«Дидардың» қонағы

Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: — Енем екеуміздің мінезіміз ұқсайды

Таяуда өмір мен өнер айдынында қол ұстасып қатар жүрген Тоқтар Серіков пен Бейбіт Сейдуалиева облыс орталығы Өскеменге келіп, өз өнерлерін көрсетіп, қалың қауымның ыстық ықыласына бөленіп кетті. Сахнада қос аққудай жарасып, көрген жанның көзін сүйсінтетін жұлдызды жұптың үлгілі, өнегелі отбасы екенін де жұртшылық жақсы біледі. Дегенмен шаңырақта береке мен тыныштықтың, бақыт пен ырыстың салтанат құруы әйелге көп қатысты екені де даусыз. Осы орайда концерттен соң Шығыстың «тәтті келіні» атанған Бейбіт Сейдуалиеваны әңгімеге тартып, сұхбаттасқан болатынбыз.

Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА: — Енем екеуміздің мінезіміз ұқсайды

Шұбартау ғажап өлке ғой


– Бейбіт, біз сіздің Шығыстың келіні екеніңізді жақсы білеміз. Айтыңызшы, Тоқтардың туған жері Шұбартауға жиі барып тұрасыз ба? Ол жер сізге несімен ұнайды?

– Ой, Шұбартауға жылына бірнеше рет бармасақ, көңіліміз көншімейді. Жалпы, Шұбартау өңірі, оның ішінде Тоқтардың ауылы Көксала дегеніңіз бір ғажап өлке ғой. Ішсең, іше бергің келетін суы қандай? Маңдайыңнан еркелете сипай есетін желі қандай? Жазда ауылдан алыс жатқан жайлауға барып, таза ауамен тыныстап, киіз үйде апталап аунап-қунап жатамыз. Жаздыгүні қандай ыстық болса да, қоңыр салқын болып тұрады. Жанға сондай рақат жұмақ жер. Табиғаты да аң мен құсқа өте бай. Ата-енем де асыл сүйекті керемет кісілер ғой. Қартайған шағында немерелерін иіскесін деп көңілдерін аулап, қастарында көп болуға тырысамыз. Кейде осындай қасиетті жерге келін болғаныма қуанамын. Білесіз бе, сол жердің адамдарының жүзінен де ерекше жылылық лебі есіп тұрады. Жүректері кең, көңілдері дарқан! Біз барған сайын «Тоқтар мен Бейбіт келді» деп төбелеріне көтереді.

– Сахнада әнші болу қиын ба, әлде үйде келін болу қиындау ба?

– Екеуінің де еш қиындығы жоқ. Мен әнші болу мен келін болу міндетімді ешқашан шатастырған емеспін. Өзімнің келіндік, әйелдік міндетімді жақсы білемін. Әулеттің атына сөз келтірмейтін жақсы келін атану менің де үлкен арманым! Сахнада әнші болғаныммен, үйде қарапайым ғана қазақ әйелімін. Негізінде шаңырақты шаттыққа бөлейтін, шырайын келтіретін әйел ғой. Мұны мен жақсы білемін. Отбасындағы тәрбиенің бәрі де әйелден басталады деп есептеймін. Сондықтан да қазақ әйелінің саналы болғанына не жетсін. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Жалпы, кез келген қыз баланың табиғат алдындағы міндеті сүйікті жар, ардақты ана болу ғой. Десек те кейде осыны кейбір қыздарымыз жете түсінбей, кеше қосылған сүйіктісімен бүгін ажырасып кетіп жататыны бар. Анам «Қыз баланың серігі – сабыр. Сабырлы болсаң айрандай ұйыған тіршіліктің де негізі өзің бола аласың» деп құлағыма үнемі құйып тәрбиеледі. Өкінішке қарай, анам Марияш осыдан төрт жыл бұрын қайтыс болып кетті. Десе де қиналған, жаным жүдеген кездерімде анамның көзі тірісінде айтқан ақылы менің жаныма демеу болатынын ешкімнен жасырмаймын. Оның үстіне Тоқтар алған жарын бағалай алатын жігіт қой. Бәлкім, жар таңдауда жолым болған шығар. Оның бойындағы жақсы қасиеттерді санамалайтын болсам, саусағым жетпейді. Адалдығы мен кішіпейілдігі, қарапайымдылығы мен қазақылығы өзіме ерекше ұнайды. Тоқтар өзін ғана ойлайтын жан болса, мен сахнада бұлай жарқырап жүрмес едім ғой. Менің халықтың алдына шығып, осылай жүруімнің өзі Тоқтар екеуміздің бір-бірімізге деген түсіністік пен сыйластықтың арқасы. Егер Тоқтар «Сен өнеріңді таста, үйге ие бол, балаға қара» десе, мен одан асып қайда барамын.

– Кейде күйеуге тимегенімде өнерім бұдан да биікке самғар еді деген ойға берілмейсіз бе?

– Жоқ, ондай ойдан құдай сақтасын. Мен осы өміріме, осы тіршілігіме ризамын.

– Тоқтар журналистерге берген бір сұхбатында сенің мінезіңнің өзінің анасының мінезіне қатты ұқсайтынын айтыпты…

– Иә, қарап отырсам, енем екеуміздің өте көп мінезіміз ұқсайды екен. Бәлкім, қазақ «келін қайын ененің топырағынан жаралады» деп тегін айтпайтын болар. Енем екеуміздің тез ашуланып, тез сабамызға түсетініміз, тіпті шыдамсыздығымызға дейін тартып кеткен ғой. Бірақ екеуміз де ешкімге кек сақтамаймыз. Енем сондай ақылды адам. Менің ол кісіден үйренгенім өте көп. Енем мені келініндей емес, өзінің қызындай жақсы көреді. Дегенмен көбіне-көп мен өзімді-өзім тәрбиелеуге тырысамын. Ешқандай адам баласымен ренжіскім келмейді. Кіммен болсын сіз-біз десіп сыйласып, қас-қабағына қарап тұрғанға не жетсін.

– Қайынсіңлілеріңмен арадағы қарым-қатынасыңыз қандай? Оларды «Сырғалым», «Еркежан» деп ат қойып, еркелетесіз бе?

– Тоқтардың туған қарындастары жоқ. Бірақ ағалары мен әпкелерінің қыздары мені «жеңге» деп сыйлап, жанымнан шықпай жүреді. Үй шаруасына үлгермей жатсам, жүгіріп келіп қол ұшын созатын да солар. Оларды мен де бауырыма тартамын. Мейірімімді, жақсылығымды аямауға тырысамын. Қазақ «ағасы бардың жағасы, інісі бардың тынысы бар» деп әсте тегін айтпаған ғой.

Құрақ құраған әйелдің жан дүниесі де әдемі болады


– Біз Тоқтардың туысшыл, ағайыншыл жан екенін білеміз. Үйлеріңізден қонақ та арылмайтынын естіп-біліп жатамыз. Кейде сізге қонақ күту қиын тимей ме? Кісі аяғы басылмаған сәттерде ренжіп, қабақ шытатын кездеріңіз болмай ма?

– Жоқ, өз басым қонақжаймын. Өйткені, мен бесіктен бастап анамның тәрбиесін көріп, ақылын тыңдап өскен қызбын. Менің анам да өте қонақжай адам болатын. Қонақты қалай күтіп, қалай шығарып салу керектігін сол анамның жанында жүріп, жастайымнан көріп өстім. Сондықтан да болар қонақ күту маған аса жат нәрсе емес. Қазақ болғаннан кейін өзіміз де қонақсыз бір күн отыра алмаймыз. Рас, Тоқтар екеуміздің шаңырағымыздан үнемі қонақ үзілмейді. Ешкім келмей қалса өзіміз де елегізіп, «бүгін ешкім келмеді ғой» деп қонақты іздеп отырамыз. Үйге қонақтың келгенінен ешкімнің де ырысы кеміп қалмайды ғой. Қонақтың өз несібесі бар. Қолыңда бар болса, беріп, ел танығанға ештеңе де жетпейді.

– Қандай тағамды дәмді әзірлейсіз?

– Барлық тамақты өзімше дәмді әзірлеймін деп айта аламын. Не әзірлесең де шын ниетіңмен істесең, одан артық дәмді ас жоқ.

– Сіздің құрақ көрпе құрайтын өнеріңіз де бар екен?

– Құрақ көрпе құрағанның өз ләззаты бар ғой. Құрақ көрпе құрау да – үлкен өнер. Кейде құрақ құрайтын қолы ісмер әйелдердің жан дүниесі сондай таза, әсем, ой-өрісі кең бе деп ойлаймын. Өйткені, құрақ құрап отырып, ойлануға-толғануға көп мүмкіндік бар ғой. Құрақ сені ең бастысы шыдамдылыққа, төзімділікке баулиды екен. Өкінішке қарай қазір құрақ көрпе құрап отыратын көп уақытым жоқ. Кезінде босанып, баламен үйде отырған кезде құрақ көрпені көп құрадым. Содан кейін ораза тұтқан кезде осы қолөнер түрімен айналысамын.

– Құрақ құрайтын болғандықтан, сіз өзіңіздің сахналық киімдеріңізді де тігіп алатын боларсыз?

– Жоқ, әзірге өз киімімді өзім тігіп алатын деңгейге жеткен жоқпын. Әр кезде әрқалай. Кейде тігіншіге тапсырыс беріп, арнайы тіктіремін, ал кейде сатып аламын. Бірақ соңғы кездері сатып алатын болып жүрмін. Өйткені, тігіншіге тіктіру біраз уақытыңды алады екен.

Әнді бірге таңдаймыз


– Әнді қалай таңдайсыздар?

– Әнді бірге таңдаймыз. Міндетті түрде бір-бірімізбен ақылдасып, кеңесеміз. Бір таңғаларлығы, маған ұнаған ән Тоқтарға, Тоқтарға ұнаған ән маған бірден ұнап жатады. Бәлкім, талғамымыз бір шығар.

– Үйде ақшаны кім ұстайды?

– Ақша мәселесінде бізде сен ұста, мен ұста деген әңгіме жоқ. Бірге жаратамыз. Бірдеңе ұнаса, ақылдасып сатып аламыз.

– Бала тәрбиесі жайында не айтар едіңіз?

– Ұл баланы негізінде әкесі тәрбиелеген жөн деп ойлаймын. Өйткені, ұл баланың аты қашан да ұл бала ғой. Ұл баланы қанша жерден анасы тәрбиелегенмен, дәл әкесіндей ешкім тәрбиелей алмайды деп ойлаймын. Ер балаға ананың аялы алақанымен бірге, әкенің қаталдау мінезі де керек екені даусыз.

– Отбасында кімнің көп кешірімшіл болғаны жөн?

– Әрине, әйелдің кешірімшіл болғаны абзал. Өйткені, сенің затың әйел. Жұмсақ болмасаң, жанұяңнан жылылық қашады. Жалпы, бақытты болу әр әйелдің өзінің қолында ғой. Бақытты әр адам өзі жасайды. Ол үшін сабырлы, ақылды, кешірімді болу керек деймін.

– Өскеменге жиі келесіздер ме?

– Әрі өткен, бері өткен сайын Өскеменге соғып кетеміз. Мұнда біздің жолдастарымыз да, туған-туыстарымыз да жетеді. Қазақ «бармасаң, келмесең, жат боласың» демей ме? Оның үстіне Өскемен соңғы кездері ерекше жайнап, жасарып келе жатыр. Жаңадан салынған мешіттің өзі мұндағы жұртшылықтың өміріне үлкен өзгеріс әкелгендей. Енді өскемендіктер жаппай мұсылмандыққа бет бұрса деген тілегіміз бар.

Өмірдерек

Бейбіт СЕЙДУАЛИЕВА Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, «Бірлесу-Еңбек» ауылында дүниеге келген. М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген. Б.Сейдуалиеваның өнерде бағындырған биіктері көп. Бейбіт – «Жамбыл жұлдыздары», «Жаңа ғасырға – жаңа ән», «Жас қанат», «Алтын-Самұрық» байқауларының лауреаты. Халықаралық Шәмші Қалдаяқов атындағы конкурстың дипломанты.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button