Тағзым

Айтайын жарапазан есігіңе…

Жыл он екі айдың ең қадірлісі Рамазан айы басталысымен  кейде ауылды жерде үй-үйді аралап, жарапазан айтып жүрген балаларды көріп қаламыз. Жалпы, жарапазан деген не? Жарапазан айту дәстүрі қайдан шыққан? Ол басқа халықтарда бар ма? Осы орайда облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафттық музей қорығында «Жарапазан айту –ұлттық дәстүр» атты шара өтті.

 Музейдің аға ғылыми қызметкері А.Кенжина шараға қатысушыларды жарапазанның тарихымен таныстырды. Жарапазан – қазақ даласына ислам дінінің келуімен пайда болған тұрмыс-салт жырларының бірі. Оны кейбір өңірдің халқы жарамазан деп те айтады. Арабтың «Жә Рамазан» деген сөзінен шыққан тіркестің мағынасы «Рамазан келді» дегенді білдірсе керек. Бұл туралы ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынов «Жарапазан – Рамазан деген сөзден шыққан, ораза уақытында балалар, бозбалалар түнде үйдің тысында тұрып, жарапазан өлеңін айтады. Ораза ұстаған адамдар сауап болады деп жарапазан айтқандарға құрт, май, ірімшік, бір шаршы шүберек, басқа сол сияқты нәрселер береді. Жарапазанды кәсіп етіп, ораза уақытында ел аралап, күндіз жүріп айтатын үлкен адамдар болады. Жарапазанды екі адам болып жүріп айтады. Бірі жарапазан айтқанда, екіншісі қостаушы болады» деп жазыпты. Еліміздің кейбір жерінде жарапазанды оразаның алғашқы үш күнінде, ортаңғы үш күнінде және соңғы үш күнінде ауызашар уақыты кіргеннен бастап айтса, кейбір өңірлерде бұл салт жойылып кеткен екен.

Аталған шарада «Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшелері жастарға жарапазанды қалай айтатынын үйретіп, тарихынан сыр шертті.

– Баяғыда ауылда бала кезімізде жарапазанды жиі айтатын едік. Үйдің иесі балалардың жарапазан айтқалы тұрғанын бірден біліп қоятын. Табақ-табақ құрт май, ірімшік, бауырсағын үйден алып шығып, қоржынымызға салып беруші еді. Жарапазан айтқанда оның әуенін ұмытпау керек. Кезінде жарапазанды кешкі ауыз ашқаннан таңғы сәресіне дейін айтатын адамдар болды, – дейді «Ақ ниет» ансамблінің мүшесі Гүлсара Камалиева апай.   Ал Раиса Жакубаева апамыз қазір қалалы жерде осынау керемет дәстүрдің ұмытылып бара жатқанына қынжылыс білдірді.  Ол жарапазанды  жаңғырту керек екенін айтады.

– Көпқабатты үйдің сыртынан жарапазан айта алмайтын болғандықтан, биыл мен жарапазанды телефонмен айттым. Топтағылар риза болып қалды, – дейді апамыз.

Ал Өскемендегі Білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Қапас Тайыр жарапазан айтқан адамды ең алғаш саябақтан көргенін айтады. Бата берген қарияны да сол жолы көріпті.

– Қазақтың дәстүрі ғажап екен ғой. Жақсы дәстүр ұмытылмауы тиіс. Қазір мен бата жаттап жүрмін, –  дейді ол.

Жарапазан айту дәстүрі  тек қазақ халқында емес, Орта Азиядағы ислам дінін ұстанатын мұсылман мемлекеттерінде де бар. Мысалы, Ташкентте оразаның алғашқы күні 8-12 жастағы қыздар мен ер балалар үй-үйді аралап, рамазан өлеңін айтса, түркімендерде 12 жасқа толмаған балалар айтып, түрлі тәттілер алады екен.

Мейрам Екпін   

Осы айдарда

Back to top button