Ауыл шаруашылығы

Аягөздіктер қала тұрғындарын қарық қылып қайтты

Облыс орталығында әр сенбі сайын өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін бұл жолы аягөздіктер жалғастырды. Игі дәстүрге айналған жәрмеңкеге жиналғандардың қарасы осы жолы да көп болды.

Аягөздіктер қала тұрғындарын қарық қылып қайттыӨйткені, мұндағыдай арзан ауыл шаруашылығы өнімдерін ешқайдан таппайтынын қала тұрғындары әбден жақсы біліп алған. Әсіресе, жәрмеңкеге үлкен кісілердің көп келетінін де байқадық. Енді ше, апта сайын өтетін бұл жәрмеңкелерде сатылатын өнімнің бағасы дүкен мен базардағыдан әлдеқайда төмен. Мысалы, бұл жерден қой мен сиыр етінің келісін небәрі 950 теңгеден сатып алуға болады. Ал қырыққабат – 90 теңге, картоп – 140 теңге ғана тұрады.

– Мен жәрмеңкеге апта сайын келуді әдетке айналдырып алдым. Алғашында қажетті азық-түлікті көптен сатып алып, ауыр сөмкені үйге әзер көтеріп баратын едім. Қазір бір аптаға қажетті тамағымды ғана аламын. Содан кейін келесі сенбі тағы да жәрмеңкеге келемін. Үстелімнің үстінде қашан да жаңа піскен өнімдер тұрады, – дейді зейнеткер Лидия Токарева.

Аягөздіктер қала тұрғындарын ет және көкөніс өнімдерімен ғана қуантқан жоқ. Жәрмеңкеде ара шаруашылығы өнімдері де төмен бағамен саудаланды. Сонымен қатар, сүт өнімдерін, оның ішінде құрт пен ірімшік, сары май мен қымызды да жәрмеңкеге келген жұрт талап алып жатты.

Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген шеберлердің қолөнер бұйымдарын қызықтаушылардың қатары да мол болды. Ұлттық ою-өрнекпен нақышталған бұйымдарды тамашалаған кезде нағыз таланттардың ауылды жерде екеніне көзіңіз жете түсетіндей.

Аягөз ауданының мәдени күндерінің кешкі бағдарламасы да өте қызықты болды. Қала тұрғындары мен қонақтары аягөздік өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалау үшін «Үлбі» мәдениет үйіне жиналды. Сахнада аудан мен облыс көлемінде танымал өнер адамдары ғана емес, атағы алысқа кеткен жұлдыздар да өз өнерін көрсетті. Олардың арасында республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Ерлан Рысқали, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзовтер де бар.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button