Денсаулық сақтау

Қазақ шипагерлігі лайықты бағасын алған жоқ

Қазақ шипагерлігі лайықты бағасын алған жоқ


Қоғамда халық емшілігіне деген көзқарас бақсы-балгер, көріпкел, одан қалды ұшықтау деңгейінен аса алмай отыр. Қазақта медицинаның болған-болмағаны жайында да білетініміз аз. Ал анығында халық емшілігі осы заманғы медицина қалыптасқанға дейін сан ғасыр бойы ұлтымыздың өсіп-өнуіне ықпалын тигізіп келді. Осы уақытқа дейін өткен мәдениетімізде зерттелмеген, тарихы жазылмаған саланың бірі – осы қазақ шипагерлігі, дейді кейіпкеріміз Қабидолла Қобықбайұлы.

Дәстүр үзілмесе екен дейді

Әлемдік өркениеттегі медицинаның дамуын Гиппократ, Ибн-Синалармен байланыстырып, шығыс пен батыс ғалымдарының еңбектерін алға тартсақ та, әр халық өзінің дәстүрлі емшілігін шама-шарқынша дамытып, сақтап отырған. Олардың қатарында қазақтың дәстүрлі емшілігі де бар. Осы орайда халық шипагерлігінің сабақтастығын үзбей, жалғап келе жатқан халық емшілерінің еңбегін атап өтпеске болмас. Сондай жандардың бірі – қазақ емшілігін жалғастырушы, профессор, аға дәрігер Қабидолла Қобықбайұлы.

Қабидолла ақсақал 1936 жылы Алтай аймағының Ноғайты жерінде дүниеге келген екен. Мектепті үздік бітіргеннен кейін, Үрімжі қаласының медицина техникумында білім алады. Сол жерде қытайдың дәстүрлі емдеу тәсілдерімен қатар, заманауи медицина ғылымдарымен сусындайды. Техникум қабырғасында алған білімін оқу бітірген соң, Алтай аумағының Буыршын ауданында халықты емдеу ісінде пайдаланды. Қазақтың халық емшілігін кеңестік жүйе кезінде дамытуға мүмкіндік болмағанын білеміз. Өз жерімізде ғылыми тұрғыдан зерттелмеген мұрамызды Қытайдағы қандастарымыз дамытуға күш салыпты. 1980 жылдары Қытайдағы қазақ қандастарымыз ұлттық медицинаны зерттеп, халық арасынан жинақтап, ғылыми түрде айналымға түсуіне шындап кіріскен.

-1988 жылы Қытай үкіметінің қолдауымен Алтайдағы қазақ басшылары қазақ медицинасын дамытып, тәжірибелік тұрғыдан қолданысқа енгізу үшін Алтай қаласында мемлекеттік денсаулық сақтау министрлігінің бекітуімен «Алтай аймақтық қазақ емханасы» құрылды. Сол емхананың «қазақ емшілігін зерттеу» бөліміне тағайындалып, халқымыздың емшілік теориясын дамытуыма мүмкіндік туды,-дейді ақсақал.

Осы емханада қызмет еткен он жылдан астам уақыт аралығында ол қазақ емшілігіне қатысты 11 кітап жазып, ұлттық шипагерлігіміздің алты тұғыр теориясының: «кеңістік», «тұрақ», «ыстық», «суық», «жарық», «қараңғы» сынды негіздерінің тұрақтануына үлкен күш салды. «Қазақ емшілігіндегі науқасты анықтау сауаты», «Қазақ емшілігінде ұдайы қолданылатын дәрілер» атты еңбектері жарық көрген соң, Қытай елінде жүріп құрметті профессор атағына ие болды. Оташылықты зерттеуде де ақсақалдың еңбегі ерен. Қазақ оташылығы осыған дейін де дамып, халық арасында пайдаланылып, сақталып келді. Кем сүйектің орнына ботаның, тауешкінің сүйегін қосып таңып, қатарға қосқан, қисық сүйекті жібітіп, қайта таңған сынықшылар ел ішінде әлі күнге дейін бар. Десек те, қазақта оташылық өнер болғанымен, бар жұмыс қол арқылы істелетін, құралдар пайдаланылмайтын. Сынықшылардың жұмысын жеңілдететін әрі науқастың жылдамырақ оңалуына септігін тигізетін қажетті құрал-жабдықтарды ойлап тауып, оны өз қолымен жасаған Қабеңнің еңбегі еш кеткен жоқ. Қытай елінде мойындалып, жабдықтарға патент берілген.

Кабидолла емші сан ғасыр бойы қазақ сахарасында ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырған қазақ шипагерлігінің ілімі үзілмеуін мақсат еткен. Тарихи отанына оралған соң, зейнет жасына қарамастан, мұнда халықтық медицинаның орталығын ашты. Сол орталықта осы күнге дейін халықты шөп дәрілермен, инемен емдеуді жалғастырып келеді.

– Тарбағатай мен Катонқарағайдың тауларында емдік шөптер мол өседі. Табан астындағы шөптің емдік қасиетін біреу білсе, біреу білмейді. Бертінге дейін тау-тасты аралып, сол шөптерді өзім жинап келдім.Кейіннен ұлыма үйреттім. Осында өсетін 60-тан астам емдік шөпті шипагерлік мақсатта пайдаланамын,-дейді шипагер.

Қабидолла ақсақалдың айтуынша, шипагерлік орталық 2009 жылы лицензия алып, заңды түрде тіркеуден өткен. Орталықта инемен емдеуге арнап жабдықталған бөлмелер, шөптерге булауға салуға (фитобочка) арналған бөшкелер, өзі жасаған әрі патенттелген ток және қол саймандарымен укалау құралдары дертіне шипа іздеп келген жандардың игілігі үшін қызмет етуде.

Қытай да медицинамызды мойындаған

Қазақ емшілігі Қытай елін мекендеген қазақтар арасында кеңінен таралып, осы күнге дейін емдік мақсатта пайдаланылып келеді. Қабидолла ақсақалдың айтуынша, Алтай техникумында 2010 жылдан, Үрімжідегі Шыңжаң медицина университетінде 2011 жылдан бас¬тап қазақ халық емшілігі бөлімінде студенттер білім алуда. Осы оқу орындарының ашылуына атсалысқан адамдардың бірі – Қабидолла ақсақал қазақ шипагерлік ілімінің қазақ жерінде де жандауын қалайды. Ол елімізде сан мәрте өткізілген қазақ емшілерінің құрылтайына шақырылып, мінберлерден салауатты Қазақстанның түп тамыры халықтық емшілікте екендігін қайталаудан жалыққан емес.

– Қазақта медицина да, оның теориясы да болған. Бар да. Одан әріге бармай-ақ, Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянын» мысалға алсақ та болады. Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алынатын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілердің атауын, 500-ге тарта анатомиялық атауларды келтірген. Осыдан-ақ бұл еңбектің тарихи-этнографиялық маңызының зор екендігін байқауға болады,-деп ақсақал қазақ емшілігінің тарихына тоқталды.

Қазақ шипагерлігі лайықты бағасын алған жоқ

Өтейбойдақ 15 ғасырда Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген. Ғалым «Шипагерлік баян» кітабын Жәнібек ханның тапсыруы бойынша 70 жасында жаза бастап, хан дүние салған 1473 жылы, 85 жасында кітапты жазып бітіргені жөнінде деректер бар.

– Аталмыш кітап осы уақытқа дейін ғалымның Қытай елінде тұратын ұрпақтарының қолында сақталып келді. Кітаптың тозып, бүлінбеуі үшін оны жаңалап көшіріп отыру ұрпақтарға аманатталған екен. Сондықтан құнды жәдігер талай ғасырлардан өтіп, қолымызға жетіп отыр. 1968 жылы «Шипагерлік баянды» Өтейбойдақтың отыз бірінші ұрпағы Нұртай Түменбайұлы көшірді. Қытай елі кітаптың құндылығын бағалап, оған 1997 жылы «Мемлекеттегі бірінші кітап» сыйлығымен марапаттады,-дейді ақсақал.

Шипагер-ғалым Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» атты еңбегі орталық ұлттар баспасынан басылып шықты. Сонымен алғашында қазақ халық емшілігі болып басталған жұмыс осы істің басы-қасында жүрген Қабидолла сынды азаматтардың еңбегінің нәтижесінде 2000 жылдары Қытай Халық Республикасы үкіметінің ресми қаулысымен Қазақ медицинасы болып тіркеліп, алғаш рет ғылым ретінде мойындалды.

Шешек вакцинасын ағылшындардан бұрын тапқан

«Шипагерлік баян» жазбаларындағы деректерге қарағанда Өтейбойдақ шешек аурының емін сонау XV ғасырда-ақ тапқан. Кітаптағы тәсіл бойынша, баланың шешек іріңін алып, тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң, тілінген жер жұдырықтай болып томпаяды. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек ауруымен ауыр¬ған баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сы¬зып қойса дерттің беті қайтып, бұл ауру екінші мәрте сол адамға жұқпайды.

Қазақ шипагерлігі лайықты бағасын алған жоқ

Медицина ғылымы вакцинаны ойлап шығарған ағылшын шипагері Эдуард Женнер деп таниды. Ол 1796 жылы тұңғыш рет шешекке қарсы вакцина егіп, шешек бір шыққан адамға шықпайтынын дәлелдеген екен.

– Шипагер бабамыз Өтей¬бойдақ Тілеуқабылұлы шешекке қар-сы егу тәсілін Эдуард Женнерден 350 жыл бұрын тапқан. Егу тәсілі жөнінде бес ғасырдан аса уақыт бұрын емдік жүйеге енгізгені шипагердің ең¬бегінде жазылған,-дейді ақсақал.

Сондай-ақ, Өтейбойдақ жеті атаға толмай үйленбеу, жөн-жөнсіз сүйіспеу және неке тазалығын сақтау туралы ұсыныс айтып, ол хан жарғысының шығуына ықпал етті. Тұқымымыздың таза, денінің сау болуының сыры осында болса керек. «Шипагерлік баян» әлі де зерттеуді, ғылымиландыруды қажет етеді. Осыған мемлекетіміз көңіл бөлсе деген арманы бар ақсақалдың.

Қабидолла Қобықбайұлы – қазақ шипагерлігінің нағыз жанашыры. Сонау шипагерлік баяннан бастау алған өзінің білгендерін, жылдар бойы қолданып келген емдік тәсілдерін үйретуді өзіне жүктелген аманат деп біледі. Аманатқа қиянат жасамау үшін жасы сексеннің сеңгіріне шықса да, қолынан бір тал инесімен, бір уыс шөбін тастаған емес.

Лаура Тілеубайқызы

Осы айдарда

Back to top button