Қоғам

Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды

 Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды


11 қыркүйектен бері елімізде «Атамекенім» қайырымдылық акциясы өтіп жатыр. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен қолға алынған аталмыш шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыруға: қоғамды қайырымдылық, ізгілік қасиеттерге үндей отырып, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Бизнесмендерді әлеуметтік мәселелерді шешуге көмектесуге шақырған «Атамекенім» акциясына біздің шығысқазақстандық кәсіпкерлер белсене қатысып жатыр. Облыс кәсіпкерлері палатасының адам капиталын дамыту бөлімінің басшысы Гүлнар Асауптың айтқанындай, кәсіпкерлер палатасы облыстағы аса маңызды деген әлеуметтік мәселелердің бірыңғай тізбегін жасап, өз сайттарына енгізіп отыр. Сайттағы әлеуметтік мәселелер тізбегіне аймақтың әрбір тұрғыны өзінің өзекті мәселесін, өтінішін, мұң-мұқтажын немесе тілегін жазып қалдыра алады. Шығысқазақстандық кәсіпкерлер оларға үн қатып, келелі мәселелерін шешіп беруге көмектесіп, қолдау көрсетіп жатыр. Сайтта өтініштерін қалдырушыларға, оларға көмектесуге ниеттенген кәсіпкерлерге арналған «кері байланыс» түймешегі бар.

– Шығыс Қазақстанда әлеуметтік мәселелерді шешуге байланысты көптеген жобалар іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні бизнесмендердің балалар үйлеріне көмектесіп, мектептерді, оқу орындарын, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларын өз қамқорлықтарына алғандығы туралы мысалдар өте көп. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дей отырып, біз оларды өзгелерге үлгі етуге тырысып отырмыз. Жанымызда жүргендерге жақсылық жасай отырып, жақсылық жасағандарды жұртқа айтып, жария ете отырып, осындай адамдармен, жандармен мақтанатынымызды айтуымыз керек,-дейді облыс кәсіпкерлері палатасының өкілі Гүлнар Асауп.

Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі – өркениетті елдің, қазіргі қоғамның ажырамас құрамдас бір бөлігі болып келеді. Ол да өзінше бір әлеуметтік инвестиция. Осыған орай «Атамекен» ҰКП қайырымдылыққа заңды тұрғыда, деңгейде ынталандырып, бизнес қауымдастықтың қайырымдылық көмектерін көрсетуге деген экономикалық ынта, назарын арттыру үшін «Парыз» мемлекеттік сыйлығын тағайындауды ұсынып отыр.

Жұмыссыздар жұмыспен қамтамасыз етілуі үшін «Өнімді еңбекпен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламасы бойынша аймақтағы кәсіпорындар базасында қысқа мерзімдік оқу курстарында түрлі мамандықтарға оқытылып жатыр. Кәсіпорындар өндірісінде оқу мол тәжірибе жинап, техникалық жұмысшы мамандықтарын кәсіби деңгейде меңгеруге үлкен септігін тигізіп келеді. 2018 жылдан бастап қысқа мерзімдік оқудан өткен жұмыссыздарға шағын бизнесін, өз кәсібін ашуға құрал-жабдықтар, қажетті керек-жарақтар сатып алуға мемлекеттік гранттар бөлінгелі отыр.

«Атамекен» акциясының тағы бір бағыты – жаппай кәсіпкерлікке оқыту. Кәсіпкерліктің қара қазанында қайнаған еліміздің іскер азаматтары, қолдарынан іс келетінін көрсеткен жандар бизнесті балабақшадан бастап оқыту керектігін, бизнеске қажетті сергек ой- сананы баланың бойында кішкентай кезінен бастап қалыптастыру қажеттігін айтып жатыр. Бүгінгі күні Өскемендегі мектепке дейінгі білім беру мекемелері қазірдің өзінде түрлі сюжеттік ойындар арқылы балаларға экономикалық тәрбие беруге, кәсіпкерлік негіздерін танытып, білдіруге талпындырып жатыр.

– Мысалы, «Бипек Авто» кәсіпорыны құрамындағы «Балаларды дамыту орталығы» мекемесі өз жұмысына экономикалық стратегия және бизнес менеджері жанрындағы үстел ойындары арқылы оқыту тәжірибесін енгізіп, жетілдіріп жатыр. Кассир, сатушы, басқа да мамандар рөлін үлкен ықыласпен ойнайтын балалардың кәсіпке, жұмыс істеп үйренуге деген қызығушылығы да жоғары, – дейді Гүлнар Асауп.

Жуықта «Атамекен» ҰКП-ның бастамасымен «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» пәнін оқытудың мектепке арналған бағдарламасы жасалынды. Қазір аталған пәннің оқулығы, оқу порталы жасалып, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018 жылдан бастап 10-сыныптың оқушылары осы пәнді оқи алады. Облыстағы 120 мектепте кәсіптік бағдарлау кабинеттері ашылып, білім беріп келеді. 72 колледжде «Кәсіпкерлік қызметтер негізі» курсы оқытылып жатыр.

Облыс кәсіпкерлерінің палатасы «Атамекен» акциясы арқылы кәсіпкерлік саласындағы іскер жандардың назарын туған жерге, елге аудартып, қайырымдылық жасап, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, атаулы көмектер көрсетуге бағыттауды ниет етіп отыр. «Біреуге жапқан шапаныңмен өзіңнің жүрегің жылиды», – дейді қазақ. Ел қамын, ұрпақ келешегін ойлап, қайырымдылық көрсетіп жатқан кәсіпкерлеріміздің қай-қайсысы да халықтың шексіз құрметіне лайық.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button