Президент тапсырмасыТОП

Көпір құрылысының сапасы ерекше назарда

Бұқтырма су қоймасынан өтетін көпірдің құрылысы басталғалы да екі жылдан асты. Президент пәрменімен салынып жатқан төрт ауданды байланыстыратын нысанның стратегиялық және әлеуметтік маңызы зор әрі бұл еліміздегі су үстінен салынған ең ұзын көпір болмақ. Жуырда газет тілшісі құрылыс басына барып қайтты.

Нысан Бұқтырма арнасының ең тар тұсында салынып жатыр. Бұл – Құйған ауылының маңы. Соның өзінде көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады, ал ені 12 метрге жуықтайды. Көпірдің орта шенінде ірі су көліктеріне арналған екі өткел болады. Бұл тұста көпірдің биіктігі 18 метрге жетеді деп жоспарланып отыр. Ені үлкен кемелер еркін қатынай алатындай едәуір кең болмақ. Көпір құрылысы аяқталған соң жолды ретке келтіреді. Оң жағалаудағы 1,3 шақырым, сол жағалаудағы 17,2 шақырым қара жолға асфальт төселеді деп жобаланған.

Дәл қазір құрылыс Құйған жақтағы жағалауда қызып жатыр. Осыған дейін 13 көпір тағаны тартылды, енді сегізі бар. Әрбір тірек-тағанның ұзындығы 40 метрден асады. Құрылысшылар тірек-тағанды орнатып болған соң арматурамен айналдыра тоқиды. Содан кейін ғана бетон құйып бекітеді.

Мұнда екі бірдей бетон зауыты жұмыс істеп тұр. Бірі мың, екіншісі мың жарым текше метр бетон шығаратын қуатқа ие. Қазір жұмыс ауқымына байланысты бір ауысымда 410 текше метр бетон дайындалады. Материалдың беріктігі әуелі зертханада сыналатынын айта кеткен жөн. Зертхана мамандары дайындалып жатқан бетонның бір бөлшегін алып суға салып қояды. Жеті тәулік өткен соң электронды құрылғыда сынап көреді.

– Құрылғы барлық деректі есепке алады. Сынаққа алынған өнімнің беріктігі 70 пайыздан асатын болса, нормативке сай деп танылып, бетон құрылысқа жөнелтіледі, – дейді зертхана басшысы Галина Филипова.

Техникалық бақылаушы Асқар Серікұлының айтуынша, көпір тіректерін орнату – құрылыстың негізгі бөлігі. Бұдан кейінгі жұмыстар әлдеқайда мардымды болмақ.

Құрылыс алаңында тірек-тағандармен қатар көпірдің белтемірі дайындалып жатыр. Сом темір тақталар бір-біріне болтпен бекітіледі. Содан кейін белтемірдің беріктігін арттыру үшін дәнекерлеушілер жұмысқа кіріседі. Дәнекерлеу жұмыстары «көшпелі жабық кабинкаларда жасалады. Ық кабинка жұмыстың сапасын арттыруға көмектеседі», дейді техникалық бақылаушылар.

Құрылысты «ОблысШығысЖол» ЖШС жүргізіп жатқаны белгілі. Құрылыс алаңында 142 тұрақты, 67 жалдамалы жұмысшы екі ауысым бойынша еңбек етуде. Оң жағалауда вахталық кент жабдықталған. Бұған 250 орындық жатақхана, 150 орындық асхана мен монша кіреді. Қыс мезгілінде жұмыс істеуге де жағдай қолайлы деп отыр мамандар.

Жұмысшылардың арасында жергілікті тұрғындар да, алыс-жақын аймақтардан келгендер де бар. Компания басшылығы әсіресе бұрғылау машиналарының машинистері мен алып крандардың жүргізушілерін арнайы алдырған көрінеді.

Мамандар құрылыс жұмыстары осы қарқыннан танбаса, 2024 жылдың соңына қарай аяқталады деп бағамдап отыр. Көпір халық игілігіне берілген соң техникалық көпірді демонтаждау жұмысы тұр.  Бұл шаруаның өзі бір жылға жуық уақытқа созылатын көрінеді, алайда көлік қозғалысына еш кедергі келтірмейді.

Оразай Жеңісұлы

 

Осы айдарда

Back to top button