Қоғам

Бір әулеттің еңбек өтілі 400 жылдан асады

Бір әулеттің еңбек өтілі 400 жылдан асады


Еңбек адамның мәртебесін өсіріп, жастарды өндіріске тарту мен еңбек әулеттерінің жылдар бойғы дәстүрін нығайту мақсатында өтіп келе жатқан «Еңбек жолы» байқауының облыстағы жеңімпаздары анықталып, марапатталды.

Елбасының жалпыға ортақ еңбек қоғамын құру идеясы аясында өтіп келе жатқан байқаудың облыстық кезеңіне түрлі кәсіпорындар мен еңбек ұжымдарынан 30-дан астам өтініш келіп түскен екен. Үміткерлердің есімі облыс әкімінің сайтында жарияланып, маусым айының 25-інен бері өңір азаматтарының дауыс беру мүмкіндігі болды.

– Ешбір қоғам еңбексіз, еңбекшілерсіз алға жылжымайтыны мәлім. « Еңбек күні» сынды мереке мен «Еңбек жолы» байқауы елімізде олардың маңдай терін, сіңірген еңбегін бағалау мен үлгі етудің жарқын көрінісі. Біздің облыста мақтанарлық салалар көп. Оның барлығы әрбіріңіздің көзге көріне бермейтін елеулі еңбектеріңіздің жемісі. Сіздердің еңбектеріңіз қандай да болсын марапатқа лайық ,-деп облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Елена Старенкова марапаттау рәсіміне жиналған еңбек ұжымдарына жылы лебізін білдірді.

Облыстағы «Үздік еңбек әулеті Аягөз ауданында тұрады. Байқау қорытындысын шығарған өңірлік комиссия темір жол саласындағы жалпы еңбек өтілі 482 жыл болатын Еңсебаевтар отбасын үлгі алуға тұрарлық әулет деп таныды. «Өндірістің үздік жас маманы» аталымының жеңімпазы ретінде «Азия Авто» АҚ қызметкері В.Изотов марапатталды. Еліміздің ядролық энергетика саласына еңбегі сіңген, жүздеген шәкірт тәрбиелеген Ұлттық ядролық орталық бас директорының орынбасары, Атом энергиясы институтының басшысы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Мажын Сқақов «Жұмыс істейтін жас¬тардың үздік тәлімгері» аталымының жеңімпазы атанды.

Жеңімпаздар енді республикалық байқауға қатысады.

– Мен өмір бойы ғылыммен айналасып келе жатқан адаммын. Мен мақтансам ғылыми жұмыстарыммен емес, шәкірттерімен мақтанам. Өзімнен озған шәкірттерім бар. Осыған қуаныштымын. Олар еліміздің атом энергетика саласының дамуына ғана емес, осы саладағы ғылымның қанат жаюына да үлес қосып, елімізді шет мемлекеттерге танытып жүр,-дейді Мажын Қанапияұлы.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button