мәселесіне байланысты құнды еңбектер жазған ұстаз. Абайдың, Мұхтардың еңбектерін мектеп оқушыларына қалай оқыту керек? Нәрін, сөлін бала бойына қалай сіңіру қажет? Шараның пленарлық бөлімінде бұл тақырыпта С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың Біліктілікті арттыру орталығының директоры Бақытжан Келгенбаева «Қанипа Бітібаеваның М.Әуезов шығармашылығын оқыту жайлы еңбегінің ғылыми-практикалық құндылығы» тақырыбында баяндама жасады.
– Ұлағатты ұстаз, көрнекті педагог, халықтың аяулы қызы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ғылыми-әдістемелік мұраты – төл педагогикамыз бен әдебиеттанудың еңсесін биікке көтеріп, мұғалімдер мен студенттер қауымының ой-өрісін кеңейтіп, тәжірибесін ұштау болатын. Қанипа Омарғалиқызы – қазақ әдебиетін оқытудың инновациялық технологиясын төл ізденістерімен дамытып, ежелгі дәуір әдебиетінен қазіргі қазақ әдебиетіне дейін оқыту әдістемесін жазып шыққан ғалым-ұстаз еді. Ғалым-ұстаз М.Әуезовтің әдеби мұрасын оқыту мәселесіне «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары» (1991), «Мұхтар Әуезов шығармашылығын оқыту» (1994), «М.Әуезов туындыларын мектепте оқыту» (2002) атты кітаптар жазып, әуезовтану іліміне қомақты үлес қосты. Бұрынғы авторлар жазушы мұрасын жекелеген тақырыптар аясында оқыту мәселесін қарастырса, ұстаздың М.Әуезов шығармаларын оқытуға арналған осы үш еңбегі ұлы жазушы шығармаларын тұтастай оқытуға арналған алғашқы еңбектер еді, – дейді ол.
Ал «Қанипа Бітібаеваның жаңашыл әдістемесі – оқытудың өнімді жолы» атты тақырыпта баяндама жасаған Алматы облыстық білім басқармасы әдістемелік кабинетінің инновация және орта білім бөлімінің жетекшісі Шеризат Сапарғалиева оқыту үрдісіне ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі енгізілгеннен бергі уақыт ішінде әдебиет жалаң мәліметтер жиынтығына айналып, өз мәнінен айырыла бастағанын, оқушылар арасында көркем әдебиетке деген қызығушылықтың төмендеп кеткенін жасырмады. Дәл осы кезде оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дүниеге келді. Десе де Қанипа Омарғалиқызы функционалдық сауаттылық туралы сөз қозғалмай тұрған сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ осы мәселені көтерген көрінеді. Бүгінгі күні Қанипа Бітібаеваның еңбектері әдебиетті оқытудың әдістемелік ғылымында үлкен орын алады.
Осы орайда алматылық мейман Қанипа Бітібаеваның жинақталған, жаңартылған әдістемелік құралдары бүкіл республика мұғалімдеріне қолжетімді болуы үшін Бітібаеваның әдістемесіне арналған жеке сайт ашылса, республика мұғалімдерінің барлығы біркісідей атсалысып, Бітібаева атындағы қор құрса, Бітібаева әдістемесіне арналған жеке басылым жарық көрсе, сонымен қатар тіл мамандарына арналған Бітібаева атындағы жүлде, төсбелгі тағайындалса деген ұсыныстарын да жеткізді.
2009 жылы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығымен Қ.Бітібаеваның кабинеті республикалық ғылыми-әдістемелік зертхана болып құрылды. Кейіннен 2011 жылы Қ.Бітібаева зертханасы Астана қаласындағы №64 мектепте де ашылады. Шарада осы зертхананың жетекшісі Алтынгүл Шотбаева «Заманауи білім беруде Қанипа Бітібаеваның инновациялық технологиясы мен педагогикалық тағылымы» тақырыбында баяндама жасап, ұлағатты ұстаздың оқушының білім деңгейін шығармашылық деңгейге көтеру жолдарын ұсынғанын, ғалым-ұстаздың, әсіресе, «Ой тастау, ойланту, ойлау» технологиясы оқушының өз еңбегімен білімді алуға жағдай жасап, шығармашылық қабілетін жетілдіруге, өзінің ішкі мүмкіндіктерін тануға жетелейтінін айтты.
Шарада ұстаздың тәрбиесін көріп, тәлімін алған шәкірттері де сөз алып, әдемі естеліктердің тиегін ағытты. Солардың бірі – абайтанушы ғалым Айжан Қартаева.
– Қанипа апай екі сөздің басын қоса алмай, шығарма жаза алмай келген балаларды ақын, жазушы, сөзге шешен етіп шығаратын еді,- дейді ол.
Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатындағы Қ.Бітібаева атаулы зертханасының жетекшісі Меруерт Мұқашева да Қ.Бітібаеваның шәкірті. Ол Қанипа апайдың көзі тірісінде ашылған республикалық ғылыми-әдістемелік зертханасының бүгінгі жұмыстары жайында жиналғандарға баяндап берді.
-Зертхана бүгінгі күні республика көлеміндегі ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік, тәжірибелік алаңға айналып отыр. Қ.Бітібаеваның бүгінгі өңіраралық педагогикалық оқулары – ұстаздың іс-тәжірибесінің жалғасын тауып жатқандығының, өміршеңдігінің дәлелі, – дейді М.Мұқашева.
Педагогикалық оқулардың барысында «Қ.Бітібаева және қазақ тілі мен әдебиетінің өзекті мәселелері», «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда Қ.Бітібаеваның инновациялық технологиясы», «Қ.Бітібаеваның педагогикалық мұрасы және гуманитарлық ғылымдарды оқыту» тақырыптарында секциялар жұмыс жасап, үздіктер анықталып, жүлдегерлерге дипломдар, ал қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.

Бітібаева оқулары дәстүрге айналады

– Осыдан он жылдам астам уақыт бұрын, 2005 жылы Өскеменге келіп, Қанипа апайдың авторлық курсына қатысып едім. Талай ақыл-кеңесін тыңдадым, бірлесе жұмыс істедік. Тіпті «Шоқан Уәлихановтың еңбектеріндегі этнографиялық атаулар» атты еңбегімді оқып «Ләйласы бар мектеп – шамшырағы бар мектеп» деп рецензия жазып бергені де есімде. Бүгінгі Бітібаеваның педагогикалық оқуларына қатысқаныма шексіз бақыттымын, – дейді Күршім ауданы Қалжыр орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләйла Жұмаханова.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған шара енді үш жылда бір рет өткізіліп тұратын болады.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button