Қоғам

Ауызсу құбыры бәріне бірдей жетпей тұр

Ауызсу құбыры бәріне бірдей жетпей тұр


Зайсан ауданында сәтті жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Ақбұлақ». «Ақбұлақтың» арқасында шалғайдағы көптеген ауыл таза ауызсумен қамтамасыз етіліп, қаншама тұрғын қуанышқа кенелуде. Аудандағы сондай ауылдардың бірі – Қаратал. Мұнда биыл 524 үй таза ауызсумен қамтылмақ.

Осы ауылдың тұрғыны, аудандық мәслихаттың депутаты Қабиолда Сайрановтың айтуынша, кеңестік заманда бұл ауылда су құбыры болған. Ауылдың әр жеріндегі колонкалардан таза ауызсуы ағып тұратын. Бірақ ол заман келмеске кеткен соң, бәрі ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіпті. Содан ауыл тұрғындары үйінің есігінің алдынан қазып алған құдықтағы суға қарап қалған екен. Қараталға су құбырын тарту мәселесі талай мінберде айтылғанымен, ұзақ уақыт бойы нәтиже болмапты. Ауылға Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов келгенде, жұрт арыз-арманын айтқан. Соның шапағаты тиді ме, міне, биыл ауылды сумен қамтамасыз етуге қомақты қаржы бөлініп, құбыр тарту жұмысын зайсандық «СМУ Шығыс» мекемесінің жұмысшылары қарқынды жүргізіп жатыр. Учаске бастығы Оралхан Бадиков жұмыстың сәуірде басталғанын айтады.

– Смета бойынша жобаның құны 400 миллион теңге. Бүгінгі күні жұмыстың 70 пайызы атқарылды, – дейді ол. Оның айтуынша, қазіргі күні су құбырын тартумен 50 шақты жұмысшы айналысуда. Олардың арасында көрші ауылдардан да келіп істейтіндер бар. Жалпы құжат бойынша жұмыс желтоқсан айында бітуі тиіс екен. Бірақ «СМУ Шығыс» мекемесі нысанды қазан айының басында тапсыруды жоспарлап отыр.

Десе де бұл жерде мәселе де жоқ емес. Аудандық мәслихаттың депутаты Қ.Сайранов Қаратал ауылындағы жүзден астам үйге су құбыры тартылмай қалғалы тұрғанын жасырмады.

– Бұл ауылда 700-дей үй болса, шамамен соның жүзден астамы ауыз сусыз қалайын деп тұр. Бұл шамамен Шалқар секілді шағын екі ауыл. Тіпті су құбыры тартылып жатқан 524 үйдің арасында да қалып қойғандар бар. Міне, солардың жағдайы қиын болып тұр. Депутат болған соң, маған «неге бізге су тартылмайды?» деп күнде келеді, – дейді ол.

Оның айтуынша, сметалық құжатты жасаған адамдар баяғыда жұмыстан ауысып кетіпті. Енді бұл іске біреуді кінәлау да орынсыз. Ал қалып қойған үйлерге су құбырын тарту үшін тағы да сметалық құжат жасап, қаржы бөлу керек.

– Басым жерге жетіп, қартайған шағымда таза ауызсу ішемін ғой деп үміттеніп едім. Болмайтын болды, – дейді 75 жастағы ауыл тұрғыны Гүлшаһар Қабылбаева мұңайып.

Қалай десек те, бұл мәселе шешімін табуы керек екені сөзсіз. Бірақ қалай? Депутатты да, ауыл тұрғындарын да мазалайтын осы мәселе.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button