Қоғам

\”Қазақстан балаларын\” таныстырды

"Қазақстан балаларын" таныстырды


Өскеменде елімізде тұңғыш рет жарияланып отырған «Қазақстан балалары» атты статистикалық жинақтың тұсаукесері болып өтті. Еліміздегі 18 жасқа дейінгі балалар туралы мейлінше толық мәлімет беретін бірегей дерек көзін Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті еліміздегі Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп шығарған. Жинақ тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Орынханов және БҰҰ Балалар қорының өкілі Жанар Сағымбаева қатысты.

– Бұл жинақта еліміздегі, оның ішінде Шығыс өңіріндегі балалардың жағдайы мен әл-ауқат деңгейі, білімі мен бос уақыты, әлеуметтік қорғалуы, жасөспірімдердің хал-ахуалы, жастардың жұмыспен қамтылуы және басқа да көптеген маңызды ақпараттар қамтылған. Өңірімізде балаларды қорғау, демографиялық көрсеткішті арттыру, жас ұрпаққа сапалы білім беруді дамытуда көптеген жұмыстар жүргізілуде. Ана мен бала өлімі көрсеткішін азайту мақсатында облыс басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен ана мен баланы қорғауға бағытталған арнайы бағдарлама әзірленуде. Балабақша, мектептер мен колледждерге ұдайы қолдау көрсетіліп келеді. Балалардың қосымша білім алуына, шығармашылық және спорттық қарым-қабілеттерін нығайту арқылы бос уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндігінше жағдай жасалып отыр. Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің керемет жетістіктерін өңірімізден 29 мың бала барып тамашалап қайтты. Облыс әкімінің арнайы бағдарламасымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балаларына елу пайыздық жеңілдік берілсе, жетім балалардың аталмыш көрмеге тегін баруына мүмкіндік жасалды. Бүлдіршіндердің балабақшамен қамтылуы 98 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орында тұр,-деді облыс әкімінің орынбасары Әсем НүсіповаБекқызы.

Соңғы деректер бойынша республика халқының 5,5 миллионын балалар құраса, оның 53 пайызы қалада тұрады.

БҰҰ Балалар қорының өкілі Жанар Сағымбаеваның айтуынша, жинақтағы мәліметтер сызбалар мен кестелердің көмегімен көрнекі етіп берілген. Сол арқылы көрсеткіштердің өзгерісін еліміздің өзге өңірлері немесе халықаралық көрсеткіштермен салыстыра отырып оңай бақылауға болады. Жылнаманы дайындауға еліміздегі балалардың жағдайын сипаттайтын көрсеткіштерді жүйелеу жөніндегі жұмыс тобының құрамына мүше халықаралық және ұлттық ЮНИСЕФ сарапшылары, мүдделі мемлекеттік органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан.

– Бір жылдан астам уақытқа созылған қыруар жұмыстың басты жетістігі – еліміздің барлық өңірінде тұратын 17 жасқа дейінгі аралығындағы балалардың жағдайы туралы әртүрлі көрсеткіштерді бір жүйеге келтіру болды. Өндірістік шаһар болғандықтан және өңірдегі өзге де экологиялық факторларға байланысты болар балалар арасындағы аурушаңдық көрсеткіші жоғарырақ, -деді балалардың қоғамның ерекше қолдауғаа мұқтаж екендігін атап өткен Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Орынханов. Жиын барысында «Қазақстан балалары» жылнамасынан бөлек, елімізде осымен үшінші рет жүргізілген көп көрсеткішті кластерлік зерттеудің (MICS) нәтижелері де ұсынылды.

Жинақ мәліметтеріне сүйенсек, өңіріміздегі балалар саны 350 мың, ол республикамыздағы жалпы халық санының 6,4 пайызын құрайды. Бала туу көрсеткіші өсіп келеді. Дегенмен, оның жалпы коэффициенті небәрі 16,37 пайыз. Соңғы бес жыл ішінде кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны 691-ден 321-ге дейін азайды. Соған қарамастан Шығыс өңірі кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс бойынша Қостанай облысынан кейінгі екінші орында тұр. Шығысқазақстандық балалардың шамамен тоғыз пайызында артық салмақ болса, жеті пайыздан астамының бойы жасына сай емес. Талқылау барысында болашақ ана денсаулығы жайында кеңірек ақпараттандыру қажеттілігіне ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, өкінішке қарай, облыста жасанды түсік жасату көрсеткіші 31,7 пайызды құрап, еліміз бойынша Ақмола облысынан кейінгі екінші орында тұр.

Кездесу барысында балаларды әлеуметтік қорғау туралы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің қамқоршылық, қорғаншылық және халықаралық бала асырап алу басқармасының бас сарапшысы Дариға Елубаева, өңіріміздегі денсаулық сақтау және салауатты өмір салты жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Айжан Комшабаева, балалар арасындағы қылмыс жайында облыстық ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы Татьяна Плотникова кеңінен тоқталып өтті.

Айжанат Бақытқызы

Осы айдарда

Back to top button