БілімПрезидент тапсырмасы

Барлығы цифрлық жүйеге жүктелуде

Мұғалім мен оқушыға оңтайлы жағдай жасау мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Жай ғана жағдай жасап қана қоймай, оны уақыт өткен сайын оңтайландырып отыру да уақыт талабы. Осыны ескерген ел үкіметі білім беру саласының көптеген мүмкіндерін цифрлық жүйеге жүктеуде.

Мектеп оқушыларына барлық жағдайды жасау –мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мектеп формасын барлық оқушыға барынша қолжетімді ету аса маңызды. Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажет деп санаймын. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн», – деген болатын.

Президент тапсырмасы негізінде жұмыс атқарып жатқан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жуықта «Ашық сағат алаңы» шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп аз қамтылған отбасыларға қаржылық және материалдық көмек көрсету қағидалары бойынша цифрлық платформаны енгізу мәселелерін талқылады.

– Қазіргі уақытта «Әлеуметтік әмиян» платформасы арқылы ата-аналарға белгілі бір дүкендерде мектеп формасын сатып алуға кепілхат беру мәселесі қарастырылуда. Сондай-ақ отандық тауар өндірушілерге мектеп формасын сату үшін жеңілдікті шарттармен сауда нүктелері ұсынылғаны жөн. Осыған байланысты отандық тауар өндірушілердің тізілімін қалыптастыру қажет, басты талаптардың бірі – ұлттық стандарттарға сәйкес өнім өндірісін анықтау, – деді Индустриялық даму комитетінің төрағасы Ілияс Оспанов.

Бұны оқушылар үшін жасалып жатқан оңтайлы қадам деуге болады. Цифрлық технология тетігі негізінде жүзеге асатын жоба бюджет қаражатын нысаналы мақсат бойынша жұмсауға негіз болмақ. Сондай-ақ отандық өндіріс жұмысының ілгерілеуіне ықпал ететін болады. Министрлік пилоттық жобаны алдымен Астана қаласында, артынша еліміздің барлық өңірінде енгізуді жоспарлаған.

Сонымен қатар ендігі кезекте қай мектепте бос орын бар екен деп әрбіреуіне барудың қажеті шамалы болады. Өйткені мектептегі бос орын туралы хабарлама арнайы платформаға орналастырылады. Оның алдағы желтоқсан айында жүзеге асатыны туралы Білім министрлігі мәлімдеді.

– Проблемаларды жүйелі шешу үшін орталықтандырылған цифрлық платформа ашылады. Ол желтоқсан айында іске қосылады. Ол үшін жүргізіліп жатқан даярлық жұмыстарын аяқтауға жақын қалдық. Яғни енді барлық мектеп жұмысқа алу үшін осы платформа арқылы бос орындарды көрсетіп, барлық рәсімді ашық, айқын жүргізіп, тиісті шешім шығаруға мүмкіндік алады, – дейді оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов.

Осылайша барлығы цифрлық жүйеге жүктеліп, жұмысты жеңілдетуге, уақытты үнемдеуге мүмкіндік жасалып отыр.

Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button