Қоғам

Ауылдық округтер дербес бюджетті игеруге дайын

Ауылдық округтер дербес бюджетті игеруге дайын


Ағымдағы жыл басынан бері Шемонайха ауданына 10,2 миллиард теңге инвестиция тартылған. Ал бөлшек сауда тауар айналымының көлемі 9,6 миллиард теңгені құрап отыр. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шемонайха ауданының әкімі Амангелді Тоқтаров мәлім етті.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бағдарламасының 98-ші қадамында ауылдық округтердің деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізуге Шемонайха ауданындағы ауылдық округтер түгелдей дерлік дайын деуге болады.

– Келесі жылдан бастап еліміздегі халық саны екі мыңнан асатын елді мекендер дербес бюджетті игеретін болады. Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылға қарай еліміздің 2 444 әкімшілік аумақтың бірлігіне дербес бюджет енгізу жоспарланған. Соған орай, біздің аудандағы округ әкімдері бұл қадамның жергілікті жердегі мәселелерді шешуге оң әсерін тигізетініне кәміл сеніп отыр. Бүгінде Шемонайхада кәсіпкерлерді қолдау, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, тауарлы-сүт фермаларын салу жұмыстары қолға алынып, экономиканың ілгерілеуіне серпін беретін жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде, – дейді Амангелді Тоқтаров.

Қазір Шемонайха ауданындағы «Камышинское» шаруа қожалығы мен «Рулиха» ЖШС-де тауарлы-сүт фермалары салынуда. Айта кетейік, биыл «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты бойынша 584,7 миллион теңге субсидия бөлінген. Оның ішінде 337,6 миллион теңге мал шаруашылығын дамытуға жұмсалған. Ал қалған қаражат ауыл шаруашылығы саласына бағытталған. Инфрақұрылымға келсек, биыл аудан орталығындағы Крепп, Пролетарская, Астафьев, Строительная, Чкалов сынды көшелердің жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 40,8 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, Красная Шемонайха, Ново-Ильинка, Рулиха ауылдарында су құбыры желілері тартылмақ.

Ағымдағы жылы 551 аудан тұрғыны жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ, 344 адам қоғамдық жұмыстарға тартылып, 254 қосымша жұмыс орны ашылған.

– Биыл бюджеттің барлық секторында іске асырылуы тиіс бағдарламалар ретімен орындалуда. Бүгінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты деңгейге жеткізілуде. Жалпы, Шемонайхада ауыл шаруашылығы саласы экономикадағы негізгі рөлге ие. Ағымдағы жыл басынан бері бұл саладағы жалпы өнім көлемі 8,7 миллиард теңгені құрады. Мұндағы басым үлес мал мен егін шаруашылығына тиесілі. Қазіргі күні Шемонайхада кооперативтер құрылып, оларға мемлекет тарапынан үлкен қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар, биылғы тоғыз айдың есептік көрсеткіші бойынша Шемонайхадағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 32,8 миллиард теңгені құрап отыр, – дейді Амангелді Тоқтаров.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button