Әдебиет

Ауыл кітапханасы үздік атанды

Әр өңірдегі мәдени ошақтардың ұрпақ тәрбиесі мен біліміне, ұлттың рухани жаңғыруына қосып жатқан үлесі зор. Мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің еңбектері мен жемісті жұмыстарын бағалау мақсатында дәстүрлі түрде өтетін «Рухани қазына-2021» фестиваліне қатысқан кітапханашылар жеңіспен оралды.

Жуықта Көкшетау қаласында мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің IV республикалық «Рухани қазына-2021» фестивалі байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Рухани шараға еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мәдениет қызметкерлерінің қатарында жерлестеріміз де болып қайтты. Еліміздің әр өңіріндегі кітапханалармен қатар өздерінің жемісті жұмысын көрсеткен Глубокое ауданының Бобровка ауылдық кітапханасы байқау қорытындысы бойынша «Үздік ауылдық маңызы бар кітапхана» деп танылып, 1 миллион теңгелік сертификат және дипломмен марапатталды.

Жалпы, фестивальдің мақсаты үздік қызметкерлерді марапаттаумен қатар, өзара ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасуға бағытталған.

– Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Өзімізге және жұмысымызға қатысты көп дүниені көріп, үйреніп қайттық, – дейді Бобровка ауылдық кітапханасының кітапханашысы Наталья Аксененко.

Сонымен қатар облысымыздағы өзге кітапханалар мен кітапханашылар да фестивальға қатысып, бірнеше номинация бойынша марапатталып қайтты. Нақтырақ айтқанда, шығысқазақстандық кітапханашылар төрт номинация бойынша жеңіске жетіп, 500 мың теңге сертификаттарын иеленді. А.Пушкин атындағы облыстық кітапхана «Балалар мен жасөспірімдерді оқуға тарту бойынша үздік инновациялық жобасымен» марапатталса, облыстық Абай атындағы әмбебап кітапхана «Қазақстанның ұлттық электронды кітапханасын толықтыруға және дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығына ие болды. Ал облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы «Кітап оқу мен кітапты жылжыту жөніндегі үздік медиажоба» номинациясы бойынша марапатталды.

– Жыл өткен сайын ауыл, аудан, қаладағы мəдениет ошақтарының қызметін жандандыруға бағытталған байқау кеңінен танылып келеді. Биылғы фестиваль да әдеттегідей мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілді. Фестивальға қатысу арқылы көптеген идеялар алып, тәжірибе жинап қайттық, –  дейді облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері Эльмира Шағыраева.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button