Қоғам

«Бораштың» қымызы бойыңды қыздырады

«Бораштың» қымызы бойыңды қыздырады


Қымыз өндіру және оны бабын келтіріп өңдеу, ата дәстүр мен бүгінгі заман талғамын орайластырып ұсыну – оңай шаруа емес.Біз әңгімелескен Марат Борашұлының жасынан әкесімен еріп жүріп, осы жұмысты ойына тоқып, жетік меңгергені көрініп тұр.

«Бораш» шаруа қожалығы –аудан және облыс көлемінде кеңінен танымал бірден-бір қымыз өндіретін ауқымды шаруашылық. Өңір жұрты атын жатқа білетін қожалықта 36 сауын биесі күнделікті қымыз береді.Қымыздары айрықша дәмді, аудан тұрғындары іздеп ішетін шипалы сусынға айналғалы қашан.

Қожалық иесі Марат өзі ұйымдастырған шаруашылығында бүкіл отбасымен еңбек етеді. Биелерді сауатын ат шаптырым қораның қасына бізді ертіп келген Мәкең қымызды қалай дәмді баптау керектігін әңгімелеп берді. Мәселен, сауын биелері өлең шөпті көп жесе, қымызы адам асқазанына жайсыз тиеді екен. Іштің кей сәтте өтетіні де осыған байланысты.

– Жылқышыларым сауын биелерін шөбі шүйгін алыс жайылымдарға шығарып, бие сауатын мезгілде ғана әкеп отырады. Қазір мұнда 25 бие ұстап отырмын, қалған он бірін оңалсын деп жайлауға жібердім. Шаруашылықты ұстау оңай емес. Аязды қыстан жаздай жинаған нәрлі шөппен, құнарлы жеммен шығамын. Әсіресе, жемге біраз қаржы кетеді. Өз отбасыма және тағы жеті адамға жұмыс беріп отырмын. Сонымен қатар, қарындасым Марфуға Сәкенова жанұясымен осында істейді. Өзі білікті технолог болып еңбек етуде.

2011 жылы осы қожалықты құрған кезде шаруашылығым осыншалық дамып, аймаққа танымал болады деп ойламаппын.Бірақ бұның өзі де жеткіліксіз. Алдағы уақытта көп нәрсені жоспарлап, туындаған кейбір проблемаларды шешу керек. Тіпті, несие рәсімдеу де біраз уақыт алып, оңайлыққа түспейді. Қазір аудан көлеміндегі 75-тен аса дүкенмен шарт жасасып, қымыз таратып отырамын, – дейді Марат Борашұлы.

Шаруашылықта күніне 100 литрден аса қымыз сауылады. Қымыз дәмді болуы үшін оған ешқандай қоспа араластырмайды. Мәкең күбілерін көрсетті. Айналасы тап-таза, саумалы керемет дәмді, тіл үйіреді.

– Осы өңірдің таныс азаматтары келіп-кетіп саумал, қымыз ішіп, өздерімен бірге алып кетеді. Денсаулығына байланысты қожалыққа қымыз ішуге келген адамдарға кейде тегін беремін. «Маратқа барайық, қымыз ішіп қайтайық» деп келгендерге қуанамын. Шаруашылығымда істейтіндер жалақысынан бөлек, керегінше қымыз да алады. Олардың қыстық отын-суы да, азығы да менің мойнымда. Мерекелік іс-шараларға демеушіліктен қашпаймын. Әркімнің өтінішіне қарай шама-шарқымша көмек беріп келемін, – деді қожалық иесі.

Орта бойлы келген шымыр жігіттің көпшіл мінезін және дарқандығын аңғардық. Мараттан қожалық туралы, сондай-ақ, жылқы малын қалай күтіп-баптау жөнінде көп дүние білдік. Нәрлі, денсаулыққа шипалы қымыз дайындау үшін қаншама еңбек етуге, талаптануға, ізденуге, тіпті заманға сай оңтайлануға да тура келеді екен. Марат Рақымбековтің сондай жігіт екенін түсіндік.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы

Осы айдарда

Back to top button