Қоғам

Баспаналы болуыға мүмкіндік сыйлайық

Баспаналы болуыға мүмкіндік сыйлайық


Кәмелет жасына толған балалар интернат үйінен шыққан соң баспана мәселесі туындайтыны белгілі. Тәрбиеленушілердің кәмелетке толғанға дейін жинаған жәрдемақысы баспана алуға жеткіліксіз. Бірнеше жыл бұрын өңірімізде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен «Мейірім» акциясы қолға алынған еді. «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» облыстағы филиалының ұжымы өздері үлгі көрсете отырып, аталған игі шараны жалғастыруға шақырды.

Акция аясында жетім балалар мен ата-ана қарауынсыз қалған балалар өңіріміздегі түрлі мекеме-ұйымдардың қолдауына бекітілген. Осы қолдаудың арқасында тәрбиеленушілердің «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкіндегі» шоттарына демеушілік қаражат түсіп тұрды. Игілікті шараның нәтижесінде балалар үйлерінің түлектері өз пәтерлерінің кілтіне ие болды.

«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» облыстық филиалы өңіріміздегі кәсіпорындар мен ұйымдарды қайырымдылық акциясын әрі қарай жалғастыруға шақырады. Аталмыш банк ұжымының барлық қызметкері өздерінің бір күндік еңбекақысын «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Тимур Кайновтың есепшотына аударды. Сөйтіп, алдағы жылы 18 жасқа толатын Тимур «Үміт» үйінен түлеп ұшқан соң, өз баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік алып отыр.

Баспаналы болуыға мүмкіндік сыйлайық

– Балалар үйінен шыққан соң қайда барамын деген қорқыныш сейілгендей болды. Енді алаңсыз оқып, еңбектенетін боламын. «Өз үйім болса» деген арманыма жақындауға көмектесіп жүрген барлық демеушілерге алғысым шексіз,-дейді Тимур Кайнов.

Тәрбиешілердің айтуынша, анасы қайтыс болғаннан кейін, мүлдем жалғыз қалған Тимур балалар үйіне 10 жасында келген. Балалар үйінде шығармашылық қарым-қабілетін дамыта білген ол бүгінде дизайн, көркемсурет өнерімен айналысып жүр. Болашақта сәулет факультетіне түскісі келеді.

«Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалы өңіріміздегі балалар үйлеріне киімдер мен ойыншықтар, басқа да қажеттіліктерін әперіп, тұрақты түрде демеушілік көмек көрсетіп отырған бірден-бір ұжым екендігін айтып өткен жөн. – Мұндай қайырымдылық шаралары қағаз жүзінде қалмауы тиіс. Балалар үйінің түлектеріне ең алдымен әлеуметтік ортаға бейімделу, адами қарым-қатынас, жан-жақты қолдау керек. Оң нәтижеге жетіп, баспаналы болғанша, көмекті тұрақты, жүйелі түрде көрсеткен жөн. Өңіріміздегі кәсіпорындарды осы қайырымдылық шарасында белсенділік танытуға шақырамын. Үлкен ұжымдар үшін бұл азын-аулақ қаражат болса, балалар үшін өз үйінде өмір сүруге үміт сыйлайтын зор мүмкіндік,-дейді «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» облыстық филиалының директоры Нұрлан Күзембаев.

Облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік-патронаттық қолдауды 1800-ден астам ірі, орта және шағын бизнес кәсіпорындары, бюджеттік ұйымдар, екінші деңгейлі банктер көрсетті.

Тұрғын үй алу үшін балалардың есепшоттарына патронаттық кәсіпорындардан 271 млн. теңгеден астам қаражат аударылған.
Кешенді жоспар аясында соңғы бес жылда 585 бала тұрғын үймен қамтылды.

Мәселен, биыл балалар үйінің түлегі Ғалия Сүлейменова облыстық статистика департаментінің қолдауымен өзінің бір бөлмелі тұрғын үйіне қол жеткізді. Сонымен қатар №8 балалар үйінің түлектері Айдана Оразова Семей қалалық салық басқармасының, Тимур Сәрсенбин №4 мектеп-интернат ұжымының және Мария Экштейн Семей қалалық білім бөлімінің қолдауымен баспаналы болды. «Мейірім» акциясына қатысқан ірі патронаттық ұйымдар қатарында «Казцинк» ЖШС, «ҮМЗ» АҚ, «Қазақстан теміржолы» АҚ ҰК филиалы, «Ұлттық ядролық орталық» РМК, «Өскемен арматура зауыты» АҚ, «БИПЭК АВТО» ЖШС және тағы басқаларын мақтанышпен айтуға болады.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button