Денсаулық сақтау

Бала сүю бақыты кімге бұйырады?

Бала сүю бақыты кімге бұйырады?


Біз осы сауалдың жауабын іздеп, Өскемен қалалық №2 емханасының акушер-гинекологы Айзада Ерланқызына барған едік.Қызметке кіріскеніне бір жыл ғана болса да, жас маманның қыз-келіншектер денсаулығына, репродуктивті жағдайына қатысты айтар ойлары аз емес екен. Дәрігердің пациенттері арасында желкілдеп өсіп келе жатқан жеткіншектерден бастап, сексеннің сеңгіріне шыққан қариялар да бар.

Репродуктологтар жеке клиникада ғана бар

Акушер-гинекологтың ақпаратына сүйенсек, әйелдердің денсаулығында ең жиі кездесетін кінәраттар: жыныс мүшесінің қабынуы, жатыр мойнының патологиясы және бедеулік.

Әсіресе бедеулік проблемасы өте өткір тұр. Егер келіншек 35 жасқа дейін жоқ дегенде бір жыл бойы жүктіліктен сақтанбай, жыныстық қатынаста болып, бала көтере алмаса, ол бедеулік деп саналады. Ал 35 жастан асқандарда бұл уақыт жарты жылдан аспайды.Өйткені әйелдегі ұрықтың қоры жас ұлғайған сайын азая береді.

-Бала көтере алмай жүрген келіншектерді бірден жеке клиникаларға жолдаймын. Өйткені 35 жастан асқандардың бала сүю бақытына ие болу мүмкіндігі уақыт өткен сайын төмендей береді.Бедеуліктің себептерін тезірек анықтап, тиісті ем-дом тағайындау керек. Бұл ретте жеке клиникалардың пациенттерді тексеріп-зерттеу спектрі,жабдықталуы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияларға қарағанда әлдеқайда кең.Онда репродуктолог маман қабылдайды, барлық гормондарға талдау жасап береді. Жатыр түтікшелерінің жағдайын анықтайды. Бедеуліктің емі ретінде гормондарды қалпына келтіру, не болмаса басқадай репродуктивті технология қолданылуы мүмкін, – дейді акушер-гинеколог.

Айзада Ерланқызының учаскесінде қазір 90-ға жуық жүкті әйел есепте тұр. Олардың арасында күрделілері де кездеседі. Мысалы, жас кезінде беломыртқасынан алған зақымның зардабын әлі тартып жүрген бір пациент бар.Кесер тілігімен босанғандар мен қан қысымы жоғары науқастар да жоқ емес.

–Менде қазір қатерлі ісікке шалдыққан жүкті келіншек есепте тұр. Тұрмыс құрған, бар болғаны он тоғыз жаста. Сүйек саркомасымен ауырады. Жамбас сүйектері толықтай протезбен алмастырылған. Бала тапқысы келсе, біз осындай ауыр дертке шалдыққан әйелге де шектеу қоя алмаймыз. Қазір жүктілік мерзімі 27 апта, әзірге денсаулығы сыр бере қойған жоқ, ары қарай қатаң бақылауда ұстаймыз, – дедіАйзада Нұржанова.

Жас маманның тәжірибесінде адам сенгісіз мынандай да бір оқиға болыпты. Балалары бар, қырықтан асқан келіншек «өмірге енді бала әкелмеймін» депшешіпті. Бұрын да бірнеше рет кездейсоқ көтеріп қалып, жасанды түсіктің көмегіне жүгініп жүрген әйел енді жатыр түтікшелерін мүлде стерилизациялап тастауды ұйғарады. Ота жасату арқылы бұл ойын жүзеге асырады. Алайда құдіретті көрмейсіз бе, ота жасатқаннан кейін бір жылдан соң әлгі келіншек тағы да бала көтеріп қалыпты.

Бала сүю бақыты кімге бұйырады?

Ерте жыныстық толысуқауіпті

Жалпы, мектеп жасындағы оқушылардың жыныстық мәдениетінің төмен екендігіжасырын емес. Оның үстіне қазіргі күні қыздардың жыныстық толысулары ерте басталады. Әселен, Айзада Ерланқызының учаскесінде етеккірі сегіз жаста келген үш қыз тіркеліпті.

Жыныстық ерте толысудың бірден-бір себебі – балаларда кездесетін алғашқы гипотиреоз.Былайша атсақ, қалқанша безі гормондарды жеткілікті түрде бөлмейді. Соның кесірінен ағзада гормондардың жетіспеушілігі туындап, жыныстық толысу ерте байқалады.Қазіргі балалардың көпшілігі етжеңді болып келуі де осы гормондардың жетіспеушілігінен екен.

-Мүмкін болса, ерте жыныстық толысудың алдын алу керек. Сондықтан аналар қыз балалардың денсаулығына аса мән беріп, олармен сырласуды, ағзасында болатын физиологиялық өзгерістер туралы ескертіп отырғаны жөн, – деген акушер-гинеколог медицинада жыныстық дамуды тоқтататын дәрі-дәрмек бар екенін еске салды. Оны қыздарға етеккірі келмей тұрып қолдану қажет.

Бала сүю бақыты кімге бұйырады?

-Алайда менде тіркеуде тұрған қыздардың ата-аналары ондай емнен бас тартты. Бірақ дәрігер ретінде жыныстық ерте толысубұғанағы қатпаған жас қыздардың ағзасына кері әсерін тигізетінін ескертуім керек. Өйткені олардың сүйектері өсуін тоқтатады да, бойлары тапал болып қалуы ықтимал. Басқа да жанама әсерлері бар, – дейді дәрігер.

Қариялар да қалыспай тұр

Акушер-гинекологтың учаскесіндегі денсаулығына ерекшекүтіммен қарайтын пациенттер жетпіс пен сексеннен асқан қариялар десек, өтірік емес. Олар тек емдеу-сауықтыру орындарына жолдама алу үшін ғана келмейді екен. Құлақтары қашан да түрік жүретін әжелер емханадағы тегін тексерулерден де қалмайды.

-Менің қарамағымда 79-дан асқан, 82-ге келген әжелер де бар. Қатерлі ісіктің алдын алу шаралары туралы естісе де, алда-жалда таныстарының бірі жаман дерттен көз жұмса да, дереу қабылдауыма келеді. Осындай пациенттерге риза боласың, – деген Айзада Ерланқызы жастардың керісіншеөз денсаулығына немқұрайлы қарайтынына ренішін білдірді.

Гормонофобия

Маманның айтуына қарағанда, жас келіншектердің дені жүктіліктен сақтану жолдарын көп сақтай бермейді. Содан кейін жасанды түсікке жүгініп жатады.

– Жастардың бәрі гормондардан қорқады. Сондықтан жүктіліктен сақтану дәрілерін ішуден бас тартады. Дәрігердің айтқанын құлаққа ілмейді олар. «Бір досым айтты, бұл дәріден семіріп кетуім мүмкін» дейді. Бірақ жүктілікті жасанды түсікпен үзгеннен кейін, қайта бала көтермей қалуы мүмкін екенін ескермейді. Бұл жағынан жастарымыз өте сауатсыз, – деп шағынды маман.

Сондай-ақакушер-гинеколог пациенттеріне ақпарат алудың жаңа технологияларын да үйретіп қойыпты. Оның айтуынша, жүктіліктен сақтайтын контрацептивтерді қазір ұялы телефонға көшірілген арнайы қосымша арқылы да таңдауға болады. Оған өзінің денсаулығына қатысты мәліметтерді енгізсе болғаны, ағзасына ең тиімді түрін автоматты түрде іріктеп береді. Сонымен қатар етеккірдің циклын есептейтін бағдарлама да бар. Егер циклда ауытқушылық болса, бағдарлама негізгі нұсқаулықтарды өзі ұсынады. Дәрігердің қабылдауына келетін қыз-келіншектердің көпшілігі осы қосымшаларды пайдаланып жүр.

– Жыныстық қатынасқа жауапкершілікпен қарап, жүктілікті жоспарлаған дұрыс. Оғаналдын ала дайындық керек. Бала көтеруді жоспарламас бұрын, ағзаны гормондарға, қандағы микроэлементтердің құрамына толық тексеріп алған жөн. Қажет болса кальций, Д3 дәруменін ішу керек. Жасырын жыныстық жұқпаларға міндетті түрде талдау жасаған дұрыс. Алдын ала жоспарланған жүктілік қана нәресте мен болашақ ананың денсаулығына кепілдік бере алады, – деп түйіндеді сөзін Айзада Нұржанова.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button