«Дидардың» қонағы

Бари АЛИБАСОВ, «На-На» тобының жетекшісі: – Сол кезде ағылшын тілінде ән айтуым сатқындық болып саналды

Белгілі продюсер, Ресей шоу-бизнесінде өзіндік орны бар жерлесіміз, әкесі қазақ екенін мойындаса да, «туған тілім – орыс тілі» деп санайтын Бари Алибасовпен сапарымыз бір болып, сұхбатпен жол қысқартқан едік. Әңгіме барысында оның шынайы мінезі, адамдық болмысы ашылғандай болды.

Бари АЛИБАСОВ, «На-На» тобының жетекшісі: – Сол кезде ағылшын тілінде ән айтуым сатқындық болып саналды

Өскеменнен қудаланып кеттім


– Бірі кино саласында төңкеріс жасаған, бірі Ресей футболының бойына қан жүгірткен Тимур Бекмамбетов пен Құрбан Бердиевтің Қазақстаннан қалай, не себепті кеткені туралы өз ауыздарынан естімесек те, ұзынқұлақтан хабарымыз бар. Ал сіздің Ресейге қоныс аударуыңызға не түрткі болды?

– Мен ол кісіге өмірімнің соңына дейін алғыс айтып өтем. Облыстық мәдениет басқармасының сол кездегі бастығы Оралбек Малдыбаев жайында айтып отырмын. Менің ағылшын тілінде ән айтуым ол қоғам үшін сатқындық болып саналатын. Әлі есімде, ол кісінің маған: «Алибасов, мен сенің Өскеменде қалмауың үшін бәрін жасаймын» деп ант бергені бар. Сөзінде тұрып, мені қаладан қуып жіберді ғой ақыры. Ол кезде Жамбыл саябағында би кештері өтетін. Сол кештерде американдық әндерді шырқаймыз келіп. Ал саябаққа қарсы үйде обкомның бірінші хатшысы Протозанов тұратын. Біздің даңғырымыздан әбден құлағы сарсыған болуы керек. Солайша Өскеменнен қудаланып, кете бардым. Ақыры «Интеграл» тобының барлық мүшесімен Ресейге тартып тұрдық. Өйткені, бәрібір дұрыс жұмыс істетпейтін еді. Айтпақшы, бұл жерден кетуімізге бір журналист әйел де ықпал жасаған. Ол қазіргі Риддер қаласына іссапармен кетіп бара жатып, Өскеменге соға кетпек болыпты да, біздің кешімізге кездейсоқ тап болыпты. Ол ән айтып біткен соң біздің қасымызға келіп:

– Жігіттер, бүкіл одақта сендердің өнерлеріңе тең келетін дүние жоқ. Тез арада Мәскеуге жетіңдер. Әлі-ақ танымал жұлдыздарға айналатындарың анық, – деп қамшылады. Солайша Мәскеудің қақ ортасынан бірақ шықтық.

Кейін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мені арнайы қабылдап: «Сіз біздегі тұтас бір министрлік жасай алмай отырған дүниені өзіңіз жалғыз жүріп-ақ атқардыңыз» деп, баға берген жолы Өскеменде концерт бердім. Сол кезде Оралбек Малдыбаевты сахнаға шақырып, концертімді сол кісіге ашқыздым. Ол кісі болмаса мен әлі күнге дейін Өскеменнің бір мейрамханасында гитара шертіп жүрер ме едім. Ол менің жұлдызды өміріме жолдама берді. Сол жолы оны сахнаға шақырып тұрып та осы сөзді айтқанмын.

– Балауса махаббаттарыңыздың ішінде қазақ қыздары болды ма?

– Өкінішке қарай, мен туып-өскен Шар қаласында да, есейген шағымда мекенім болған Өскеменде де қазақ баласы өте-мөте сирек кездесетін. Мен 1965 жылы оқумен қатар зауытта жұмыс істедім. Сол кезде жалғыз қазақ жігітінің металлург болып жүргені есімде. Бәрі соған «Бұл қайдан жүр?» деп таңырқай қарайтын. Сондықтан қазақ қызына ғашық болуым мүмкін емес еді.

Менің әкем – қазақ


– Сізді білетіндер «Алибасовтың бойында қазақтың сарқыншағы бар» дейтін көрінеді. Осы сөз қаншалықты шындыққа жанасады?

– Қазақтың сарқыншағы ғана бар емес, мен жартылай қазақпын. Өйткені, менің әкем – қазақ. Қазақ болғанда да Хакасияның нағыз қазағы еді ғой. Ал шешем татар болатын. Менен ұлтым жайында сұрайтындарға «чуркамын» деп жауап берем. Сіз кемсітіп тұр деп ойламаңыз. Білместер әп-әдемі «түрік» сөзін осылай бұрмалап алған ғой. Көп жұрт сол «чурка» деп айдар таққан халықтан қандай адамдар шыққанын кейін келе түсініп жатыр ғой.

– «Кейін келе түсініп жатыр» демекші, Ресейдің бүлікшіл жастары бастап, қалғандары қостап, Абайды жаппай оқи бастағанын қазір БАҚ атаулы жарыса айтуда. Сіз бұл жайында не ойлайсыз?

– Менің ойымша, Ресей жастары Абай түгілі, Пушкиннің кім екенін білмейді. Тіпті, соларды сын тезіне алып отырған менің өзім Абайды оқып көрмеппін. Білетінім, ол – Шекспир, Пушкин сынды әдебиет алыптарымен қатар тұрған тұлға. Менің ойымша, олар Абайдың ескерткішінің алдында кездейсоқ жиналып қалған.

– Сонда сіздің ойыңызша, БАҚ түймедейді түйедей қылып көрсетуде ме?

– Дәл солай. Біздікілер де, сіздікілер де солай істеуде. Қазір адамдарды ақшадан басқа ештеңе қызықтырмайды. Оларға Абайдың кім болғаны, көрші елдің Президенті не істеп жатқаны қажет емес. Ал БАҚ оны керісінше, әспеттеп көрсетеді. Ресейде өз елінің Президентін білмейтіндерді көптеп кездестіруге болады. Оны қойып, нақты өзіңді мысалға алайық. Бір шетіңде айдаһардай ысылдап, бір жарым миллиард халқы бар, алып көршің жатыр. Сол көршіңнің Президентінің атын атап берші маған…

– Ху Цзин Тао ғой.

– Жарайды, тауып кеттің. Сен оны жұмысыңа, нәпақаңды табатын тірлігіңе керек болғасын біліп отырсың. Ал жалпылай алғанда халыққа рухани байлығыңның құны бес тиын. Мысалы, Мәскеуде жаңағы Президентті білмек түгіл, айтуға тілдері келмейтініне кепіл бола алам. Америкада да сондай жағдай. Абай да қазақтан басқа ешкімге керек емес…

Астана жайында жаңа ән шығармақпыз


– Қазақстандық өнер майталмандарының ішінде кімдермен тығыз байланыстасыз?

– Соңғы кезде Төлеген Мұхаметжановпен білек айқастыра жұмыс істеудеміз. Оның бір тамаша әнін жарыққа шығармақпыз. Сөзі – Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТІКІ. Керемет жазылған. Енді «Мой город» деп аталатын сол әнге әрлеу жұмыстарын жасау үшін Төлеген Мұхаметжановты Мәскеуге шақырып отырмыз. Ән Төлегеннің жүрек қалауымен, сазгерлік талғамымен орындалғанын, әрленгенін қалаймын. Ал сөзі ешқандай өзгертуді талап етпейді. Ұлы далада бой көтерген ұлы қала туралы ұлы шығарма.

– Анаңызды Ресейге қанша шақырғаныңызбен Мәскеуде тұрудан бас тартқанын айтып отырсыз. Мұны анаңыздың Қазақстанды шексіз сүйгені деп білеміз бе?

– Ол «Қазақстанымнан, Шар қаласынан ешқайда кетпеймін. Әкеңнің мүрдесін жалғыз тастап, қайда барады деп отырсың?» дейтін еді. Тіпті, денсаулығы қатты нашарлап кеткесін Өскеменге күшпен әкелдік қой. Кейін ұлымыз екеуміз пәтер сатып әперіп, соны жөндеп бердік. Өскеменде оның екі пәтері болды. Соңғы демі шыққанша коммунистік көзқарасынан бас тартпай, «құдай жоқ» деп өтті ғой. Жағдайы тым нашарлап кеткесін «Апа, кәрі қойдың жасынан да аз ғұмырың қалды. Бәлкім, райыңнан қайтқан шығарсың, сені қалай жерлейік?» деп сыр суыртпақтап көрдім. Сонда ол: «Құдай өзін керек еткен адамдар үшін бар шығар, мені коммунист ретінде қойыңдар» деп еді.

– Қазақстаннан Ресейге барғандардың бірлігі қалай? Қауымдастық құрып көрмедіңіздер ме?

– Қазақ деген бір-бірінен саяқ жүріп, күн кешкенді қолай көретін халық еді ғой. Алдында малы, сол малды аш қалдырмас жері болса, болғаны. Осы бір қасиет қазақтың жерінен пана тапқан өзге ұлттарға да жұқса керек. Мәскеуде де, бас қалада да ондай қауымдастық барын естімеппін. Қарасаңыз, армяндар, еврейлер топтасып, бірге әрекет етеді. Тіпті, Поволжье немістерінің өз қауымдастығы барын естігем. Ал қазақтар олай емес. Әрегідік бірігу жайында ойлар айтылып, ұсыныстар қылаң беріп қалған кездер болған. Бірақ соның бірі де іске аспады. Елшілікпен байланыстары жақсы болса да, дәл еврейлер мен татарлардай бірлік жоқ бізде.

– Сіз қазақ тілін жақсы біледі деп естідік. Рас па?

– Қазақша «жақсы» деген сөзді ғана білем. Әке-шешеміз таңнан кешке дейін жұмыста жүретін. Ал біз көшеде өстік. Бірге ойнайтын бірде-бір қазақ баласы болмады. Оқуда да сондай жағдай болғанын алдында айттым.

– Ендеше, орыс тілінен басқа қай тілдерді білесіз?

– Орыс тілінен басқа ешбір тілді білмеймін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button