«Дидардың» қонағы

Бердібек БИЯРОВ, филология ғылымдарының кандидаты: – Латынға көшсек, тілдік тазалықты сақтаймыз

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай латын графикасына көшіруге дайындық жұмысын осы бастан қолға алу қажет» деп атап көрсеткені белгілі. Осыған орай елімізде екіұдай пікір айтушылар бар. Біреулер «көшуге болмайды» деп ерін бауырына алып туласа, біреулер «біз үшін тиімді жол» деп қолдап жатыр. Біз осы ретте түркітанушы, жер-су аттарын зерттеуші, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияровпен ой бөліскен едік.

Бердібек БИЯРОВ, филология ғылымдарының кандидаты: – Латынға көшсек, тілдік тазалықты сақтаймыз

Алауыздық тудырған –
алдыңғы толқын


– Бүгінде латын әліпбиіне көшу туралы зиялы қауым өкілдері қарама-қайшы пікірде. Мысалы, Мұхтар Шаханов бастаған ақын-жазушылар «бұл науқан қазақ қоғамын екі топқа бөледі» деген ойда. Сіз не айтасыз?

– Қарсы болып отырғандардың көбі – егде тартқан ақын-жазушылар. Себебі айқын: олардың шығармаларының барлығы кириллицамен жазылған. Шынын айтқанда, оларды алаңдатып отырған мәселе қоғамның екіге бөлінгені емес, сол шығармалары оқылмай қалады-ау деген қорқыныш. Бірақ жақсы шығармалардың латыншаға аударылу мәселесі қарастырылған. Қабдеш Жұмәділовтің тілімен айтсақ, «оқылатын шығарма қай тілде де оқылады, оқылмайтын шығарма ешқашан оқылмайды». Ал қоғамның екіге бөлінбейтін себебі, арнаулы мамандар жүйелі жұмыс істеп, үлкен-кішінің барлығын оқытатын болады.

– Латын әліпбиіне көшу туралы шешім дер кезінде қабылданды деп ойлайсыз ба?

– Біздің ел «әліпбиді ауыстырамыз ба? Ауыстырсақ, қайсысын таңдап аламыз? Әліпбиді ауыстырған соң, оның нәтижесі қалай болады?» деген сауалдарға жауап іздегелі 20 жылдың жүзі болды. Атап айтқанда, бұл мәселе мынадай бес кезеңге бөлінеді. Біріншіден, кеңестік дәуір аяқталып, Тәуелсіздік әлі бекімей тұрған өліара шақта (1985-1990 жылдары) ескі араб әліпбиінің А.Байтұрсынұлы өзгерткен нұсқасы – төте жазуға көшуге деген құштарлық басым болды. Халықаралық «Шалқар» газеті шығып, төте жазу кейбір мектептерде оқытыла бастады. Бұл алғашқы да кенет оянған патриоттық сезімнің әсері мен Алашорда қайраткерлеріне деген құрметтің негізінде туындаған болатын. Бірақ ол кезде елдің ішкі, сыртқы жағдайы әліпби ауыстыруға дайын емес еді.

Екіншіден, қазақ халқының арғы тектері болып саналатын сақ, ғұн, түркі, қыпшақтар қолданған көне түркі руна жазуына көшу абзал болады деген көзқарас та белең алған-ды. Олардың уәжі: руна жазуы – ең алғашқы төл жазуымыз, қазақ дыбыстарын дәл таңбалайды, басқа әліпбилердің барлығы жат тілдерге арналып жасалған және сырттан таңылған болатын. Шынында да көне түркі әліпбиінің біздің дыбыстау жүйемізге сәйкес келетіні рас, бірақ, оның тым көнелігінен қорғанамыз. Кезінде тілімізге мүлде жат көне ұйғыр (манихей) және араб жазулары оның жолын кеспегенде, көне түркі әліпбиі біздің дәуірімізге дейін жетуі мүмкін еді. Әлемде көне түркі әліпбиіне тең келетін басқа бір әліпби әзірге жоқ.

Үшіншіден, бір топты «реформашылар» деп шартты түрде атауға болады. Олар қазіргі қолданыстағы орыс (кириллица) жазуына ішінара өзгерістер енгізіп, кірме әріптерді алып тастап, одан әрі пайдалана беру керек деген пікір ұстанады. Негізінен олар «көп қаражат кетпейді және ғасырға жуық жинақталған әдеби, мәдени құндылықтарымыз сақталып қалады» деген уәждерді келтіреді. Олардың дені еңбектерінің барлығына жуығы славян әліпбиімен жазылған ғалымдар мен ақын-жазушылардан тұрады.

Төртіншіден, шағын бір топты «құрама көзқарастар» деп атаған дұрыс, өйткені, олар қазіргі әліпбиімізді ауыстырып қажеті жоқ десе, енді біреулері мүлде тың таңбалар ойлап шығарғысы келді немесе араб+латын, латын+кирилл жазуларын араластыру арқылы қоспа әліпби жасауды көздеді. Бұл әрине, жұмысты күрделендіргеннен басқа ештеңе бермейді.

Бесіншіден, 1990 жылдардан бері Түркияның ықпалымен латын жазуына көшу керек дегендердің саны артып, арабшылардың екпінін бәсеңдетті.

Меже мезгілінен бұрын орындала ма?


– Өткен тарихымызға үңілсек, бұдан бұрын да бірнеше рет әліпби ауыстырыппыз…

– Біз түркі халықтарының құрамында жүріп, бес рет әліпби ауыстырдық. Олар: көне түркі, көне ұйғыр, араб, латын, кириллица. Қазақ халқы революциядан кейін енді сауатын ашып жатқан кезде екі рет әліпби ауыстырды. Айталық, 1929-1939 жылдары латынға көшсек, 1940 жылдардан бастап орыс жазуына көштік.

– Демек бізде тәжірибе бар ғой?

– Ол өте бір қиын кезең болғаны белгілі. Соның өзінде біз екі әліпби ауыстырып үлгердік. Кириллицаға бірден көшіруден қорыққан Мәскеу бізді ең әуелі латынға көшірген. Біз оған өте жылдам көштік. Жалпы қазақ халқы өте зерек халық қой.

– Сіз «Әліпби ауыстыру қажетсіз» дейтіндерге қандай уәж айтар едіңіз?

– Біріншіден, ең әуелі техника талабы. Екіншіден, кириллицада басы артық 13 әріп бар. Ол әріптер Кеңес Одағының тұсында орыс тілін дәл беру үшін кіргізілген. Ал ендігі құрылатын әліпбиге тек қазақ тіліне қажетті әріптерді ғана алу көзделініп отыр. Мақсат – осы арқылы тілдік тазалығымызды сақтау. Шынын айтқанда, орыс жазуының қолдану аясы өте тар. Қазір одан бас тартып отырған тек біз ғана емеспіз, басқа елдер де ойлана бастады. Тіпті, Моңғолияның өзі «Моңғол бітік жазуы» атты көне ұйғыр жазуына көшіп жатыр.

– Латынға көшуде ең алғашқы жұмысты неден бастау керек?

– Ең әуелі теңдесі жоқ әліпби жасап шығу керек және оның еш міні болмауы шарт. Егер жасалған әліпби күрделі болса, онда ауыстырудың қажеті жоқ. Ол тез жазып, тез үйренуге ыңғайлы болуы керек, әрі біздің тілдік фонетикамызды, әуенімізді дәл беретін болуы ләзім. Содан кейін барып, оны ақпарат құралдарында жариялау, оқулықтарды ауыстыру сияқты жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан әліпбиді тыңғылықты таңдамай тұрып, басқа бір қадам жасау асығыстық болады.

– Қазірдің өзінде латын әліпбиінің жаңа нұсқаларын ұсынып жатқандар бар ғой?

– Жаңа латын әліпбиінің бірнеше нұсқасы ұсынылғанмен, қазақ дыбыстарын дәл таңбалайтын ортақ бір әліпби жасалған жоқ болатын. Өткен жылдың қараша айында Стамбулда бас қосқан түркі елдерінің тілші, әдебиетші ғалымдары Түркия әліпбиіне негізделген, 34 әріптен тұратын, барлық түркі тілдеріне ортақ жаңа әліпбидің нұсқасын қабылдады. Содан көп ұзамай жиынға барып келген Ә.Жүнісбек, Ш.Ыбырай, Ш.Құрманбайұлы сынды профессорлар Астана қаласында «Халықаралық кеңістіктегі қазақ графикасы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. Оған облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың бастығы А.Шаймарданов екеуіміз қатысып қайттық. Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы мәселеге қатысты өз тұжырымын жеткізді. Сөйтіп, «Қай әліпбиді таңдаймыз?» деген мәселе өзінен-өзі шешілді. Қазіргі кезде жаңа әліпбидің әртүрлі нұсқаларын А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының мамандары қарастырып жатыр.

– Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ осы мәселеге байланысты «2025 жылға дейін көшіп болу керек» деген меже жасады. Мүмкін бұл жоспарды мерзімінен бұрын орындайтын шығармыз?

– Ол ең әрі кетсе деген меже. Астанада өткен конференцияда профессор Шәкір Ыбыраев «2017 жылға дейін көшіп болсақ, «EXPO – 2017-ні» осы жазумен қарсы алсақ» деген ұсыныс айтқан. Біз «көшеміз» немесе «көшпейміз» деген пікірталаспен уақыт өткізбеуіміз керек. Ол мәселені Елбасы шешіп қойды. Біз енді «Қалай көшеміз?» деген мәселемен айналысуымыз қажет.

Қазақ әріптерінің қадірі қашпаса болғаны


– Латын әліпбиіне көшу барысында өзіңізді алаңдататын тұстар бар ма?

– Латын әліпбиінің алаңдататын тұстары: онда әріп аздау, 26 әріп қана бар. Ал біздің тілімізде 28-29 дыбыс бар. Оның ішінде тоғызы дауысты, 19-ы дауыссыз дыбыс. Ал латын жазуы 26 әріпті нақты белгілеп береді. Қазақ халқына тән «ң», «ғ», «қ» сынды 9 әріпті қосымша белгілеу керек болады. Осы жағынан аздап қорқыныш бар.

– Сіздіңше, бұл әліпби қолданыстағы емлемізге әсер ете ме?

– Әліпбиді таңдап алу бар да, орфографияның фонетикалық ұстанымын аламыз ба, әлде, морфологиялық ұстанымын аламыз ба деген таңдау тағы бар. «Айтылу бойынша жазамыз ба, әлде, сөздің түбір қалпын сақтап жазамыз ба?» деген таңдау – әліпби таңдаудан да маңызды нәрсе. Бұларды да жұмыс тобы ескеруі керек деп ойлаймын. Морфологиялық жазудың өз қағидалары бар. Біз осыған дейін морфологиялық қағида бойынша түбірін сақтап жазып келгенбіз. Ал кейбір елдерде қалай айтылса, солай жазып келген. Бұл фонетикалық қағида деп аталады. Біз соңғысын таңдасақ құба-құп болар еді.

– Латынға көшеміз деп уақыт ұттырып алмаймыз ба?

– Өте орынды сұрақ. Біз қазақ сауатын енді ашып жатқан кезеңдегі латын мен орыс жазуына көшкен кезеңді профессор Қорабаев «қазақтың рухани даму жағынан тоқыраған кезеңі» деп атаған болатын. Өйткені, халық сауатын жаңа ғана ашып жатқан кезде екі әліпби ауыстыру ауыр болған. Бізде де сәл шегініс болуы мүмкін, бірақ, әлемдік үрдістен шеттеп қалмаймыз. Өйткені, қазір халық сауатты, еліміздің экономикасы салмақты.

– Сонда Қазақстандағы 100-ден астам ұлт пен ұлыс жаңа әліпбидің төңірегіне топтасады деп сеніммен айтуға негіз бола ма?

– Олар да көшуі керек. Бір мемлекетте тұрып, бір заңның аясында өмір сүріп жатқан соң олардың бөлектенуі жөн болмас. Бізден бұрын көшкен елдердің бәрінде солай істелген. Олардағы ешқандай ұлт өкілдері қарсы болмаған.

– Қазір көптеген республикалық басылымдар латын әліпбиінің жаңа нұсқаларын көрсетуде. Шығыстағы ғалымдар атынан қандай үлгі ұсынар едіңіз?

– Қазір ғалымдар ұсынған көптеген нұсқалар бар. Бірақ олар әлі соңғы нұсқасын белгілеп болған жоқ. Сондықтан, әлі белгісіз дүниелерді ақпарат құралдарына жариялап, халықты шатастырудың қажеті жоқ. Мәселен, жоғарыдағы ғалымдар алып келген 34 таңбалы әліпби тілші-маман ретінде маған ұнаған жоқ. Ол Түркияның жазуына негізделгендіктен, қазаққа тән дыбыстар таңбасының үстіне ноқаттар, аяғына салпыншақтар қосып жазуға тура келеді. Менің ойымша, әйтеуір латынға көшеді екенбіз, компьютердің пернетақтасында тұрған 26 таңбалық классикалық латын әріптерін таңдап алу керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –
Мұратхан Кенжеханұлы

Осы айдарда

Back to top button