Президент тапсырмасы

Ауыл медицинасының ахуалы жақсарады

Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен Денсаулық сақтау министрлігінің алқасында саланың өзекті мәселелері талқыланды. Ведомство басшысы Ажар Ғиният Президенттің халыққа медициналық көмек көрсетудің тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы баяндама жасап, сала алдында тұрған міндеттерді белгіледі. Кеңейтілген алқа отырысына облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гүлмира Сағидуллина да қатысты.

Ажар Ғиниятқызы денсаулық сақтау саласындағы негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштердің оң динамикасына тоқталды.

– Отырыс барысында министр 2022 жылдың он бір айында халықтың жалпы өлімі еліміз бойынша 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға төмендегенін атап өтті. Біздің өңірде де оң динамика бар, мысалы, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіштерінің 18,1 пайызға, қатерлі ісіктен 7 пайызға, тыныс алу органдары ауруларынан 30,7 пайызға төмендеуі байқалады, – деді Гүлмира Сағидуллина.

Денсаулық сақтау министрі өткен жылы ауыл халқы үшін профилактикалық тексерулер енгізілгенін, осы орайда ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын талдауды ескере отырып, тексерулер тізбесі кеңейтіліп, жас санаттары толықтырылғанын еске салды.

Бүгінде облыста ауыл тұрғындарына медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету кезінде науқасқа бағдарланған тәсіл енгізілуде. Пациенттерді қолдау қызметі, жұқпалы емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтануды, салауатты өмір салтын үйрету, қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс механизмі, әмбебап патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер-азаматтар денсаулығын жақсарту, балаларды дамыту кабинеттерінің жобалары және басқа да бағдарламалар қолға алынған.

Ауыл тұрғындарын медициналық қызметтермен қамтуды арттыру үшін облыста барлық қажетті жабдықтармен жарақтандырылған және білікті кадрлармен жасақталған жеті жылжымалы медициналық пункт жұмыс істейді. 2022 жылы «жылжымалы емхана» қызметімен 46 мыңға жуық ауыл тұрғыны қамтылды, оның ішінде алты мыңға жуық бала қаралды. 34 097 диагностикалық және 22 561 зертханалық зерттеу жүргізіліп, бейінді мамандар 45 422 консультация берді.

Жылжымалы медициналық кешен қызметтерін көрсету кезінде үш мыңнан астам науқас анықталды, оның ішінде 288 адам медициналық-санитарлық алғашқы көмек мамандарының динамикалық бақылауына алынды. Пациенттерде ең жиі анықталған аурулар – қант диабеті, глаукома, қан айналымы жүйесінің аурулары және онкология. 298 балада созылмалы аурулар бар екені белгілі болды.

– «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жұмысқа тоқталсам, осы жылы өңірде 36 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын, оның ішінде 27 медициналық пункт, жеті дәрігерлік амбулатория, екі фельдшерлік-акушерлік пункт салу көзделген. Алтай ауданының ауданаралық ауруханасын жаңғырту жүргізілді, – деді басқарма басшысы.

«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды медициналық оңалту жүзеге асуда. Былтыр облыста балаларды тәулік бойы медициналық оңалтумен қамту 31,5 пайызды құрады, жоспар бойынша – 30 пайыз. 14 жасқа дейінгі балалар арасында семіздік деңгейі төмендеп, 82,1 пайызды құрады. Балаларды бір жасқа дейін белсенді бақылаумен және скринингпен қамту артып, оның деңгейі 81,6 пайызды құрады.

Аталған жобаның көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Атап айтқанда, 2022 жылы жүкті әйелдерді жеке және босанғанға дейінгі бақылаумен қамту 84,8 пайызды құрады, жоспар – 81 пайыз. Бұған жүктіліктің 12 аптасына дейінгі әйелдерді есепке алу, оларды терапевттің тексеруі, жүктіліктің бірінші триместрінде пренатальды скринингтен өткізу жатады.

– Біз жүзеге асырған соңғы маңызды жобалардың бірі – Ана мен бала орталығы базасында шарананы қорғау орталығының ұйымдастыруымен тәуекел тобындағы жүкті әйелдерді бақылау және кеңес беру үшін консультативтік-диагностикалық бөлімше ашу. Сондай-ақ Ана мен бала орталығы базасында шарананы қорғау орталығы, «Қамқорлық» балаларды оңалту және ерте араласу орталығы, паллиативтік медицина мектебі іске қосылды. Босандыру ұйымдарын неғұрлым жоғары деңгейге ауыстыру жалғасуда. Атап айтқанда, Катонқарағай аудандық ауруханасы екінші деңгейге ауысты, жақында Зайсан аудандық ауруханасы да осындай мәртебеге ие болады. 2023 жылы Ақжар және Күршім ауылдарындағы аудандық ауруханаларды екінші деңгейге ауыстыру жоспарланған, – деп толықтырды Гүлмира Сағидуллина.

Өңірдегі денсаулық сақтау жүйесінің тағы бір маңызды міндеті – Президенттің сайлауалды тұғырнамасын іске асыру шеңберінде 2023 жылы онкологиялық қызметті кешенді жаңғырту.

Бүгінде облыстың медициналық мекемелерінде 2104 дәрігер және 6404 орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 72 жас маман келіп, оның 63-і Өскеменде тұрақтады. Ауылдық жерлерге келген сегіз дәрігерге 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көтерме қаражат бөлінді, екеуіне тұрғын үй сатып алуға жеңілдікпен несие, бесеуіне қызметтік пәтер берілді.

Биыл кадрлармен қамту, оның ішінде тапшы мамандықтар бойынша мәселелерді шешу жұмыстары жалғасатын болады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button